Анаға жасалған жақсылық
Анаға жасалған жақсылық
5,233
оқылды
Бүгінде Nur Otan пар­тия­сы­ның пәрменімен тұрғын­дардың түйткілді мәселе­лерінің түйіні тарқатылып, қоғамдық қабылдауларға қайырылған қара халық­тың өтініш-тілектері қанағат­тан­дырылуда. Nur Otan пар­тиясы Жамбыл облысы Қор­дай аудандық филиа­лының кең­сесінде Қордай ауылының әкімі, партия филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Рахат Сахатовтың өткізген қо­ғам­дық қабыл­дауында да жал­ғыз­басты ананың өтініші ес­керусіз қалмады. Қабылдау барысында ауыл әкімі тұрғындардың арыз-шағы­мын тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Өтініш айтып келген ауыл ағайындарының дені әлеуметтік мәселелерді көтерсе, 3 бала тәр­биелеп отырған жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі ана Сезім Бапалаева үйіне ауызсу кіргізіп беруді сұрады. Ол кішкентайынан цереб­ралды параличке (ДЦП) шалдық­қан. Анасы зейнет жасында бол­ғандықтан, мүмкіндігі шектеулі қызына Танзиля Нишанова есім­ді күтуші қарайтынын айтты. Сезімнің 3 баласы мектепке дейінгі жаста болғандықтан анасына қол­ғабыс ете алмауда. Сексеннің сең­гіріне келген анасының да сырт­­қа кіріп-шығуы қиындап кет­­кен. Сондықтан жалғызбасты ана қо­ғамдық қабылдауға партия өкілдері үйіне ауызсу құбырын жүргізіп беруге ықпал етеді деген үмітпен келген. Өтініш иесінің мәселесіне бейжай қарамаған ауыл әкімі Рахат Сахатов кәсіпкерлердің басын қосып, сондай-ақ «Қордай су» коммуналдық кәсіпорнына қол ұшын беруді тапсырды. Көп ұза­май партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Сезім Бапалаеваның үйіне аталған коммуналдық кәсіпорнының қолдауымен су құбыры тартылды. Ал кәсіпкерлердің демеушілігімен мүмкіндігі шектеулі жанның тұр­мысына қажетті жағдай жасалынып, арнайы жуынатын бөлме де салынды. – Қуанышымда шек жоқ. Бұған дейін ауызсуды сырттан тасу мұң болса, қазір үй ішіндегі құбырдан таза су сарылдап ағып тұр. Сондай-ақ жуыну бөлмесін де кәсіпкер жігіттер дайындап берді. Оларға деген алғысым шексіз. Осындай қиын сәтте қол ұшын берген адамдардың жақсылығын ешқашан ұмыт­пас­пын. Оның ішінде қара ха­лықтың тілек-өтінішіне құлақ асып, демеу көрсетіп жүрген Nur Otan партиясына дән ризамын. Бұқараның жоғын жоқтайтын партия осындай болуы керек. Менің жағдайымды түсініп, жақсылыққа себепші болған барша азаматтарға алғыстан басқа айтарым жоқ, – деді Сезім. Иә, халықтық партияның пәрмені деген осы. Бұқараның қамы үшін жасалған мұндай игі істер әрдайым жұрт жадында қалары анық.   С.САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы