Екібастұз қаласы жайлы сіз білмеген деректер
Екібастұз қаласы жайлы сіз білмеген деректер
Фото: rutraveller.ru
1,791
оқылды
Бірнеше күннен бері ЖЭО-да болған апат салдарынан жылусыз қалған Екібастұз қаласы ел назарын өзіне аударды. Осы ретте Aikyn.kz сайты қала жайлы қысқаша танымдық материал әзірледі. Екібастұз қаласы – Қазақстан Республикасының Павлодар облысында орналасқан. Аталмыш қала Қазақстанның ең ірі көмір кен орны ретінде танымал. 1957 жылдан бері облыстық маңызы бар қала қатарында. Аймақтың аумағы – 18,9 мың шаршы шақырым. Population HUB-тың 2022 жылғы мәліметінше, қаладағы халықтың жалпы саны – 132 075 адам. Екібастұз қаласы халқының саны жөнінен Қазақстан қалалары арасында 20-орында.   Неліктен Екібастұз? Өңірде тас көмір кені ашылғанға дейінгі мұрағат құжаттарында, оның күншығысында жатқан тұзды көл ерте заманнан бері «Екібастұз» деп көрсетілген. Осы себеппен кейін бұл жерден табылған тас көмір кені де, оның жанынан салынған қала да «Екібастұз» деп аталған.   Екібастұздағы көмір кені Екібастұздағы көмір кен орнының көлемі 155 шаршы шақырым, ұзындығы 24 шақырым және максималды ені 8,5 шақырым котловина. Көмірдің жалпы геологиялық қоры шамамен 10 млрд тонна. Екібастұздағы «Богатырь» көмір алабы Қазақстандағы ең ірі көмір өндіретін кен орыны, ал әлем бойынша ең алып көмір алаптарының бірі болып саналады. Оның жобалық қуаттылығы – жылына 50 млн тонна. Ол 1985 жылы әлемдегі ең ірі көмір кеніші  ретінде Гиннесстің рекордтар кітабына енген.   Халық саны Жоғарыда айтқандай, Екібастұз тұрғындарының саны 132 мыңнан астам. Аймақ халқының тығыздығы 1 шаршы метрге 7,8 адамды құрайды. Сондай-ақ Екібастұзда 80-нен астам ұлт өкілдері тұрады. Сондай-ақ Екібастұз аумағына 10 ауылдық округ, 2 кент кіреді.   Білім беру саласы Екібастұз қаласында 50-ге тарта мектеп жұмыс істейді. Ал мектепке дейінгі мекемелер саны 20-дан астам. Одан бөлек көркемсурет және музыка мектептері және жасөспірімдерге арналған шығармашылық орталығы бар.   Денсаулық сақтау саласы Екібастұз өңірінде 37 емдеу-профилактикалық мекеме жұмыс істейді. Мемлекеттік секторда – 16 емдеу-профилактикалық ұйым бар, оның ішінде 7-і аурухана. Мемлекеттік емес секторда – 21 ұйым бар, оның 7-і стационар. Сонымен қатар, қалада қан орталығы, жедел және шұғыл жәрдем станциясы, облыстық ЖИТС – орталығының филиалы, СӨС қалыптастыру орталығы, туберкулезге қарсы, наркологиялық, психиатриялық және тері – венерологиялық диспансерлер жұмыс істейді.   Спорт Аймақта спорттық, дене шынықтыру және сауықтыру бағытындағы мекемелер желісі жұмыс істейді. 5 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бар. Спортты дамыту жылдарында Екібастұзда халықаралық дәрежедегі 20 спорт шебері, Қазақстан Республикасының 50-ден астам спорт шебері даярланған.   P.S. Қарашаның 27-сіне қараған түні Екібастұз қаласындағы жергілікті ЖЭО істен шыққан болатын. Соның салдарынан тұрғындар суықта жылусыз қалды. Қазір Екібастұз қаласында жағдай әлі де тұрақсыз. Магистральді желілер судың қысымын көтере алмағандықтан, апатты тоқтату қиынға соғып жатыр. Бұл туралы жағдай бойынша мәлімет беру мақсатында өткен брифинге айтылды. Жағдайды реттеу үшін арнайы жасақ әлі де жұмыс жүргізіп жатыр.