Тіл төңірегіндегі көп түйткіл
Тіл төңірегіндегі көп түйткіл
711
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты күрмеуі қиын мәселелер жеткілікті. Мәселен, денсаулық сақтау сала­сын­да мемлекеттік тілде қызмет алу қиын. Дәрігердің қабылдауы тек орысша жүргізіледі. Спорт секция­ларында қазақша білетін жаттық­тырушылар жоқтың қасы. Соның салдарынан спортпен қосымша шұғылдана алмай жүрген балалар бар. Бұл жөнінде «AMANAT» пар­тия­сының облыстық фи­лиалы жанын­дағы «Мирас» қоғамдық кеңесінде ай­тылды. Қазақ сыныптары мен топтарында кадр мәселесіне қатысты түйткіл жетерлік. Кей аудандарда әлі күнге дейін «Қазақ тілі» қоғамының филиалы ашылмаған. Атау­лары қазақшалануы тиіс елді мекендердің тұрғындары тарапынан қарсылық болма­ғанымен, ономастикаға қатысты кейбір мәселе аяқсыз қалған. «Тіл туралы» заң мен «Кәсіпкерлік кодексінің» баптары бір-біріне қарама-қайшы. Соның салдарынан жергілікті атқарушы биліктің қолынан келер қайран жоқ. «Ёбидоёби» дәмханасы сияқты келеңсіз атауларды ауыстыруға ешкімнің пәрмені жетпейді. «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақ­стан облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында екі мәселе қаралды. Алдымен, 20 қарашада өткен кезектен тыс Президент сайлауының қорытындысы талқыланды. Кеңес отырысында баяндама жасаған қоғамдық кеңес мүшесі, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан универ­ситетінің оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты Гүлбақша Мұсабаева Президент сайлауы жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Жаңа деңгейге өту керек «Мирас» қоғамдық кеңесінің отыры­сында қаралған екінші мәселе – партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі облыстық Жол карта­сының 110-тармағына сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысында денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, білім беру салаларындағы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, Қазақстан халқының тілдерін дамыту туралы. Бұл ретте өңірде шешімін күткен мәселе көп екені белгілі болды.
Осы мәселе бойынша баяндама жаса­ған облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Шәкеев мемлекеттік тілді дамыту тиімді жүргізіліп жатқанын айтып, атқарылған шараларды тізбеледі. Мәселен, облыстық тілдерді оқыту орта­лығында оқытылатын тыңдаушылар қа­тары жыл сайын артып келеді. «2020 жылы мемлекеттік тілді 114 топта оқыған тыңдау­шылар саны 2 129 болса, 2021 жылы 124 топта – 2 264 адам, ал 2022 жылы 131 топта 2 558 адам. Тілдерді оқыту орталығы «Қоғам­дық келісім» мекемесімен бірлесе «Тілашар» клубын ашып, айына екі рет «Грамматикасыз қазақ тілі» сабақтарын өткізуде. Тіл заңнамасына сәйкес, облы­сымыздың мемлекеттік органдары мен ұйымдарында мемлекеттік тіл жұмыс және іс жүргізу тілі ретінде қолданылады. 2022 жылы І жартыжылдығының қорытынды-сы бойынша, мемлекеттік органдарда қазақ тіліндегі құжаттардың үлес салмағы 94,9 пайызды құрады», – деді ол. «Қазақ тілі» қоғамы облыстық фили­алының төрағасы Жанат Мұхаметжанов: «Біз қазақ тілін іс жүргізу тілі, кіріс-шығыс құжат тілі, осыншама үйірме жүргізіледі деп 30 жыл бойы айтып келеміз. Енді басқа деңгейге өсуіміз керек. Мемлекеттік тілдің мәртебесі жұмыс тілі, қоғамда қолда­нылатын тіл ретінде айтатын кез келді. Қашанғы өзімізді өзіміз алдап, бұрынғы сарынмен жүре береміз?», – деді. «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері жаз бойы облыс аумағындағы 25 ауылды аралап, ономастика мәселесіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын. Қоғам филиалы төрағасының айтуын­ша, Қызылжар ауданындағы Чапаев, Есіл ауданындағы Советское, Тайынша ауда­нын­дағы Келлеровка, Ильичевка ауыл­дарының тұрғындары елді мекендерінің атауларын қазақшалауға келісті. «Одан ары қарай ауылдық округтің әкімі жұмыс жүргізуі керек еді. Жиналыс өткізуді ұсынып хат та жаздық. Алайда әлі жиналыс өткізілмеген. Ешқандай жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Әкімдіктегілер бір-біріне сілтейді», – дейді Жанат Қабдолрақымұлы. Бүгінде облыста 13 ауылдық округ, 33 ауыл, 270-ке жуық көше идеологиялық жағынан ескірген, тоталитарлық сипаттағы атау­ларға ие.
