Майдангердің жерленген жерін тауып берді
Майдангердің жерленген жерін тауып берді
523
оқылды
«AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалы мен «Атамның аманаты» ерік­тілерден құрылған іздеу­ші­лер тобы Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының тумасы ІІ дүниежүзілік со­ғыста ерлікпен қаза тапқан сарбаз Жақыпбек Биғожиннің жерленген жерін тапты. Марқұмның жерленген жері 78 жылдан бері белгісіз болып келген еді. Осылайша хабарсыз кеткен ағасының жатқан жерін күні бүгінге дейін іздеп, қапа болған майдангер қарындасының сөнуге айналған үміті қайта тұтанып, арманы орындалды. Жақыпбек Биғожин Кеңес әс­керінің сапында алғашқы­лар­дың бірі болып соғысқа ат­танып, сол күйі хабарсыз кеткен. 1944 жы­лы ағасының майдан дала­сын­да қаза болғаны туралы қа­ралы хат келген. Содан бері Кен­жетай апа ағасының қабірін іздеумен жүрген. Өкініштісі, осы уақыт аралығында оның қолына ағасына топырақ бұйырған жер туралы бірде-бір дерек түспепті. Кейуана ағасынан келген сағы­ныш толы хаттар мен құжаттарын көздің қарашығындай сақтап кел­ген. Қазан айында ол «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық фи­лиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп, соғыста қаза бол­ған ағасының жерленген жерін табуға көмек қолын созуды сұ­райды. Арада бір ай уақыт ішін­де партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінің мамандары «Атамның аманаты» еріктілерден құралған іздеу тобымен байланысып, апа­ның тілегін орындады. Қуа­ныш­ты хабарды партиялықтар Кен­жетай апаның үйіне барып жеткізді. Оқ пен оттың ортасынан орал­­­маған ағасына қатысты де­рек­ті өмір бойы іздеген Кенжетай апаның сүйінші хабарды естігенде көңілі орнына түсіп, марқайып қалды.
– Ағамның бейіті табылады де­ген ой болған жоқ. Қазір жүріп-тұрудың өзі қиын. Осында таныс­тарымның бірі «AMANAT» пар­тия­сына бармайсың ба?» деген сө­зіне құлақ асып қоғамдық қа­былдау бөлмесіне өтінішімді жет­кіздім. «Атамның аманаты» іздеу тобына мың да бір рақметімді айтамын. Көңілім орнына түсті. Енді ағамның бейітіне ең болмаса, туған жердің бір уыс топырағын са­лып, білген аятымды оқып қайт­сам деймін. Бірақ оған ден­сау­лық та жібермейді, – дейді разы­лығын білдірген Кенжетай апа.
Кенжетай апаның ағасы мар­құм Жақыпбек Биғожин 1914 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Рузаев ауданына қарасты Фрунзе колхозында туған. 1939 жылы Фин соғысына, одан кейін екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 1944 жылы майдан даласында ауыр жараланып, қаза болған. Жауын­гердің сүйегі Ресей Фе­дерация­сы­ның Тверь қаласын­дағы «Большие Перемерки» зира­тында жерле­ніпті. Сұрапыл со­ғыста жауынгер Жақыпбек Биғожин «Қызыл Жұлдыз» орде­німен марапатталған. Онысын елге жолдаған хаттарында да жазған екен. Жалпы, «Атамның аманаты» екінші дүниежүзілік соғыста із-түз­сіз кеткен қазақстандық сол­дат­­тардың дерегін іздеумен айна­лы­са­тын ұйым. Бүгінге дейін ұйымға 5 мыңға жуық өтініш ке­ліп түскен. Мыңнан астам сар­баздың жерлен­ген жері табылған. Ал, Тверь қала­сы­ның маңынан табыл­ған бауыр­ластар зиратында 5 518 солдат пен 270 офицердің денесі жатыр.

Ақмола облысы