Еліміздің ертеңі бүгінгі жастардың сапалы білім адлып қана қоймай, сол алған білімін тиімділікпен пайдаланып, мемлекетіміздің өркендеуіне қосар үлесіне де байланысты. «Жасыңды көрсет, болашағыңды баяндайын» деген тәмсілдің төркіні де бүгінгі жасың қандай болса, ертеңің де сондай болады дегенге саяды. Егер, бүгінгі жас білімге ынтасыз, ізденуге, жаңа дүниені қалыптастыруға құлықсыз, тек әйтеуір күн кешу қамымен жүрсе, болашақта қоғам тізгінін дарынсыз, біліксіз, қоғамды регресске жетелейтін тұлғалар ұстайды деген сөз. Ал есесіне, прогресті қуаттайтын, ізденіс пен жаңашылдыққа жаны құмар, ойы таза, пейілі кең, санасы тың ойларға толы жастарды тәрбиелесек, келешек жаңалықтарға толы, қай сала да даму даңғылына түсіп, бақуатты болашақ сондай ізденімпаз тұлғалардың қолымен жасақталмақ.
- Ел жастары қай кезде де қарымды һәм алымды, білімді және білікті. «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», - деген еді ел президенты Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде. Бұл сөздің айқын көрінісін еліміздегі жастар саясатынан аңғару қиын емес. Мемлекет басшысы өз сайлауалды бағдарламасында «Жастар үшін» ұстанымын «Жастармен бірге» деп өзгерту қажет екенін көтерген. Демек, еліміздің саяси жүйесін трансформациялауда жастардың да еңбегі мен қарым-қабілетін де пайдалану аса маңызды. Біз елімізде жастар саясаты кенжеледі деп тұжырымдай алмаймыз. Осы уақытқа дейін мемлекетіміз жастардың қоғам тұрмысына, ел саясатына атсалысуына кедергі ккелтіріп көрген жоқ. Оларға бар мүмкіндік жасады. Мәселен, жастардың кәсіппен шұғылдануына барынша жағдай туғызды. «Бастау-Бизнес», «Zhas project» сынды кәсіпкерлік бағдарламаларын жүзеге асырды. Талай жас осы негізде кәсібін бастап, ісін дөңгелетіп отыр, - деді «Тамшыбұлақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жанат Ерханқызы.
Болат Абаған, Жетісу облысы.