Петропавлда биыл ашылған «Ёби­доёби» дәмханасының атауына қатысты прокуратураға хат жазылғанымен, сыр­ғытпа жауап келіпті. Прокуратура өкілдері облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив басқармасына, қалалық әкімдікке және полиция органдарына сілтей са­лыпты. Елді мекендердегі көрнекі ақпарат мәселесіне қатысты қандай да бір кемшілік кетсе, «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодекске сәйкес, иесіне алдымен ескерту жариялануы тиіс. Бірақ осы ескертуді кім жасайтыны түсініксіз. «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық ұйым болғандықтан, қолынан келері – тек заң талаптарын түсіндіріп, әдістемелік жұмыс жүргізу ғана. Ал мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Шәкеев бүгінгі таңда бизнес өкіл­дерін тексеруге мораторий жария­лан­ғандықтан, тексеру мүмкін емес екенін жет­кізді. Бұған қоса «Қазақстан Респуб­ликасындағы тіл туралы» заңның 25-4 бабы­на сәйкес Қазақстан Республика­сының тіл туралы заңнамасының сақ­талуын мемлекеттік бақылау «Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне» сәйкес тексеру және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады. Ал Кәсіпкерлік кодексте тіл туралы мәселе алынып тасталған. Бұрын көрнекі ақпа­ратты орналастыру бөлігінде «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» заңнама­сының сақталуы туралы 108-бап болатын. Енді ол жоқ. Иерархия бойынша заңнан кодекстің мәртебесі жоғары. Сондықтан әзірге тиісті басқарма да кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсетумен ғана шектеледі. Сондықтан кеңес мүшелері рес­публикалық «Мирас» қоғамдық кеңесіне және Парламент депутаттарына заңға өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жасай­тын болды. Мектептердің 25 пайызы ғана қазақша оқытады Облыстық білім басқармасы басшы­сының орынбасары Татьяна Про­топопованың баяндамасынан белгілі болғанындай, 454 мектептің 112-сі, яғни 24,7 пайызы қазақ тілінде оқытады. 54 пайыздан астамы – орыс тілінде білім береді, қалған 21 пайызы – аралас. Аралас мектептердің 1,1 пайызға көбейіп, орыс мектептерінің 1,5 пайызға азайғанын, орыс тілді мектептерде қазақ сыныптарының ашылғанын ол жетістік ретінде атап өтті. Биыл 1-сыныпқа қабылданған балалардың 23 пайызы ғана қазақша оқиды екен. Қала бойынша қазақ балабақшаларының саны – төртеу-ақ. Қалғандарында қазақ топтары ашылған. «Мемлекеттік тілде оқытатын мектеп­терге баратын балалардың санын арттыру мақсатында мектепке дейінгі ұйымдарда ата-аналармен жыл сайынғы жұмыс жос­парына сәйкес мемлекеттік тілді наси­хаттауға бағытталған іс-шаралар және де қазақ тілінде оқуын жалғастыруға бағыт­талған түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Қазақ мектептеріне баратын балалардың ата-аналарына қолдау көрсету үшін бастауыш сынып оқушыларына ұзартылған күн топтарының жұмысы ұйымдас­тырыл­ды», дей келе Татьяна Николаевна да өткізілген іс-шараларды тізіп шықты. 2023-2025 жылдары Петропавл қаласында мем­лекеттік тілде оқытатын 4 мектеп құры­лысы жоспарланып отырғаны туралы жаңалықты кеңес мүшелері қуана қабыл­дады.
