«Қыз Жібек» тек махаббат жайлы кино емес – Меруерт Өтекешова
«Қыз Жібек» тек махаббат жайлы кино емес – Меруерт Өтекешова
2,008
оқылды
«Қыз Жібек» пен Меруерт Өтекешова есімі қазақ үшін егіз ұғымға айналып кеткен. Сұлулық пен іңкәрліктің, адалдық пен парасаттылықтың нышаны. Тіпті, жылдар өтсе де, мөлдір махаббат символына айналған фильмнің көрермендері азайған жоқ. Себебі тарихи картинаның бас кейіпкерлерінің өмірі халықтың алдында өтті. Жақында еліміздің еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Меруерт Өтекешовамен әңгімелестік. – Қазақ классикасына айналған «Қыз Жібек» фильмінің жарыққа шыққанына 50 жылдан асты. Әлі күнге дейін қанша рет көрсе де, көрермен жалықпайды. Дегенмен қазір дәл «Қыз Жібектей» бірегей фильмдер неге аз? – Қазір тарихи кинолар көп түсіріліп жатыр. Бірегей фильм жоқ деп айтуға бол­майды. Себебі заман да, қоғам да басқаша. Қазақ хандығы жайлы түсіріліп жүрген кинолар маған ұнайды. Әсіресе, режис­­серлердің ізденістері байқалды. Мұндай фильмдерді көптеп түсіруіміз керек. Жас­тар фильмдер арқылы халқымыздың тари­хымен танысады. Қазір барлық адам бірдей кітап оқиды деп айта алмаймын. Олар кітап оқығаннан гөрі, кино қарағанды жақсы көреді. Ендеше біз салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды тек кино арқылы таныта аламыз. «Қыз Жібекті» Ғабит Мүсіреповтің сценарийі бойынша мықты режиссер Сұлтан-Ахмет Қожықов түсірді. Сондықтан да «Қыз Жібек» фильмі жайлы әңгіме болғанда, кинокартинаның режиссері Сұлтан аға жайлы, ал жалпы өнерге, қазақ өнеріне еңбек сіңірген Қожы­қовтар туралы айтпай кетуге болмас. Сонау тарихы тереңде жатқан сәулет өне­рінің, бейнелеу өнерінің насихаттаушысы, аса жетік меңгерген әрі осы әулеттен шық­қан Сұлтан ағаның соғыста жараланып, елге оралуы «Мосфильмнің» Алматыға қоныс аударуымен тұспа-тұс келеді. «Абай әні» фильміндегі «Толағай» әнінің эскизін жасаған үлкен ағасы Құлахметтің ақы­лымен киноға бет бұрса керек. «Мәскеудегі С.Герасимов атындағы Бүкілресейлік ұлттық кинематография институтының режиссерлік бөліміне оқуға түс, кең көлем­ді фильм түсірейік», – деп ақыл айтып, жол көрсетеді. Ол заман ұлттық нақыштағы кинофильм жоқтың қасы. Тіпті, ұлттық өнер деген терминнің өзі де айтыла бер­мей­ді. Ал халықтық салт-дәстүр, әдет-ғұ­рып­қа негізделген аңыз жыр-дастандар жеткілікті. Не істеу керек? Осы идеямен сол кездегі мәдениет министрі Ілияс Ома­ровқа ұсыныс жасап, халықтық мұраның алтын жәдігері – «Қыз Жібек» эпосының желісімен кино түсіру де осы азаматтардан бастау алғанын біреу білсе, біреу білмеуі де мүмкін. «Қыз Жібек» тек махаббат жайлы кино емес. Фильмнің астарында терең философия мен халқымыздың бай тарихы жатыр. «Қыз Жібекке» сол кездегі ең мықты актерлер мен өнер иелері атсалысты. Нұрғиса Тілендиев пен Қадыр Мырза Әли ағаларымыздың да фильмге үлес қосқаны – киноны классикаға айналдырды. Осылайша, фильм қаншама өнер иелерінің жолын ашты. «Қыз Жібек» тек Қазақстанға танымал болған жоқ. Фильмді шетелдер де сатып алып жатты. Осы арқылы әлем ел­де­рі қазақтың мәдениетімен, салт-дәстүрі­мен танысты. Өзім де «Қыз Жібекті» қайта­лап жүз рет көрдім. Фильм жайлы әлі де ұзақ айтуға болады. Кинотанушылар да «Қыз Жібекті» елу жыл өтсе де, неге халық жалықпай көреді?» деп айтып жүр. Зерттеп жатқандар да баршылық. Менің ойымша, оның бір ғана сыры – киноның тәрбиелік мәнінің жоғарылығында. – Сонда фильм басқа елдерде де көрсе­тілген бе? Шетелдіктер «Қыз Жібекті» қалай бағалады? – БАМ-да (Байкал Амур Магистралі) бол­дық. Шығыс Сібірді араладық. Амур­дағы Комсомолда, тағы басқа жерлерде бол­дық. Тблисидегі бүкілодақтық кино­фестивальде біздің фильм жүлде алды. Осы қалада фильмнің үздік суретшісі ретінде Гүлфайруз Ысмайылова апамыз марапат­талды. Димаш Ахметұлының бір баяндама­сында «Қыз Жібек» фильмінен 100 мил­лион сомнан артық табыс түскені айтыла­ды. Қазақ халқы бұл фильмді үлкен махаб­батпен көрді, әлі күнге дейін көріп жатыр. Одаққа тарады. Комсомол пойызымен БАМ-ға кездесуге барғанымда, орыс ұлты­ның өкілі маған бір банкі қара уылдырық сыйға тартты. «Қазақ деген халықтың бар екеніне таңғалып тұрмын», – деді ол. Фи­льм шетелдерге көп сатылды. Оның қыс­қар­ған себебі де сол. Талап бойынша екі сериялы фильм 2 сағат 20 минуттай болуы керек. «Қыз Жібектің» толық нұсқасы 2 сағат 35 минут еді. Режиссер Сұлтан Қожықов жылап отырып, 20 минутқа жуық лентаны қиды ғой. Содан инфарк та алды. Қиылғаннан кейін, фильмнің аяғы бітпей қалғандай болды. Ең қиыны, бірінші се­рия­дан соң басталғаны. Екіншісіне қаржы жоқ деген. Не істеу керек? Сол кезде «Со­циалис­тік Қазақстан» газетінің редакция­сында түсіру тобымен баспасөз мәслихаты өткені есімде. Біз тілшілерге өз мәселемізді жеткіздік. Арада бірсыпыра уақыт өте келе толассыз хаттар келе бастады. Жұртшылық «Егер мемлекет ақша бермесе, біз өзіміз жинаймыз» деп үн қосты. Сол кездегі бас­шымыз Дінмұхаммед Қонаевқа алғысымыз шексіз. Мәскеумен хабарласып, алдағы фильм­нің жалғасы үшін қаржы бөлуге рұқсат алды. Сол кезде басшылықтағы­лардың көбі «Тоқтатыңдар, бір серия жетеді!» деп байбалам салған. Жатқан жері жайлы болсын, Ілияс Омаров та «Тек, осы актерлер ғана түсуі тиіс» деп табандылық танытты. Өмір сүрген сайын үйренесің... – Қыз Жібек жарыққа шыққан кезде сіз небәрі 17 жаста едіңіз. Кинодан кейінгі өмі­ріңіз қалай өзгерді? Жас қызға бүкіл Ке­ңес Одағына танымал болу қиын соқпады ма? – Жоқ. Танымал болдым деген сенім ойыма да кірмепті. Ол кезде оныншы класты бітірген кезім еді. Кинодан кейін бір жылдан соң Құрманғазы атындағы Өнер институтына түстім. Сол кезде ко­мис­сия «Сен Қыз Жібекті ойнадың ғой» деп қараған жоқ. Барлық студенттер емти­ханды қалай тапсырса, мен де солай тап­сыр­дым. Кейбірі «Ой, оған жеңілдік жасаған шығар» деп ойласа ойлаған шығар. Бірақ шындық – осы. Хадиша Бөкеева – менің ұстазым. Құман ағаңыз екеуміз де сол кісінің шәкірттеріміз. Ал «Қыз Жібекті» ойнаған кезде менде актерлік білім болған жоқ. Құдайдың берген болмысымен ойнап шықтым. Режиссерлер мен жанымдағы серіктестеріммен дайындалдық. Фильм үшін бірнеше кітап та оқыдым. Шыны керек, бұл киноға түсуге ойда жоқта келдім десем болады. Ол кезде мектепте оқимын, актриса атанамын деген ой мүлдем болған жоқ. Іріктеудің өтіп жатқанынан хабардар болып барсам, толған қыздар… Шеттерінен бәрі әдемі. Әрқайсысы өз-өзіне сенімді. «Мәссаған, мына сұлулардың арасында маған не бар?..» деп ойлап қоямын. Бір қызығы, олардың бірен-саранын есептеме­генде, көпшілігі іріктеудің екінші кезеңіне де өткен жоқ. Кейін режиссерден білгенім­дей, келген 400-ге жуық қыздың жүзі көрікті болғанымен, жүректерінде өнерге деген сүйіспеншілік аз екен. Оның үстіне, тапсырылған рөлді өз деңгейінде ойнап шығуға біразының қабілет-қарымы