«AMANAT»-қа арқа сүйеушілер көп
«AMANAT»-қа арқа сүйеушілер көп
536
оқылды
«AMANAT» партиясының Алматы қалалық және аудандық фи­­лиал­дарындағы қоғамдық қабылдауға келушілердің қара­сы үзілмейді. Келу­шілердің көпшілігінің талап-тілектері оңы­нан шешіліп жатады. Соң­ғы екі айдың өзінде 30-дан астам тұр­ғынның мәселесі шешімін тап­қан. Мәселен, жақында партияның Ал­ма­ты қалалық филиалының қо­ғам­дық қабылдау бөлмесіне Дін­мұ­ха­мед Шардарбек есімді азамат келді. Ол партия филиалына тұрғын үймен қам­тамасыз ету, сонымен қатар жұ­мыс­қа орналасуға көмектесу туралы өті­нішпен жүгінген. Оны партияның Алматы қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қайрат Бисембаев қабылдады. Қабылдау нәтижесінде мәселе жан-жақты қаралып, өтініш оң ше­ші­мін тапты. Біраз уақыттан бері жұ­­­­­мыс­сыз жүрып, әлеуметтік жағ­дайы на­шарлап кеткен азаматқа тегін жа­­тын орын мен тамақ беріліп, жұ­мыс­­қа ор­наласуға көмек көрсетілді. Қа­­зір ол азамат – қаладағы «Ақ қайың» ши­па­жайында қатардағы жұ­мыс­шы. Алдағы уақытта тұрақты тір­­кеуге тұруға да пар­тия қол ұшын бере­ді. Алматы қаласында жауын-ша­шын мол жауған уақытта тұрғын­дар­ды біршама әбігерге түсіретіні рас. Осын­дай жағдайдан зардап шек­кен бір топ тұрғын жақында пар­­­тияның Ал­малы аудандық фи­лиа­лына жүгін­ді. Мәселеге қатысты ме­гаполистегі Тастақ-2 шағын ау­да­нындағы бір топ тұрғынның атынан Т.Кондрат есімді азамат арыз-шағым түсірген. Ша­ғым­­данушылардың ай­туын­ша, 4 ай­дан бері олардың үй­лері­не тиесілі жер учаскелері мен оған іргелес жолды жиі-жиі су басып, әуреге салған. Бұл туралы коммунал­дық қызметтерге сан мәрте қоңырау шал­ғанымен, еш­қандай нәтиже бол­маған. Арыз­дану­шы амалсыз соң­ғы үмітін арқалап, «AMANAT» пар­тиясына келген. Шағымданушының өтініші не­гі­зінде қалалық мәслихат депутаты Әсия Ақанованың басшылық етуімен ар­найы тексеру тобы құрылып, мә­се­ле туындаған аумақты аралап шық­ты. Аралау кезінде арыз-шағымда кө­ре­­сетілген мәселе расталды. Ар­тынан, бұл мәселе Алмалы аудандық фи­лиалы партиялық бақылау ко­мис­сиясының отырысында қаралды. За­қымдану орнын іздестіру және оны жою үшін «Алматы су» МКҚК мен қалалық төтенше жағдайлар қыз­метіне хат жолданды. Партияның ара­ласуынан кейін жауапты орындар құ­­бырдың тесілген жерін тауып, жөн­­деу жұмыстарын жүргізді. Нәти­же­сінде, аумақты су басу тоқ­татылды. «AMANAT»-тың қалалық фи­лиа­лы­на әлеуметтік ғана емес, құқықтық тұр­ғыдан көмек сұрап келушілер де бар. Солардың бірі – Фатима Иди­ри­сова. Арызданушының айтуынша, ол 2-топтағы мүгедек ұлын 10 күндік емдеу курсынан өткізу үшін арнайы пан­сионатқа жатқызған. Ұлының емі үшін 215 000 теңге төлеген. Алайда ем­деу орны Ф.Идирисованың ұлын 5 күннен соң үйге шығарып жіберген. Сонымен қатар толық 10 күндік ем үшін төленген қаржының қалған бө­лігін қайтармаған. Арызданушы пар­тия тарапынан өзіне тиесілі қал­ған соманы қайтарып беруге ықпал жа­сауды сұрады. Тұрғынның арыз-шағымында көр­сетілген мәселені шешу үшін пар­­­­тияның Алматы қаласы Түрксіб ау­дандық филиалы «Заңгерлік Кө­мек» акциясы аясында арыздану­шы­ны адвокат Данияр Смағұловпен кез­дестірді. Нәтижесінде, заңгер ке­лісімшартқа сәйкес қаражатты қай­таруды талап ету керектігін айт­ты. Сонымен қатар ол Ф.Идрисоваға өті­нішті ресімдеуге көмектесіп, ша­ғым құзырлы органдарға жол­данды. Сот шешіміммен бұл мәселе оң ше­шіл­ді. Емдеуші пансионат өтініш беру­шіге бастапқыда толық ем-дом үшін төленген соманың 50 пайызын қай­тарды. Фатима Идирисова «АМАNАТ» партиясының қалалық фи­лиалына шексіз алғысын білдірді. Партияға көмек сұрап келу­ші­лер­дің арасында өздерінің маңдай тері­мен тапқан еңбекақысын ала алмай жүр­гендер де бар. Солардың бірі – «Құ­рылыс Жамалов» ЖШС-ның аты­нан өтініш білдірген Мадияр Шы­бық­баев. Оның айтуынша, «RAMS Kazakhstan» ЖШС бұл басқаратын мекемеге атқарған жұмыстары үшін төленуі тиіс 2,7 млн теңге көлеміндегі берешегін төлемеген. Өтінішті қарау кезінде «АМАNАТ» партиясының Алмалы аудандық фи­лиа­лы өтініш берушілер мен құрылыс ком­паниялары басшыларының қа­ты­суымен екі рет дөңгелек үстел ұйым­­дастырды. Әңгімелесу бары­сын­да компания өкілдерімен келісе оты­рып, жұмыстың бір бөлігін (1 млн теңгеге) басқа компания атқарғаны анық­талды. Партияның араласуымен арыз­данушының ЖШС-ға қалған заң­ды 1,7 млн теңгені төлеу туралы ше­шім қабылданды.

 Алматы