Бірақ аралас мектептердегі жағдай ала-құла екені кеңес отырысына қатысу­шы­лардың назарынан тыс қалмады. Мәселен, Қызылжар ауданына қарасты Архан­гель­ское ауылдық округі қоғамдық кеңесінің мүшесі Әлім Төлебаевтың айтуынша, ауыл мектебінде мемлекеттік тіл мәселесі тіпті ушығып тұрғанға ұқсайды. Ол ауылдағы аралас мектептің басшылығы, қызмет­керлері, мұғалімдері, кітапханашысы, хатшысы мемлекеттік тілді білмейтіндіктен, қазақтілді оқушылар мен ата-аналардың құқығы бұзылып жатқанын, іс-шаралар тек орыс тілінде өткізілетінін айтты. Оның сөзін кеңес мүшесі, айтыскер ақын Жар­қын Жұпархан да қолдады. «Архангельское ауылында негізінен өзіміздің қаракөздер тұрады. Бірақ тіл мәселесі ушығып тұр, өте ауыр», – деді ол. «Қазақ сыныптарында сабақ беретін мұғалімдердің көбі орысша оқыған, қазақша түсінетіндері шамалы. Сондықтан ата-аналар ол сыныпқа балаларын бер­гілері келмейді. Кадр жоқ», – деді Әлім Әйіпұлы.
Оған жауап берген Татьяна Прото­попова: «Өз сұрағыңызға өзіңіз жауап бердіңіз. Шынымен де кадр жоқ. О баста бұл мектеп орыстілді болған. Соңғы кезде қазақ сыныптары ашылды. Әрине, мектеп бұл мәселені шешу бағытында жұмыс атқаратын болады, қазақтілді мұғалімдерді тартады», – деді. Кеңес мүшелері бұл ауылға барып, жағдайды өз көзімен көретін болып келісті. Қазақ тілді маман тапшы
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Аманжол Қазиевтің айтуынша, өңірде медициналық қызмет тек ресми тілде көрсетіледі. «Қазақшалау үшін әлі біраз уақыт керек. Біздің өңірде көптеген қазақтардың өздері қазақша түсінбейді», – деді Аманжол Жамақұлы.
Спорт саласындағы жағдай да аса мәз емес. Қазақ тілінде жүргізілетін секциялар жоқ.
«Жаттықтырушылар тіл білмегендіктен, неліктен біздің балаларымыз спортпен шұғылданбауы керек? Неліктен біздің балалар кемшілік көреді? Менің балам 1-2 рет спорт секциясына барып келгеннен кейін, «бәрі орысша, түк түсінбеймін» деп бармай қойды. Әрі-беріден соң бұл да біздің төлеп отырған салығымыз ғой. Қазақ тілін білетін жаттықтырушылар жұмысқа қабыл­дансын. Өз елімізде неге біздің балалар қысым көреді? Жаттықтырушыға қазақ тілін терең білудің қажеті де жоқ, ең қарабайыр он шақты сөзді меңгерсе болды емес пе?» – деп налыды Жанат Мұхамет­жанов.
Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Мият Ерханның ай­туынша, жаттықтырушылардың қаншасы қазақтілді екеніне статистика жүр­гізіл­мейтін болып шықты. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Шәкеев жаттықтыру­шыларды да, дәрігерлерді тілдерді оқыту орталығы арқылы оқыту керек деген ұсыныс жасады. Кеңес мүшесі, меценат кәсіпкер Жомарт Омаров бұл мәселе – қоғамның дерті, кеселі, тіпті қасіреті екенін айта келіп, оны бірлесе шешу жолдарын қарастыру керек деген ой айтты. Бірақ бұл – тез арада шешіле қоятын мәселе емес екенін жиналғандардың барлығы да мойын­дады.

Солтүстік Қазақстан облысы