TALQYLAU: орамды ойлар мен пайымды пікірлер айтылды
TALQYLAU: орамды ойлар мен пайымды пікірлер айтылды
3,072
оқылды
«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының  TALQYLAU  диалог алаңының кезекті отырысы өтті. Қоғамдық пікір көшбасшылары, үкіметтік емес ұйым белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысқан шарада ҚР президенті сайлауының қорытындысы мен еліміздің алдағы жоспары талқыға түсті. 20 қарашада ҚР президентінің кезектен тыс сайлауы өткені белгілі. Ел үшін маңызды саяси науқанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Президент өзінің сайлауалды тұғырнамасында алдағы 7 жылда атқарылатын бірқатар бастамалары мен жұмыр жоспарын ұсынды. Бағдарламада басымдық тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру мен әділетті қоғам құруға берілген. Диалог алаңында сайлаудың қорытындысы бойынша және Мемлекет басшысының алдағы жоспарлары туралы ойлар ортаға салынды. TALQYLAU Басқосуда алғаш болып сөз алған «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов Президентті ұлықтау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды өркендетуге күш салатынына назар аударғанын жеткізді. – Ауыл – қаймана қазақтың алтын бесігі. Ауыл өркендемей мемлекетіміздің көсегесі көгермейтіні белгілі. Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлы ауылға мән беруі заңды деп ойлаймын. Сонымен қатар Мемлекет басшысы елден заңсыз шығарылған активтерді Қазақстанға қайтару, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған активтерді анықтау және оларды мемлекетке қайтару туралы да бастама көтерді. Бұл бойынша Президент Үкіметке заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Өздеріңізге белгілі, биыл наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу қажет екенін айтқан болатын. Қарашаның басында заңнамалық актілерге тиісті түзетулер енгізілді. Сол өзгерістерге сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдер бұдан былай «AMANAT» партиясының облыстық, қалалық және аудандық филиалдарының төрағасы лауазымын атқармайды, – деді Дауыл Ынтықбайұлы. Диалог алаңында бұдан өзге ҚР президентінің кезектен тыс сайлауы туралы орамды ойлар мен пайымды пікірлер білдірілді. Мәселен, облыстық мәслихаттың депутаты Гулам Умаров Президенттің сайлауалды тұғырнамасында мемлекет пен бизнес мүмкіндігін біріктіре отырып, денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртумен айналысуы керек деген сөзіне кеңінен тоқталды. Жиында сонымен қатар білім және жастар саясатына қатысты Президенттің бастамасы мен іске асатын реформалары туралы да жиналғандардың ой-пікірлері тыңдалды.