Қауесет қарыз жаматпасын
Қауесет қарыз жаматпасын
© коллаж: Елдар Қаба
1,225
оқылды
Қарашаның басынан бері 28 мың адамның мик­ро­қаржылық ұйымдардағы қарызы кешіріледі де­ген хабар желдей есті. Содан бері кей адам осы ті­­зім­ге ілігемін деп әуре-сарсаңға түсіп, жолдарын қа­рас­­тырып жүр. Осы тұста біз анық-қанығы бел­гісіз жаңалықты жан-жақты талдап бергенді жөн көр­­дік. Әйтпесе, осыған қатысты алаяқтар пайда бол­ғаны да көпшілікті алаңдатуда. Бірауыз сөздің бұрқасыны Әңгіменің төркіні мынада: қазан айының басында бір топ де­путат микроқаржылық ұйымдарға қатысты Қаржы нарығын рет­теу және дамыту агенттігіне сауал жолдаған. Сұраққа көп ұза­май агенттік төрағасының міндетін атқарушы Нұрлан Әбдірах­манов жауап берген еді. Енді жауапқа үңілейік. Қаржы нарығын рет­теу және дамыту агенттігінің мәліметіне сәйкес, 1 қыркүйекке дейін микроқаржы ұйымдарында кепілзатсыз берілген тұты­ну­шылық кредиттердің жалпы сомасы 416 миллиард теңгеге жеткен. Ал қарызға ақша алғандардың саны – 1,3 мил­лион адам. Биыл алғашқы 8 айдың ішінде кредитті төлеу мерзімі 3 айға ке­шіктірілген қарыздардың үлесі 18,8 пайызға өсіп, 71,3 миллиард теңгені құрады. Ал проб­лемалық қарыз алушылардың саны 432,2 мың адамды құрап отыр. Олардың басым бөлігі онлайн кредит рәсімдеген. Жалпы қарыз осылайша 40 миллиардқа жетті. Содан соң агенттік проблемалық ми­кро­кредиттердің үлесін азайтуға көшті. Мәселен, 1 қазанға дейін 285,5 мың адамға жеңілдік жасалыпты. Атап айтқанда, 66,4 мың қарыз алушының 585 миллион теңге кө­­леміндегі кредиті толығымен немесе іші­нара кешірілген. Бұдан бөлек, 756 миллион теңгенің өсімпұлы мен айыппұлы жойыл­ған. Ал 15,3 миллиард теңгенің микро­кре­диті бойынша қарызды қайта құрылымдау шарасы атқарылды. Соның нәтижесінде 4,8 миллиард теңгенің айыппұлы кешіріліпті.
– Микроқаржы ұйымдары ұсынған жеке жоспарлардың негізінде 2022 жылдың аяғына дейін 432 мың қарыз алушының 33,1 миллиард теңге көлеміндегі қарызын қайта құрылымдау жоспарланып отыр. 107 мың адамның 0,8 миллиард теңге кредиті іші­нара, ал 28 мың адамның 0,6 миллиард тең­­ге көлеміндегі қарызы толығымен ке­ші­рі­леді», – деген болатын Нұрлан Әбдірахманов.
Міне, осы сөзден қарызы барлардың арасында дау тұтанды. Бұған ақпаратты дәлме-дәл жеткізбеген ақпарат құралдары мен блогерлердің де қатысы бар. Ел жа­мырай қамқорлыққа ілінгісі келіп, түрлі амалға көшті. Шынында жағдай мүлде басқа еді. Оның үстіне бұл процестің банк­терге мүлде қатысы жоқ, тек микроқар­жы­лық ұйымдарға байланысты. Қажеті жоқ қадам Енді қараңыз, Әбдірахманов «кешірі­леді» деп айтқан 0,6 миллиард теңге 600 миллион теңгеге тең. Ол соманы қарызы кешіріледі деп отырған 28 мың адамға бөл­сеңіз, жан басына бар болғаны 20 мың тең­геден келеді. Сондықтан қарызы бар жұрт дәмеленетіндей аса бір керемет жаңа­лық емес. Мұны экономист Мақсат Халық та айтып отыр. Сондықтан бұны айқайлатып жариялаудың мүлде қажеті жоқ еді.
