Күріштің құны неге қымбаттады?
Күріштің құны неге қымбаттады?
1,387
оқылды
Басқасы бір бөлек, еліміз осы күнге дейін күріш мәселесіне бас ауыртпаған еді. Дегенмен соңғы жылдарда диқандар егін алқаптарын біршама азайтуға мәжбүр болды. Су тапшылығы саланы қыспаққа салды. Енді таяуда аяқасты күріш бағасының қымбаттауы жұртты ашындыруда. Өзімізде шығатын өнімнің құны неге өзгерді, жауаптылар нендей себепті алға тартуда? Өзімізде барға өзіміз жарымадық Сонымен, бұл мәселенің туын­дауына елдегі күріш бағасының қым­баттауы себеп. Қазан мен қара­шадан құн біршама құбылды. Осыдан 3 ай бұрын бір келісі 280-300 теңгеден сатылса, қазір 400 теңгеге жеткен. Яғни, 31 пайызға бір-ақ көтерілді. Енді бұған не себеп болғаны көпшілікті ойландырмай қоймайды. Жақында Үкімет оты­рысында Премьер-Министр Әли­хан Смайылов Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтен кү­ріш нарығындағы жағдайды сұ­раған. Ведомство басшысы жауа­бын­да еш мәселе жоғын айтып ақ­талды. Бірақ себепті елеусіз қалдыра алмаймыз. Қазіргі бір келі күріштің бөлшек бағасы 600 теңгеге жетті. Бұл қазақстандық күріштің Ресейге белсенді экспортына байланысты. Еліміз бір сөзбен айтқанда, сол­түстіктегі көршіге күріш тасымалдап әлек. Ал сарапшылар Ресейдегі тө­мен өнімділіктің нәтижесінде баға тағы өсуі мүмкін деп алаңдап отыр. Сондықтан Сауда министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне күрішті шетелге жеткізуге уақытша шектеулер енгізуді ұсынған. Ми­нистр Қарашөкеев бұдан проблема байқамайтын сыңайлы. Керісінше, импортты дамытуды ойлап әуре. Мәселен, елдегі ұнтақталған күріш­тің 80 пайызы Ресейге кетеді. Оны олар сыра өндірісіне пайдаланады екен. Жалпы, соңғы 3 жылда «күріш­тің отаны» саналатын Қызылорда аймағында су тапшылығы қатты байқалды. Соның кесірінен күріш шаруашылығының дамуына кері әсер тиді. Диқандар жыл сайын егіс­тік көлемін азайтуға мәжбүр болуда. Былтыр 78 мың 600 гектар аумаққа дән себілді. Бұл өткен жылмен са­лыстырғанда, бақандай 5 мың гек­тарға кем. Бірақ көлемі азайға­ны­мен, шаруалардың шығыны еселеп кеткенге ұқсайды. Күріш өндіру­ші­лер және өңдеушілер қауымдас­ты­ғының сарапшысы Айгүл Қосмұра­тованың айтуынша, өнім алуға қажетті өзге заттардың құны қым­баттауда.
«Тыңайтқыштардың бағасы 2-2,5 есеге дейін өскен. Мысалы, диқандар арзан жанар-жағармай алады, бірақ оның да бағасы артты. Ауылдан қалаға тасымалдау құны жанар-жағармайдың бағасы тікелей байланысты. Осының бәрі елде кү­ріштің құны артуына әкеліп соқ­тырды», – дейді ол.
Биыл елімізде 200 мың тоннаға жуық күріш жиналыпты. Жауапты министрлік оның ішкі сұранысты толық қамтитынын айтады. Сол арқылы тапшылыққа алаңдамауды сұраған. Қазақстанда күріш өнді­руші ірі зауыттардың саны 20-дан асады. Елімізге сырттан келетін үлес те бар, бір жылда шамамен 10-15 мың тонна күріш шетелден әкелі­неді. Ал 12 мемлекетке жылына 50-60 мың тонна жөнелтіледі. Әзірге мәселе күрделі көрінбегенімен, алдағы бес жылда тапшылық бай­қалуы мүмкін. Судың сарқылғаны – себептің бірі Жыл сайын күріш егетін диқан­дардың тіршілігіне тықыр таянуда. Осы жылдың басында өңірдегі жалпы күріш алқабы тағы 3 600 гектарға қысқаратыны мәлім болды. Егін егуге шама жетпегенінен емес, Сырдария өзенінің сарқылып бара жатқанының кесірінен. Негізі, 2020 жылға дейін Сыр өңірінде шамамен 90 мың гектар жерге күріш егіліп келген еді. 2020 жылы 5,1 мың гек­тар күріш алқабы су тапшылығына байланысты қысқарды. Биыл тағы азайды. Демек, айналдырған екі жыл­дың ішінде 9 мың гектарға жуық алқапқа күріш егілмейтін бо­лыпты. Келер жылы да қысқарту болса – таңғалмаңыз. Дегенмен бұл жағдай алдын ала болжанып қойған. Мамандар күріш алқабының көлемі азаймаса, Аралға тамшы су бармай, Сырдарияның азын-аулақ суын сарқып бітерімізді талай мәрте айт­ты. Кейінгі уақытта теңіздің су дең­гейі 6 метрге дейін төмен түскен. Был­тыр Экология министрлігі ал­дағы 10 жылда 29 мың гектар күріш егістігін қысқартуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Осылайша, жыл сайын қамбаға түсіп келген күріш мөлшері онжылдықта ша­мамен 35 пайызға азаюы мүмкін. [caption id="attachment_231336" align="aligncenter" width="1673"]күріш бағасы © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Елдегі су ресурсының 70-90 па­йызы ауыл шаруашылығына кетеді. Көбі суармалы егіндікке жұмсалады. Әйтсе де, тығырықтан шығатын жол – егін алқаптарын қысқарту емес. Егер Қызылорда өңіріндегі күріш алқаптарын күрт азайтса, топырақ тұздана бастайды. Егін азаймаса, су шығындалады. Себебі өңірдегі егіс алқаптарында топы­рақтың 35 пайы­зы – қатты, қалған 65 пайызы – орташа тұзданған. Яғни, күріш­тіктегі судың басым бө­­лігі егін суаруға емес, топырақ тұ­зын шаюға кеткен екен. Экология ми­нистрлігі бұның ше­шімін қарас­тырып көріпті. Күріштік көлемі қыс­қарады, ал босаған егістік жерге суды аз қажет ететін жо­ңышқа, би­дай, арпа тәрізді дақыл­дар егіледі. Осылай егін шаруа­шы­лығы әрта­раптанбақ. Соның арқа­сында су үнем­деп, топырақ қалпын сақтауға мү­мкіндік бар тәрізді. Су саласының ма­мандары да осы амалды құптауда. Қазақстан су ша­руашылығын зерт­те­ген маман Нұрлан Атшабаров жа­­уаптылардың күріштен басқа да­қыл­дар­ды егу жоспары жөн екенін айтады.
– Су тапшылығы Сыр айма­ғы­ның ғана мәселесі емес. Мысалы, Түркістан, Жамбыл, Алматы облы­сындағы егістіктерге су жетпеуде. Бұл тұста «егістікті азайттық» деп байбалам салуға болмайды. Себебі экологиялық мәселелердің астары тұр. Жауаптылар әдейі істемейді. Мы­салы, күріш алқабы қысқарға­нымен, суды аз қажет ететін басқа дақылдарды егу жоспарланған. Су тапшылығы енді ұлғая бермек. Бір күнде шешілер мәселе емес. Судың басым бөлігі өзге елдерден келеді. Олардың жіберуге тиіс суды азайтып немесе пайдаланған суды беріп отырғаны жайлы түрлі әңгіме бар. Ал осы жерде су мәселесін қарас­ты­ратын халықаралық ұйым өкілдері еңбектенуі тиіс. Бірінші кезекте тиімді пайдалануды ғана ойламай, келіп жатқан суды зерттеп, нақты мөлшерін анықтап, кем-кетігі болса түсіндіруіміз қажет. Өзге елдердің өзі су тапшылығынан қиналып отыр. Тау мұздықтары еріді. Кезінде Сібірдің мұздықтарын ерітіп, елге су жеткізу жайлы мәселе көтерілген. Егер көрші ел Сібір мұздықтарынан су алатын болса, бізге де келетін көлем ұлғаюы мүмкін еді, – деді ол.
Сонымен, күріштің жайын қыс­қаша баяндадық. Су тапшылығынан шығып тұрған жайтты түсіндік. Де­генмен аз уақыттың ішінде бағаның қымбаттауының түпкі мәні әлі то­лық ашылған жоқ. Біздің болжауы­мызша, екі себеп бар. Біріншісі, көрші елге өзеуреген жауапты­лар­дың экспортты шамадан тыс асыр­ғаны. Екін­шісі, диқандардың, за­уыттардың жұ­мыс процесіне керекті тауарларының қым­баттауы. Қалай алғанда да, мәселе алдағы уақытта маңыздылығын жоғалтпайды.