ЖЭО-ның пайдасын сүліктей сорып отырған олигархтар халықтан кешірім сұрасын – Саиров (видео)
ЖЭО-ның пайдасын сүліктей сорып отырған олигархтар халықтан кешірім сұрасын – Саиров (видео)
Фото: mail.kz
937
оқылды
Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының мүшелері Жанарбек Әшімжан, Ерлан Саиров, Артур Платонов Үкімет басшысы Әлихан Смайылов пен Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Ерлан Саиров Facebook-тағы парақшасында жазды.   «Елімізде жылыту маусымы басталмай жатып, Қазақстанның бірқатар қалаларында Жылу электр орталықтары істен шығып, Риддер, Екібастұз қалаларында техногенді апат болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайға шұғыл тапсырма беріп, Үкіметке еліміздің барлық жылу объектілерін тексеріп, апатты жағдай болмауы үшін іс-шаралар жасау жөнінде тапсырма берді. Осыған орай, «AMANAT» партиясы  Фракциясы мүшелері Екібастұз қаласына барып, қиын-қыстау кезеңде халықпен бірге болып, жұртшылықтың пікірін тыңдады. Мәселені жұртшылықпен жан-жақты қарастырды. ЖЭО-лардың әбден тозығы жеткен. Мәселен, Екібастұзда жылу жүйелерінің 91%-і жарамсыз. Олигархтар пайда тауып отырғанымен, ЖЭО-ларды жаңартуға, құбырларды жөндеуге инвестиция салмайды.   Олигархиялық топ бұл объектілердің пайдасын сүліктей сорып, енді проблеманы  мемлекетке, халықтың мойнына ілмекші. «AMANAT» партиясы  халықтың мұң-мұқтажын, мүддесін, әрбір азаматтың  қамын ойлайды.   Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мына мәселелерге баса назар аударуы қажет деп есептейміз:
  1. Энергетика кәсіпорындарын толық техникалық аудиттен өткізу.
  2. Жылу электр орталықтары, магистральді құбырлардың тозу дәрежесін анықтай отырып, халықтан алынатын тарифтердің инвестициялық бөліктерінің қайда кеткендігін анықтау.
  3. Жылу электр орталықтары мен магистарльдардың техникалық жағдайы үшін кәсіпорын акционерлерінің құқықтық жауапкершілігін қарастыру.
  4. Жалпы энергетика саласына, стратегиялық сала болғандықтан,  қоғамдық бақылау орнатуға жан-жақты  көңіл бөлу.
Сауалға заңда көрсетілген мерзімде жауап беруіңізді өтінеміз», – деп жазды депутат. Күні кеше Мәжіліс депутаты Екібастұздағы ахуалды көзбен көру үшін арнайы барды. Саршұнақ аязда тоңған елдің үйін аралап, жылу құбырын жамап жатқан қара жұмысшылармен бірге жүрді.  «Хабар» теларнасының тікелей эфирінде елге жағдайды баяндады. Сол сәтте жерге түкіргені үшін елден кешірім сұрап, 5 АЕК айыппұл төледі. Енді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Екібастұздағы апатты кінәлі «Екібастұзжылуэнергоның» иесі Александр Клебановтан бастап, жылумен қамтамасыз етуге жауапты олигархтар халықтан кешірім сұрасын деген талап қойып отыр.   Депутаттармен кездескен Екібастұздағы ЖЭО иесі Александр Клебанов «Осы ТЭЦ-тан бір тиын пайда көрген жоқпын» деген болатын.