– Бүгінде микроқаржылық ұйымдар несие портфелін тазартып жатыр. Бұрыннан төлемей қалған кейбір азаматтар, оның ішінде, біреуі 20 мың алған, енді бірі 50 мың алғаны бар, осылайша түрлі жағдайға бай­ла­нысты несиесі төленбей кетеді. Немесе біреу­дің атынан басқа біреу несие алып тас­таған, ал оны төлемей жүр. Сондай не­сие­л­ерді кешіріп жатқан болуы керек. Ал оны жариялап, барша халықтың несиесін ке­шіріп жатқандай тарату қылмыс болып са­налуы да мүмкін. Дүрбелең жасамау ке­рек. Қиын жағдайда жүрген азаматтар «біз­дің де несиені кешірсін» деп ойлайды, – дейді ол.
Шынында микроқаржылық ұйым­дар­дың несиені кешіруіне мемлекет ақша бөл­мейді. Демек, микроқаржылық ұйымның өзі сондай шешім қабылдаған. Оған не үшін барды? Банктерде NPL атты ұғым бар, қайтарылмай қалған, төленбей кеткен не­сиелерді білдіреді. Егер оның көлемі ұлғая берсе, онда кез келген банк не компания қиын қаржылық жағдайға ұшырап жатыр деген белгі. Нәтижесінде ондай банктерге ешкім қарыз ақша бермейді, берген күннің өзінде пайызын көбейтіп береді. Мұндай қиын жағдайға қалмау үшін банк не ком­пания мүлде қайтпайтын несиесін жоюға тырысады. Яғни, микроқаржылық ұйымдар 600 миллион теңге көлеміндегі қарыздардың мүлде қайтпайтынын, төленбейтінін түсі­ніп, жоюға тырысқан іспетті. Сондықтан бұл процесті халыққа несие кешіріледі демей, несие жойылады деп айтқан дұрыс еді. Алаяқтарға алданғандар көбейді Ақпараттың халыққа дұрыс тара­тыл­мауынан қарызы барлар алаяқтардың құрбанына айналуы мүмкін. Себебі осы дерек тарағалы әлеуметтік желілерде «қары­зы кешірілетін адамдардың қатарына қо­суға өтініш жазып береміз» деген жар­намалар қаптады. Көбі ол қызметі үшін 40-50 мың теңге аралағында ақша сұраған. Бұны қаржы саласының заңгері Рауан Есбергенов айтып берді.
– Ең әуелі, микроқаржылық ұйымдар 28 мың адамның қарызын кешіреді деген сөз нақты іске асып жатқанын білдіртпейді. Бұл – әлі жоспар ғана. Әлдекімдер 28 мың адамның қатарына қосамын деп ақша алып жүрген көрінеді. Бұған мүлде сенуге бол­майды. 28 мың адамның қатарына кім кіре­ді, кімдер болады, мұның бәрін микро­қар­жылық ұйымдар өздері шешеді. Мемлекет ешкімге міндет жүктеп, тиісті азаматтардың тізімін әзірлеп, санатын белгілеп жатқан жоқ. Тек микроқаржылық ұйымдарға ұсы­ныс ретінде жеткізді. Сондықтан жұрттың алданып қалмағаны абзал, – дейді ол.
Түйіндейтін болсақ, бұл жаңалыққа микроқаржылыққа ұйымдарға қарызы бар адамдар елеңдеп, «қарызым кешіріледі» деп үміттенудің негізі жоқ. Бұрын азғантай сома несие алып, кейін проблемаға айналған қарыздарға қатысы бар болуы мүмкін. Оның өзінде де нақты шешім емес. Сон­дықтан жауапты органдар бұл жаңалықтың жай-жапсарын халыққа түсінікті етіп, жан-жақты талдап бергені абзал.