– Тергеу барысында қылмыс жасаған жігіт өзінің айыбын тек ішінара мойындап, жәбірленушінің өзіне балағат сөздер айтып, одан кейін жұдырық жұмсағанын, содан кейін пышақпен қарсы ұмтылғанын жеткізді. Дегенмен сотталушының оны бұзақылық ниетпен қасақана өлтіргені тергеу барысында жинақталған бұлтартпас деректермен дәлелденді. Тергеушілер түнгі клубта сол күні болған барлық куәгерлер мен түнгі клуб қызметкерлері мен келушілердің барлық көрсетімдерін толықтай зерттеді, – дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.Іс биыл 9 қарашада Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып, 22 жастағы Көкшетау қаласының тұрғыны жасалған қылмысқа кінәлі деп танылды. Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-тармағы «Адам өлімі» бойынша сотталды. 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасына үкімі кесілді. Жазасын қауіпсіздігі жоғары түзету мекемесінде өтейді. Сонымен қатар сотталушыдан жәбірленуші тарапқа материалдық және моральдық шығын толықтай өндіріліп алынбақ. Жазаның мөлшерін анықтау кезінде сотталушының жазасын жұмсартатын қандай да бір себептер анықталмаған. Айта кетейік, биыл облыстағы көңіл көтеру орындарында 37 қылмыс болды. Оның ішінде, 1 адам өлімі, 6 адам денсаулығына зиян келтіру, 9 ұрлық пен 12 бұзақылық дерегі тіркелген.
Ақмола облысы