Қазақстанда да бұл мәселеге аз да болса назар аударыла бастады. Соның бір дәлелі ретінде әйелдерді көшбасшылыққа баулуға арналған «TOMIRIS» жобасын айтуға болады. Жыл соңына дейін арнайы іріктеліп алынған 30 әйел жоба аясында әлеуметтік жобалар әзірлейді. Осы ретте айтулы жобаға кеңірек тоқталуды жөн көрдік.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда әйелдер халықтың 51,8%-тін құрайды. Ал олардың экономикалық белсенділігінің көрсеткіші 66,6%. Сонымен қатар, еңбекке қабілетті азаматтардың қатарында да әйелдер ерлерге қарағанда 350 мыңға көп. Сарапшылардың айтуынша, елдегі ЖІӨ-нің 39%-ті әйелдерге тиесілі екен.
Бизнесте те әйелдер жоғары нәтижелер көрсетіп отыр. Нақтырақ айтсақ шағын және орта бизнес кәсіпкерлерінің шамамен 42%-і әйелдер.
Кейінгі кездері саяси салаға бет бұрып, көшбасшылыққа ұмтылып жүрген әйелдер саны да артып келеді. Олардың мұндай қызығушылықтарын қолдау мақсатында «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, «AMANAT» партиясының және Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен «TOMIRIS» әйелдер көшбасшылығы бағдарламасын іске қосты.
«Көпшілігі бұл жобаға үлкен қызығушылық танытты. Барлығы 342 өтінім келіп түсті. Бүгінде әйелдер түрлі салада қызмет етіп жүргенімен, әлі де гендерлік стереотиптер бар. Ал еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде әйелдердің рөлін арттыру «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтарының бірі. Бұл жоба осы жұмыстың бір бөлігі болып табылады», – деп түсіндірді партия хатшысы Дәулет Кәрібек.
«Біз әйелдердің әлеуметтік, саяси салаларда өте белсенді екенін көріп отырмыз. Олар өзекті мәселелерді көтеріп, қоғам мүддесі үшін шынайы күрес жүргізумен келеді. Сондықтан біз әйелдердің жолында кездесетін кедергілерді бұзу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Біздің незгі мақсатымыз – әрбір қазақстандық үшін әділдік пен теңдік орнату. Жоба қалаларда да, ауылды жерлерде де табысты қыздар мен әйелдерді қолдауға және оларды қоғамдық және саяси өмірге тартуға жағдай жасауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті вице-министр.Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Йоханнес Д.Рай әйелдерді кез келген қоғамның қозғаушы күші деп санайтынын айтты. Сондықтан да ол мұндай жобаларды ұйымдастыру өте қажет деп есептейді. Сондай-ақ, ол ХДО (Германия) партиясының әйелдер қанатының жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, Қазақстанда да осындай қозғалыстың құрылуын қолдауға дайын екенін білдірді.
«Оқыту қорытындысы бойынша қатысушылар өз өңірлеріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған саяси жобалар әзірлейді. Академия жыл соңына дейін онлайн-коучинг сессиялар арқылы әдіснамалық тұрғыда көмектесіп отырады. Негізгі блок көшбасшылыққа, саясатқа, саясаттануға бағытталған. Яғни, жалпы біздің мемлекеттік басқару жүйесін, сайланбалы процестің қалай жүретінін, сайлауалды бағдарламаны қалай дайындау керектігін, қалай сайлауға түсу керектігін, қалай ұсынылатындығын түсіндіру. «TOMIRIS»-ке қатысу арқылы олар жаңа деңгейлерді бағындырады деп үміттенемін», – деді Саяси менеджмент Академиясының директоры Данияр Мұқитанов.Жоба аясында өткізілген тренингтерде гендерлік стереотиптер және оларды бұқаралық коммуникация арналарын қолдану арқылы еңсеру жолдары, гендерлік саясатты қалыптастыру, әйелдердің экономика мен инновацияны дамытудағы рөлі сияқты тақырыптар қозғалды. Ал негізінен оқыту әртүрлі деңгейлерде басшылық лауазымдарға тағайындалуға немесе сайлануға көмектесетін дағдыларды, білім мен құзыреттіліктерді дамытуға бағытталған.
«Әйелдердің басшылық позициялардағы өкілдігін кеңейту – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев саясатының маңызды бағыттарының бірі. Ал мұндай бағдарламалар әйел көшбасшыларды анықтап, оларды кәсіби тұрғыда дамыту үшін қажет. Бағдарламаға қатысушылардың басым бөлігі тәжірибелі және қалыптасқан тұлғалар. Олардың әрқайсысының бірқатар жетістіктері мен іске асырған әлеуметтік маңызды жобалары бар. «TOMIRIS» бағдарламасына қатысу жаңа деңгейге шығу үшін қажетті серпін болады деп үміттенемін», - деді депутат Ирина Ұнжақова.Жобаға қатысушылары да жағымды әсерде екенін жеткізді. Барлығы да осындай жобаға қатысып, ең қажетті ақпараттарды алып, саяси сала мамандарымен қызу талқылаулар ұйымдастырып, тәжірибе алмасқаны үшін қуанышты екендерін жеткізді.
«Мен қоғам қайраткері және селфмейд ретінде өзіме қажетті кәсіби қасиеттерді қалыптастырғым келді. Сөйтіп осы жоба арқылы көшбасшылық қабілеттерімді арттырып, жаңа деңгейді бағындырамын деген шешім қабылдадым. Қатысқаныма өте қуаныштымын. Себебі, көптеген пайдалы инсайдтар алдым. Енді оларды өзімді жетілдіру жолында қолданатын боламын», – деді жоба қатысушысы Сана Жандай.«TOMIRIS» бағдарламасы ұзақ мерзімді негізде жүзеге асырылатын болады. Осы орайда «AMANAT» партиясы еліміздің барлық аймағында әйелдер мен қыздарды оқытуды жоспарлап отыр.