жетпе­ген деседі. Содан болар, шығармашылық топтағы өнер иелерінің көпшілігі менің қабылданғанымды қалап, сабақты ине сәтімен демекші, көп ұзамай Жібектің рөліне бекітілдім. Көркемдік кеңес алғашында мені жас деп екіұдай ойда болғаны рас. Ал Сұлтан Қожықов ағамыз жас болсам да маған сенді. Бұл сенімнің аста­рын мен кейіннен түсіндім. «Қыз Жі­бек пен Төлегенді тәжірибелі актерлерден гөрі жас, көздерінде ұшқын оты жалын­даған жастар ойнауы керек» деген Сұлтан ағамыздың сөзі есімде. Артылған сенімнің жүгі ауыр, әлбетте. Сондықтан кино бары­сында бар қарым-қабілетімізді көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына бөлендік. Меруерт Өтекешова – Ал қазір жас актрисалар бір киноға түскеннен кейін, өздерін «жұлдыз» сезінеді ғой... – Ол дұрыс емес. Өмірде қарапайым болып қалу керек. Мен біраз жасқа келдім. Кинода да, театрда да небір рөл сомдадым. Түсінгенім, өмір бір кинодан немесе бір спектакльден кейін бітпейді екен. Ары қарай жалғаса береді. Өмір сүрген сайын үйренесің. Актриса ретінде де, адам ретінде де. Кезінде Құман да, мен де өзімізді жұлдызбыз, танымалмыз деп санамадық. Біз ата-әжелеріміздің киноны көргеніне қуана­тынбыз. 70-80-жылдары қариялар кино көрмейтін. Бірақ «Қыз Жібекті» ауылдың кішкентай клубына барып көрді. Біз үшін осыдан асқан бақыт жоқ еді. Ал қазір смартфонның заманы ғой. Екі адамның бірінде телефон бар. Сол арқылы әлемнің арғы шетіндегі жаңалықтарды жедел біліп отырмыз. Мүмкін қазіргі жас­тар­дың танымал болуға деген құштар­лығына смартфондардың да әсері бар шығар. – Сіз ХХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы сұлулықтың символына айналдыңыз. Қалың көрермен кинодағы рөліңізге риза болып, қыздарына Жібек деп есім қойып жатты. Ал қазір – ХХІ ғасыр. Бүгінгі сұлулыққа, әдемілікке деген өлшемге көңіліңіз тола ма? – Қазір сұлу қыздар көп. Қоғамның сұлулыққа деген көзқарасы да басқаша. Сұлу деп адамның сырт келбетіне ғана баға беруге болмайды. Ең бірінші қыздардың жаны таза, сенімі сұлу болуы керек. Сондай жанға қай жағынан қарасаң да мінсіз көрінеді. Аллаға шүкір, қазір жастар­дың арасында ақылына көркі сай бойжет­кендер көп. Қазақ қыздары бұрын да осындай болған, қазір де сондай. Рөлдерімді бөліп-жармаймын – Өнердегі жолыңызды кинодан баста­дыңыз. Десе де, кино мен театрдың қайсына бүйрегіңіз бұрып тұрады? – Театр – үлкен өнер. Ол – менің екінші үйім. Сондықтан маған театр ұнайды. Көрерменмен бетпе-бет жүздесіп, сахнада өнер көрсетудің орны бөлек. Себебі актер мен көрермен арасында шынайы байланыс орнайды. Сахнада көрерменнің ішкі жан дүниесіне үңіліп, оның толғаныс-тебіреністерін тереңірек түсінесің. Жас күнімізде бос уақытымыздың көбін театрда өткізетінбіз. Демалыс күндері дайындық болса қуанатынмын. Себебі театрдың әсері керемет. – М.Әуезов атындағы ұлттық театрда М.Әуезовтің «Қарагөзінде» басты рөлді, «Еңлік-Кебегіндегі«Еңлікті, Т.Ахтановтың «Жоғалған досында» Ғайниді, Д.Исабековтің «Әпкесінде» Гауһарды, Ә.Әбішевтің «Кәусарында» Кәусарды, Н.Әбутәлиевтің «Өттің, дүниесінде» Ханшаны, А.Сүлей­менов­тің «Жетінші палатасында» Медби­кені, Ғ.Мүсіреповтің «Амангелдісінде» Бану­ды, С.