Қажымұқанның бәйбішесі, Шоқан Уәлихановтың ұстазы, Мұхтар Әуезовтің достығы жайында ел білмейтін деректер
Кеше Ұлттық академиялық кітапханасында Марғұлан Баймұхан мен Жандос Каринбаевтың «Қазақ-поляк байланыстарының тарихы танымал тұлғалардың мысалында» атты кітабының таныстырылымы өтті. Негізі, бұл еңбек Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, сондай-ақ биыл аталып жатқан Қазақстан мен Польша арасындағы дипломатиялық қатынастың орнауына 30 жыл толуына арналған. Бұл еңбектің алдымен қазақшасы жазылып, кейін аудармасын жасаған. Он екі бөлімнен тұратын еңбекте екі елдің біртума азаматтары туралы тың деректермен қамтылған.
Бүгінгі Қазақстан мен Польша екіжақты байланыстың жыл санап артып, өзара ынтымақтастыққа үйлесіп, бауырластыққа бой алғаны бәріне мәлім. Тамыры тереңге жайылған қазақ-поляк байланысы кеңінен тарқатса, тарихи құндылықтарға өте бай. Осындай тың деректер осы еңбекте жинақталған. Мысалы, революционер ретінде белгілі Адольф Янушкевич негізі өз халқының азаттығы үшін күресіп, артынан сол үшін тұтқындалған. Алайда көпшілік оның қазақ даласына жасаған саяхатын, жолында жүздескен, сыр шерткен тұлғаларын біле бермейді.
Жандос Каринбаевтың айтуынша, Янушкевичтің еңбегінен көптеген қызық деректер тапқан.
– Мысалы, оның екі бауыры көтеріліске қатысқан үшін Еуропа асып өлтіреді. Сөйтіп, Януари деген бауыры қара шаңырағында қалады. Густав Зелинский «Қазақ» поэмасын жазғанда қатал сыншының рөлін атқарып, оның еңбегін тексеріп, түзеген жақын досы Адольф Янушкевич болған. Ал сол еңбектің басылуына жаңағы Януари үлкен септігін тигізген. Екіншіден, Янушкевич Абылай ханның баласы Сүйік сұлтан келе жатқанда қазақтың музыкасы ойнағаны туралы жазады. Осыдан-ақ қазақта хан-сұлтандарды күтіп алудың қалыптасқан дәстүрі, белгілі бір протоколы болғанын аңғартады. Сосын тағы бір мәлімет – Янушкевич 150 жыл бұрын саяхат кезінде «Ақмола – тұтас даланың келешек астанасы» деп айтқан. Оның бұл жазбасын оқып, болашақты болжап, сараптама жасаған қабілетіне таңғалдым.
Оған қоса, ол айдауда болған жиырма жылдың ішінде анасы, бауыры мен достарына 600-ге жуық хат жолдапты. Соның бәрін анасы көзінің қарашығындай сақтап, оның жария болуына келіспеген. Кейуана дүниеден өткен соң ғана бауырлары сол хаттары мен күнделігін үлкен еңбек етіп шығарып, шағын таралыммен басып шығарған. Қызығы, осы кітапты жазу кезінде Шоқан Уәлихановқа тарих пәнінен сабақ берген, ұлты поляк ұстазы Глярий Гонсевскийдің Вильнюс қаласында жерленгенін анықтадық. Ол туралы зерттеу жүргізген поляк ғалымдары зиратқа инвентаризация жасаған. Алайда оның дәл сол зиратта жерленгенін анықтап, ғылыми дәлелдер арқылы бірінші болып біз жаздық, – дейді кітаптың авторы Жандос Каринбаев.
Сондай-ақ кітапта айдауда жүрген кезінде қазақтар жайында алғашқы поэма жазған Густав Зелинский, саяхатшы, суретші, Маңғыстауда айдауда болған Бронислав Залесский, Алматы қаласының дамуына ерекше із қалдырған архитектор, инженер Ян Козелл-Поклевский, ұлы Абаймен достық байланыс орнатқан Северин Гросс, музыка зерттеушісі, композитор, этнограф Александр Затаевич туралы тарқатып жазылған. Интеллигенция өкілдерінен бөлек, патшалық кезеңде қазақ даласында дәрігер болған поляктар, сондай-ақ біздің дәрігерлер туралы мәліметтер де енген. Соның ішінде айтар болсақ, Варшавада оқыған қазақтар, яғни Қазақстанның тұңғыш прокуроры Қанай Боранбаев, ветеринар-ғалым Әбілмәжін Күшіковті де ұмыт қалмаған. Тіпті, бұл еңбекте Қажымұқанның бәйбішесі, ұлты поляк Бәтима туралы да тың деректер бар.
