«АMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Адамбекова облыс тұрғындарын қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Ата-аналардың облыстың бас ұстазына қойған сауалдарына, айтқан өтініштеріне қарап отырып, жалпы жұртшылықты алаңдататын мәселелерді анықтауға болады. Балаларының болашағы, сапалы білім мен саналы тәрбие алуы толғандыратын тұрғындардың басым бөлігін оқушысы көп отбасына мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмектер мен тағы да басқа қолдаулар мазалайды екен.
Жасырары жоқ, баға күн сайын қымбаттаған қазіргі кезеңде оқу жасындағы баланы мектептегі қатарынан қалдырмай, керек-жарақпен, киім-кешекпен қамтамасыз ету оңай емес. Әсіресе, толық емес отбасылар мен көпбалалы жанұялар оқу жылы басталып, аяқталғанға дейін біршама қысылып, қымтырылып қалады. Осыған орай сұрақ қойғандарға жауап берген Айжан Маманқызы әлеуметтік көмекке мұқтаждарға көрсетілетін қолдаулар туралы тарата айтып, оларға қол жеткізудің заңды талаптарын түсіндірді. Мектептерде жаңа жылдық мерекелер өткізудің жай-жапсарын білгісі келгендерге егжей-тегжнейлі жауап қайтарып, биылғы ерекшеліктерге жан-жақты тоқталды. Балабақшалар төлемінің қымбатттауы себебіне де үңіліп, кейбір мәселелер бойынша тиісті орындарға сауал жолдайтынын жеткізді.
Қоғамдық қабылдауға келгендердің мәселелері партияның назарында да болып, олардың шешілуі бақылауға алынады.
Болат Абаған, Жетісу облысы.