Әйелдер форумы – Маңғыстауда
Әйелдер форумы – Маңғыстауда
545
оқылды
«AMANAT» партиясы Саяси менеджмент академиясының бастама­сымен республика көлемінде өтіп жатқан «Ел дамуындағы әйелдердің рөлі» форумы Маңғыстау облысына да жетті. Ш.Есенов атындағы Каспий техно­ло­гиялар және инжиниринг университе­тінде қоғамдағы әйелдердің рөлін тұрақ­тан­дыру, саяси-қоғамдық белсенділігін арт­тыру мәселелерін маңғыстаулық 200-ден астам қатысушы талқылады. Форум­ға «AMANAT» партиясының Маң­ғыстау облыстық филиалының ат­қару­шы хатшысы Нұрбек Қарасаев, Ұл­т­тық құрылтай мүшесі, заңгер Айгүл Орын­бек, танымал кәсіпкер Гүлшарат Джу­баева, Маңғыстау облыстық Денсау­лық сақтау басқармасының отбасын жос­парлау және репродуктивті әйелдер ден­саулығының үйлестірушісі Қабира Нұғ­манова, қаржы маманы Шолпан Тұя­қова, тележүргізуші Мейрамгүл Мә­дәлі қатысты. Сұрақ-жауап форматында өткен кез­десуде өңіріміздің әр ауданынан жиыл­ған әйелдер спикерлерге түрлі сауал қой­ды. Кездесуге арнайы шақыртылған спи­керлер әйелдердің саясаттағы бел­сенділігі, құқықтың және қаржылай сауат­­ты­лығы, сондай-ақ дені сау отбасын жос­пар­лау мен ерте жүктіліктің алдын алу та­қырыптарын тарқатты.
«Әйелдердің қаржы турасында сауат­ты болуы аса маңызды. Сол арқылы бала бойында да қаржылық сауаттылық қа­лып­тасады. Жалпы, қаржылық сауат­ты­лық дегеніміз – несие бойынша жауап­кер­шілік таныта білу және түрлі бюджетті бөлуге белсене араласу. Мысалы, соңғы кез­дері «несие кешіріледі» деген ақпарат та­рап жүр. Осыған алданып, дұрыстап зерт­темей көп әйел жалған ақпарат тара­тушылардың жетегінде кетіп жатыр. Иә, Үкімет банкроттық туралы заң жобасын дайындап жатыр. Бірақ мұның да кері эффектісі бар. Мәселен, сіз өзіңізді банк­­рот деп таныған жағдайда өмір бойы осы тізімде тұрасыз, ел шекарасы­нан шығу құқыңыз шектеледі», – деді Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агент­тігінің Ақтау қаласындағы Өңірлік өкіл­дер басқармасының бас маманы Шол­пан Тұяқова.
Одан бөлек, форумға қатысушылар ша­ғын және орта бизнесті дамыту, ар­найы және қайтарымсыз грант иелену, жеңіл­детілген несие алу жолдары бойын­ша мамандардан мәлімет алды. Фо­рум соңында қатысушылар осындай жиын­ды облыстың әр аудандарында өт­кізу қажеттілігі туралы айтып, шалғай ауыл­дарда да ақпараттық-танымдық фо­рум ұйымдастыру бастамасын кө­терді.