Мұқановтың «Мөлдір махаб­батын­да» Бәтестің анасын және басқа да рөлдерді шебер сомдадыңыз. Қай рөліңіз жаныңызға жақын? – Әр рөл, тіпті кішкентай рөл болса да маған жақын. Неге десеңіз, мен сол кішкентай эпизодта сол адамның өмірін көрсетемін. Сондықтан барлық рөлім жаныма жақын. Кинодағы жолымды Қыз Жібектен бастағаннан кейін, мүмкін бұл рөл ыстығырақ шығар. «Өрнек» фильмінде директордың рөлін ойнадым. Бұл образ ауылды басқарған қайсар әйел ретінде жақын болды. Ал театрда Ш.Айтматовтың «Жер ана» спектакліндегі Алима бірінші рөлім болды. Сосын М.Әуезовтің «Қара­гөзі« жақын. Асанәлі ағамыздың «Шоқан» фильмінде Шоқанның анасын, «Аждаһа жылында» қытай әйелін ойнадым. Рөл­дерім­ді бөліп жармаймын. Бірақ осы атап айтқандарым ерекше есімде сақталған об­раздар. – Қаншама жылдан бері шәкірт тәрбие­леп келесіз. Сіз қандай ұстазсыз? Және сіздің өнердегі ұстаздарыңыз кімдер? – Ең бірінші, институттан бастап сабақ берген Хадиша Бөкеева апайымыз. Хадиша апамыз ғажап актриса, ұлағатты ұстаз, Кеңес Одағының Халық артисі, лауреат еді. Сондай адамнан тәрбие алғанымыз біз үшін мақтаныш. Хадиша апайымызбен бірге белгілі театр сыншысы, жазушы Әшірбек Сығай ұстаздық етті. Ол кісімен кейін театрда қатар жұмыс істедік. Театр атты киелі шаңы­рақ­тың бүгінгі келелі мәселелерін ортаға салып, пікір бөлісетінбіз. Ал кино­дағы актердің ұстазы – режиссері. «Қыз Жібекте» Сұлтан Қожықовтан көп үйрен­дім. Ол кісі қайталанбас режиссер еді. Фарида Шәріпова, Әнуар Молдабеков, Аса­нәлі Әшімов, Сабира Майқанова, Бе­кен Римова, Раушан Наурызбаевадан үйренгендерім көп. Себебі жас кезімде бе­ріл­ген рөлге кіріспес бұрын, сол спек­такльді біздің алдымызда ойнаған әртіс­тердің қойылымдарын бірнеше рет қайта­лап көретінмін. Түсіне білген адамға бұл да үлкен мектеп. Мені шыңдаған, мен үшін қасиетті шаңырақ – М.Әуезов атындағы ұлттық театр. Ал енді мен қазір қандай ұстазбын? Ең бірінші, бала жанын түсінуге тырысамын. Себебі қазір жастар басқаша. Оларға жиі-жиі түсіндіріп айтып отыру керек. Жол көрсету қажет. Түсінбесе, асықпай айтып, түсіндіру керек. Айқай-шудан ештеңе шық­пайды. Жұмсақ болмасам да, алдым­дағы студенттер мені түсінеді. – Өмірде бақытты әйелсіз бе? Әлде ба­қытты актрисасыз ба? – Хадиша апай бізге ең алдымен адам болу керек, содан кейін актриса деп үй­реткен. Мен де қазір солай айтамын. Өнер­де жүру керек, бірақ отбасын ұмытпау қа­жет. Семьясыз өнер болмайды. Барлығы гармонияда болуы керек. Ал мен өмірде де, өнерде де бақыттымын. Бір кездері отбасы­лық жағдайларға байланысты армандаған рөлдерімді де ойнай алмай қалдым. Бірақ әр істің қайыры бар екен. – Құман ағаның орындай алмай кеткен армандары болды ма? – Болды. Құман екеуіміздің арманымыз көп еді. Бірақ тағдыр солай болғанын қалаған шығар. Биыл сол армандардың бірін жүзеге асырдым. «Қыз Жібек» жайлы деректі фильм түсірдік. Құдай бұйырса, 1 сағат 40 минуттық фильмді келесі жылы жариялаймыз. Бұл жердегі біздің мақса­тымыз – жастарға халқымыздың мәдени мұрасын таныту. Деректі фильмге «Қыз Жібекке» атсалысқан кино саласындағы небір мықты майталмандарымыз түсті. Құманның тағы бір арманы кітап, фото­альбом шығару еді. Алдағы жылы кітап шығатын шығар деп ойлаймын. Бұл не үшін керек? Ең бірінші, кітап – өшпейтін тарих. Кітапхана мен мұражайдың бір бұрышында тұрса, оқырман әйтеуір қызы­ғып қарар еді. «Қыз Жібек» те үлкен тарих. Ол фильмде қазақтың танымал тұлғалары мен аңыз әртістерінің ізі қалған. Қазірше осыны ғана айтатын. Құманның арманы көп еді. Өзі болмаса да, маған артып кеткен міндетін орындап жүрмін. – Әңгімеңізге рақмет!