«Қатып қалдық!» – Бурабайда екі кенттің тұрғындары тоңып отыр
«Қатып қалдық!» – Бурабайда екі кенттің тұрғындары тоңып отыр
©А.Беков
730
оқылды
Бурабай кентінің тұрғындары пәтерлерінде отырып мұздап қалғандарын айтып шағымданды. Олардың айтуынша,  Бурабай ауданына қарасты Бурабай және Оқжетпес кенттерінің тұрғындары алғашқы суық түскен сәттен дірдектеп тоңып отыр. Үйлерінің ішіндегі термометр көрсеткіші 5-15 градустың арасын ғана көрсетеді. Жергілікті шенеуніктер қолданыстағы жылу қазандығындағы технологиялық бұзылудың салдарымен түсіндірмек болды. Дегенмен қыс басталмай жатып қатып жатса, кейін не болмақ деген тұрғындар алаңдап отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Тұрғындар үйлерінде қатты тоңғандықтан, киімдерін шешпестен ұйықтайтындарын айтады. «Біздің пәтерлеріміздегі жағдай адам төзгісіз. Қатты суық. Дәл қазір үйде бар-жоғы 11 градусты көрсетіп тұр. Бәріміз киімшең ұйықтаймыз. Балам небәрі бір жарым жаста ғана. Ішінен қалың пижама, сыртынан қалың костюм мен екі қабат қалың шұлық кигізіп қойдық. Пәтердегі батареялардың жартысы мүлде суық. Біз бәріміз жылу үшін ақысын төлейміз. Ал соңында ешқандай нәтиже жоқ. Дереу шара қабылдауын сұраймыз, – дейді кент тұрғындарының бірі. Тұрғындардың бірі Бурабайдағы орталықтандырылған жылуға қосылған көпқабатты пәтерлердің жаңа нысандардың көбеюіне байланысты болуы мүмкін деп санайтынын жеткізді. «Біздің пәтерлерімізде 5-8, ең көп дегенде 15 градусқа дейін ғана жылынады. Ал тиісті түрде 19 градустан төмен болмау керек. Оқжетпес пен Бурабай кенттері бір қазандыққа қарап отыр. Әрине, бір қазандықтың осынша нысанға қауқары да, қуаты да жетпейді. Пәтерлердің мұздауы Бурабайда көптеген жаңа нысанның іске қосылуы себеп болды деп санаймын, – дейді Бурабай кентінің Қымбат есімді тұрғыны. Бурабай Ауа райының күрт суытуына байланысты Бурабай кентінің Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебінің оқушылары мекеме директорының бұйрығына сәйкес, 29 қарашадан бастап қашықтан оқыту форматына көшкен. Бұл «Бурабай Тазалық» ШЖҚ МКК-дан жылу берудің техникалық бұзылуы себебінен болған. Мектепте сабақ қалыпты температуралық режим қалпына келтірілмегенге дейін болмайды. Бурабай ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің берген мәліметтеріне сенсек, ауа райы температурасының күрт төмендеуінің салдарынан Бурабай кентіндегі орталық жылу қазандығында жаңа қазандық қондырғысын іске қосу жұмыстары жүргізілген. Осыған байланысты қолданыстағы жылу қазандығында технологиялық бұзылу болған. «Қазір жылу қазандығы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жылу беру температурасын арттыру жүргізілуде. Пайдаланушы ұйым тарапынан кенттерді жылумен қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда, – дейді Бурабай аудандық ТҮКШ бөлімінен. Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев Бурабай кентіндегі аталған жағдайға байланысты жұмыс тобын құрып, жылумен қамту қызметі үшін абоненттердің төлемдеріне қайта есептеуді өткізуді тапсырған. «Жұмыс тобына әкімдік қызметкерлері мен төтенше жағдай, СЭС және депутаттар кірді. Біз жұмыс тобы құрамында пәтерлерді аралап, кімде қандай температура екенін анықтап, барлығына актілер толтырамыз. Осыдан кейін пайдаланушы ұйым «Бурабай Тазалық» ШЖҚ МКК-ға біздің тараптан тиісті ұсыныстар беріледі. Сонымен қатар Бурабай кентінде орталық қазандықты екі қазандық агрегаттарын орнату арқылы кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілгенін атап өткім келеді. Жұма күннен бері қазандықтардың бірінің жұмысы реттелді. Дәл осы кезде ауа температурасы да күрт төмендеді. Ал қазандықта реттеу жұмыстары кезінде жылу желілерінде теңгерім бұзылды. Біз реттеуді тоқтатып, енді қолданыстағы қазандықтарда температуралық режимді қалпына келтірудеміз, – деді Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Биданов. Бурабай ауданының әкімдігі кент тұрғындарына жылуды  екі тәулік ішінде қалпына келтіретіндіктерін жеткізді.