Алматыдағы Абай атындағы ҚазҰПУ Педагогика және психология институты арнайы курс өткізіп жатыр.
Арнайы және инклюзивті білім берудің оқу-зерттеу зертханасы базасында «Аутизм спектріндегі ауытқуы бар балаға қолдау көрсету» оқыту курсы басталды. Жоба Қазақстандық қолданбалы мінез-құлық талдау мамандары қауымдастығымен бірлесе жүзеге асып жатыр. 5 желтоқсан күні басталған оқу курсы 13 желтоқсанға дейін жалғасады.
Курстың мақсаты – аутизмге шалдыққан балалармен жеке және топтық жұмыс істеуге қажетті құзыреттіліктерді қалыптастыру; олардың мінез-құлқын түзетуге арналған ғылыми дәлелденген әдістемелермен таныстыру. Сонымен қатар қолданбалы мінез-құлық талдауы (ABA) сарапшыларының әлемдік тәжірибесін талқылау.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аутизмге шалдыққан балаға уақытылы (ерте жастан бастап) психологиялық көмек көрсету өте маңызды. Осындай жұмыстың нәтижесінде, аутизмге шалдыққан балада қарым-қатынас дағдылары қалыптасады. Жеке психологиялық-педагогикалық қолдаудан кейін ғана, баланы ары қарай әлеуметтік ортаға – балабақшаға немесе мектепке жіберуге болатын көрінеді.
Ұсынылған курс ата-аналарға, аутизм спектріндегі ауытқуы бар балалармен жұмыс істейтін мамандарға, психология және арнайы педагогика бағытында білім алушыларға, оның ішінде магистранттар мен докторанттарға арналған.
Бір апталық курста Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Педагогика және психология институтының директоры Ғалия Абаева, мінез-құлық талдаушысы, мінез-құлық бағдарламаларының кураторы, «Росток» орталығының директоры Жанат Ахметова, «Росток Атырау» АБА орталығының директоры, BCBA толық жоғары кәсіби курсын бітірген Умирлазат Утебаевалар қатысушылармен өз тәжірибесін бөліседі.