– Келесі бір қызық мәлімет: әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Чеслав Милош поляктың танымал ақыны, жазушысы Александер Ваттан алған сұхбаты кітап болып шығады. Сонда Александер КСРО-мен арадағы келісім бойынша Алматыда отбасымен табысуға мүмкіндік алғанда Мұхтар Әуезов үйіне шақырып, оны қонақ қылған екен. Соны ол «Лев Толстойға тең келетін қазақтың жазушысы Мұхтар Әуезовтің үйінде қонақта болдым. Коммунистік-социалистік индоктринадан алыс екені байқалады. Үйі кең, бір шетінде фортепиано тұр. Сөрелерінде Гетенің еңбектері тұр. Менімен сөйлескенде поляк халқының тарихын жақсы білетінін аңғардым» деп тың естелік айтады. Ал оның әйелі Ола баласымен бірге ШҚО-ның Күршім аймағына жер аударылған кездегі жергілікті қазақтардың қамқорлығын былайша еске алады: «Әдепкіде совхозда барақта тұрдық. Сосын күн суып кеткен соң қазақтардың үйінде жаттық. Бір күні үйде отырғанда денем қалтырап, қатты ауырып қалдым. Үй иесі қазанда бұрқылдап қайнап, бетінде майы қалқып тұрған сорпаны үлкен кесеге құйып, оған айран қосып, маған берді. Әдетте, қолыма түскен тағамды бірінші балама беруші едім, осы жолы алдымен өзім ішіп көргім келді, іштім. Сонда әр жұтымын ұрттаған сайын тұла бойыма қурап қалған, тақырға айналған далада толассыз жаңбыр жауып өткендей әсерін тигізді. Ертесі айыққанымды сезіндім». Міне, кітап осындай тың деректерге бай, – дейді Жандос Каринбаев.
Кітаптың екінші авторы Қазақстанның Бельгия Корольдігі мен Люксембург Ұлы Герцогтығындағы Төтенше және өкілетті елшісі, Қазақстанның Еуропалық Одақ пен Солтүстік Атлантикалық келісім ұйымындағы (NATO) миссия жетекшісі Марғұлан Баймұхан сөз сөйлеп, бұған дейін кітаптың тұсаукесері Варшавада өткенін тілге тиек етті.
– Екі елдің арасындағы тығыз қарым-қатынасының түп тарихын, тың деректерін анықтап, көрсетпек болдық. Әсіресе, әлемге белгілі тұлғалардың мемлекетаралық байланыс орнатуға қаншалықты ықпал еткенін, екі ел арасындағы татулықтың нығаюына себепкер болған факторларды көрсетуге тырыстық. Бұл еңбекті жинақтауым Қазақстан елшілігінде істеп жүргенімде бастаған едім. Артынан Жандос мырзамен Польшада кездейсоқ жүздесіп, арман-тілегіміздің бір жерден шыққаны бізді тоғыстырды.
Нәтижесінде, осындай үлкен еңбектің жинақтауына себепкер болдық. Мысалы, Мұстафа Шоқай жайында мәліметтер өте көп. Мұстафаның атасы Торғай датқадан: Шоқай Қалымбет, Әліш және Осман атты перзенттер тарайды. Әкесі Шоқай қайырымды ісімен, байсалды мінезімен, әділ сөзімен ел ішінде беделі зор болған. Сондықтан Шоқайдың әкесі Торғай датқадай мансабы болмаса да, ел іші оған би атағын беріп, Шоқай би атаған екен. Бәйбішесінен ұрпақ сүймегендіктен, екінші рет үйленіп, әйелдікке Мұстафаның анасы Бақтыны алады. Ол – Бақты хан әулетінің өкілі, арабша хат таныған, жыр-дастанды жатқа білген, көзі ашық жан болыпты. тіпті, бір деректерде оның орыс отаршылдығына қарсы жорықтарға қатысқан жауынгер қыз ретінде айтылады. Сөйтіп, Шоқайдың бес перзенті, үш ұл мен екі қызы осы – Бақтыдан. Ал Мұстафа – отбасының төртінші перзенті. Эммиграция жылдары Мұстафа өзінің ата-анасының маңында өткізген уайымсыз балалық шағын жиі еске алып отырған. Мұны өзінің жары Мария Яковқызына жазған хаттарының бірінен көруге болады: «Сен білесің бе, менің шешем (әкесінің бірінші әйелі) туған анам болмаса да, мен оны өзімнің туған анамдай жақсы көремін. Ол идеал ана еді. Бала кезімде шешекпен ауырғанымда үш апта бойы менің жанымнан кетпеген есімде. Мені аяғына салып, ұдайы күтім жасады. Оның жанашырлығы арқасында біз тәні де, жаны да сау болып өстік. Мені өзі жуындырып, киіндіретін және мектепке шығарып салатын. менің әрбір жетістігіме қуанушы еді», – дейді Марғұлан Баймұхан.
Кітаптың таныстырылымына қатысқан Польша Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Селим Хазбиевич, Мұхит – Ардагер Сыдықназаров, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Амангелді Қашқымбаев, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Дипломатия институтының директоры Алексей Волков өздерінің жылы лебізін білдірді.