Ақмола облысы Аршалыда мектепті жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын талан-таражға салғандар сотталды. Олар сеніп тапсырылған аса ірі мөлшердегі ақшаны қалтасына басқан, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Аршалы аудандық сотының үкімімен «Еңбек Аршалы» ШЖҚ МКК филиалы директорының міндетін атқарушы К.Асмагиев 7 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын орташа қауіпсіздікті түзеу мекемесінде өтейтін болды. Сонымен қатар мектепті жөндейміз деп іске кіріспек болған мердігер компаниялардың директорлары ағайынды Жаманшаловтар да 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу мәліметтері бойынша, олар 2019 жылдың тамызынан қыркүйегіне дейінгі аралықта Аршалы ауданында орта мектеп ғимаратын жөндеуге бөлінген 26 499 067 теңге бюджет қаражатын жымқырып кеткен.
«Сотталушылар өмір бойы мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда лауазым атқару құқығынан айырылады. Сот үкімін жариялау «Еңбек Аршалы» филиалы ұжымының сот залында қатысуымен өткізілді», – деді Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінен.Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Ақмола облысы