«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің қолдауымен елдегі коррупцияға қарсы саясатты жүзеге асыру мақсатында жастарды жұмылдыруға бағытталған «Әділетті Қазақстан – жастардың таңдауы» атты акцияның басталғанын хабарлады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сұрақтар бойынша тегін кеңес алуға болатын арнайы 1463 Call орталығына қосылды, сонымен қатар жастардан хабарламаларды қабылдап, өзекті жаңалықтарды жеткізетін ұйымның әлеуметтік желідегі парақшалары ашылды.
Акция аясында Ғылым және жоғары білім министрлігімен серіктестік жөнінде меморандумға қол қойылып, өз кезегінде ол студент жастарды акцияға жұмылдырып, ЖОО қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өзектілігі – оның кешенді сипатында. Мемлекеттің ғана емес, бүкіл азаматтық қоғамның шоғырландырылған күш-жігері қажет. Сондықтан біз бүгін «Әділдік жолымен» серіктестік жөнінде меморандумға қол қойдық. Меморандумның басты мақсаты – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылыми ұйымдардың студенттері мен қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықтық мәдениетін қалыптастыру, құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау».
Акция ұйымдастырушылары «Әділдік жолы» РҚБ атынан Ғылым және жоғары білім министріне ашықтығы, акцияны қолдауға және іс жүзінде өзінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұстанымын көрсетуге дайын екені үшін алғыс білдірді. «Жақында ғана көпшілігіміз Әділетті Қазақстан үшін таңдау жасадық. Енді жастардың бұл арманға жетуіне нақты мүмкіндік бар. Әрбір азамат сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге өз үлесін қоса алады, ал біз нақты құралдарды ұсынамыз».