Тіршілік нәрінен тарықты
Тіршілік нәрінен тарықты
516
оқылды
Ақмола облысының Егін­дікөл, Қорғалжын және Ат­ба­сар ауданындағы Нұра топ­тық су құбыры трассасының бо­йын­­­­­да тұрған бірнеше ауыл­дың тұрғындары үш аптадан бері сусыз қалған. Ауыл тұр­ғын­дары құбырлар­дағы тех­ни­калық ақаудың салдарынан тіршілік нәрінен қағылу үй­рен­шікті құбылысқа айналып кет­кенін айтады. Бұл – осы су то­ра­­бынан тіршілік нә­рін тұ-тынып отырған 22 ауыл­дағы 15 мың тұрғынға ортақ мә­селе. Осыдан 50 жыл бұрын, сонау 1972 жылы пайдалануға беріліп, әбден тозығы жеткен су құбыры жылына бірнеше мәрте жарылады. Тек биылдың өзінде ғана тұрғындар 4 рет сусыз қалыпты. Қызығы, кейде құбырға бірнеше апта бойы су жіберілмейді. Осылайша, тозған құбырдың кесірінен тіршілік нәрінен қағылған жұрт тағы да 20 күннен бері сусыз қалды. Сабынды су құбыры трассасын­дағы болған соңғы жағдайдан кейін құбыр бойындағы Спиридоновка, Бауманское, Армавир, Егіндікөл ауылдары да үш аптаға дейін ауыз сусыз қалыпты. Ауылдарда су айдау мұнарасы қаңырап бос қалғалы тұрғындар қайдан су аларын білмей дал болған. Тіпті, аудан орталығы Егіндікөлде де су мұнарасы қаңсып тұр. Аудан әкімдіктері сусыз қалған ауыл­дарға ауызсуды тасып амал­дағаны­мен, одан еш қайран болмай тұрған сыңайлы.
«Үш аптадан артық мүлде сусыз отырдық. Бірақ оған жергілікті билік бас қатырмайтын сияқты. 18 қараша күні бір көшеге үш текше метрлік бөшкемен су әкелген. Оны­сы ауыл тұрмақ, сол көшенің жартысына әзер жетті. Бүгінде су таситын көлікті күте-күте көзіміз та­латын халге жеттік. Орталықтан­дырылған құбырмен келетін тіршілік нәрінің бірнеше апта бойы тоқтап тұруы қалыпты жағдайға ай­налды», – дейді Егіндікөл, ауда­ны­ның тұрғыны Людмила Липи­лкина.
Ауызсу мәселесі халықты әбден қажытқанын жергілікті кәсіпкерлер де мойындады. Олар сусыз қалған жұртқа өз күшімен 50 шақырым жер­ден су тасымалдап беруге мәж­бүр болған.
«Міне, сусыз қалғалы 20 күн бол­ды. «Әкімдіктегілер су жіберілді» деген. Бірақ біз тұрған Спири­доновка ауылына әлі жеткен жоқ. Халық қатты қиналып отыр. Ауыз­суды 50 шақырым қашықтағы Но­во­черкаск ауылынан тасимыз. Оны да әкімдердің келісімімен әр тек­шесін 750 теңгеден аламыз. Ал бізге берілетін су бұдан да қымбат қазір 1 150 теңгеге жеткен. Халықтың көпшілігінде су есептегіші жоқ. Сон­дықтан суға қымбат тарифпен төлейді. Дәл қазір ең басты мәселе осы болып отыр», – дейді «Арма­вирское» ЖШС-нің басшысы Нұр­жан Бейсембаев.
Халық әлі су жетпегенін айтып зар илегенімен, аудан әкімдері жөн­деу жұмыстарының аяқталып, құ­быр­дан су жіберілгенін алға тартты. Армавир ауылында судың болмауын Сабынды су құбырында Қорғалжын ауданы аумағында 6 және Егіндікөл ауданында 2 жерден жарылғанымен байланыстырады.
– Нұра топтық су құбыры бри­гадасы аталған құбырлардағы жа­рыл­ған жерлерді бүтіндеу жұмыс­тарын жүргізген. Жұма күні жөндеу жұмыстары аяқталып, құбырға су жіберілді. Нұра топтық су құбырға қатты тозған. Биыл Егіндікөл аума­ғында 100 миллион теңгеге жоба­лық-сметалық құжаттама жасалып жатыр. Құжат келесі жылы дайын болуы тиіс, – дейді Егіндікөл ауда­нының әкімі Ерлан Мұхамедин.
Қорғалжын ауданының әкімі Берік Жанбаев та су құбыры трас­сасы бойындағы жұртқа судың жі­берілгенін айтып ақталды.
– Су құбырларында болған анау айтарлықтай үлкен жарылыстар емес. Құбырлар тесіліп қалған. Қа­зір жөн­деу жұмыстары аяқталып, ха­лыққа су жіберілді. Толық жағдай­ды Нұра топтық су құбыры басшы­лығынан біле аласыз, – деді Қорғал­жын ауда­н­ының әкімі Берік Жан­баев.
Ауызсу алтынға баланған ауыл­дардың мұңын Нұра топтық су құ­бырының директоры Гамзат Саған­дықовқа жеткізіп, мәселенің мән-жайын білмек болдық. Су құбыры басшысының айтуынша, тозығы жеткен әрі қарызға белшесінен батқан кәсіпорын республикалық меншікке өткеннен кейін жағдайды түзету аса қиынға соққан.
«Нұра топтық су құбыры бізге берілгелі үш жыл болды. Су құбырлары 100 пайыз тозған. 2020 жылы бюджеттен 580 миллион теңге қаражат бөлініп, 18 шақырым су құбырын ауыстырдық. Жалпы, су құбырынан Қорғалжын ауданы­ның 9,5 мың, Егіндікөл ауданынан 7,5 мың және Атбасар ауданының Есенгелді ауылындағы 800 адам су тұтынады. Жөндеу жұмыстары аяқ­талып, суды жібере бастадық. Қазір 380 миллион теңге қаражатқа су құбырына толықтай реконструкция жүргізуге жобалық-сметалық құ­жат­тама жасалып жатыр. Аталған жұмыспен Алматыдан бұрын ин­сти­тут болған «Казгипроводхоз» бі­лікті мамандары айналысып жа­тыр. Жоба 4 кезеңнен тұрады, – дей­ді Нұра топтық су құбырының бас директоры Гамзат Кенжебекұлы.
Су құбырының директоры су ақы­сына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, су есептегіші бар абоненттер 60 теңгеден, су есеп­тегіші жоқтары 80 теңгеден төлейді. Бірақ айына 4 текшеден артық пайдаланса, әр текше метріне 188 теңгеден төлем жасайды.   P.S.

Cонымен, жылдар бойы ауыз­судың зардабын тартқан ондаған ауыл­да қашан судың үздіксіз бері­летінін ешкім тап басып айта алмай отыр. Түйінді мәселені түзету үшін бюджеттен миллиардтаған қаражат қажет. Біздің түсінгеніміз, толықтай тозған құбырды жөндеп, кенезесі кепкен жұртты кенелтудің ауылы әлі алыс сияқты.

Ақмола облысы