Атырауда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) бастамасымен тұңғыш отандық QazPolymers-2022 форумы өтті. Басқосуға ғылым, даму институттары, саладағы бизнес қауымдастық өкілдері, медициналық техника, құрылыс, орау материалдарын, пластикалық құбырлар өндірушілер, сондай-ақ мұнай өңдеу, мұнай химиясы мен басқа да отандық және шетелдік компаниялардың өкілдері жиналды. Форумға қатысушылар Қазақстан экономикасындағы тұңғыш газ-химия кешені – полипропилен өндіретін Kazakhstan Petrochemical Industries Inc (KPI) ЖШС зауытын аралап, кешеннің жұмысымен танысты. Нұрлан Балғымбаев атындағы коммуникацияларды дамыту орталығында өткен форумға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Баталов, «Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев, сондай-ақ Атырау мұнай және газ университетінің ректоры, профессор Гүлзада Шакуликова қатысты. Қатысушылар полимер импортына тәуелділікті төмендету үшін бизнес байланыстарды арттыру және тауар өтімділігін қамтамасыз ету мақсатында алғышарттарды қалыптастыру, мемлекеттік қолдау шаралары мен отандық полимер шикізатына ішкі сұранысты ынталандыру мәселелері тақырыптарында пікір алмасты. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанның географиялық орнын және көмірсутектерді қолдана отырып, жоғары технологиялық өнімдер жасау мүмкіндігін ұтымды пайдалану керегін атап өтті.
«Бүгінде полимер өнеркәсібі – әлемдік экономиканың ең жылдам дамып келе жатқан сегменттерінің бірі. Саланың әлеуеті жоғары. Біз Қазақстанның ұтымды тұстарын, яғни тиімді географиялық орнымызды, көмірсутек ресурстары базасында жоғары технологиялық өнімдерді дамыту бойынша кең мүмкіндіктерімізді өнеркәсіп, тамақ, тұрмыстық, медициналық және басқа да салаларда құны жоғары түпкілікті өнім шығару үшін тиімді пайдалана білуіміз керек», – деді М.Мырзағалиев.Мағзұм Мырзағалиев Қазақстандағы индустрияның одан әрі дамуына полипропилен өндіретін газ-химия кешені «KPI» зауытының серпін беретініне сенімді. Кешен толық өндірістік қуатына, яғни жылына 500 мың тонна түрлі маркалы полипропилен өндірген кезде аса ірі әлемдік өндірушілердің бірі ғана емес (1%), ішкі нарықтың 100 пайыз қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, шикізат импортына тәуелділікті азайтып, отандық экономиканы әртараптандыратын құралдардың біріне айналады деген болжам бар. 2023 жылы кәсіпорын жылына 500 мың тонна өнім өндіріп, толық өндірістік қуаты іске қосылған кезде әлемдік нарықтағы ең ірі кәсіпорындармен бәсекеге түседі деп күтілуде. Зауыт өнімдері Қытай, Түркия мен Еуропа елдеріне экспортталмақ. Қазақстандағы тұңғыш газ-химия кешені болып табылатын KPI зауыты 18 қараша күні алғашқы өнімдерін экспортқа жөнелтіп те үлгерді. 1,5 тонна полипропилен тиелген алғашқы контейнерлік пойызды шетелге аттандырды. Ал, зауыт өнімдерінің алғашқы отандық тұтынушылар қатарында «Универсал», ALPHA PLAST секілді компанияларда бар. Былтыр Қазақстандағы полипропилен мен полиэтилен импорты көрсеткіші 221 мың тонна болды. 2016 жылы бұл көрсеткіш 123 мың тонна ғана болған еді. Жалпы, Қазақстанда импортталатын полимер шикізатымен жұмыс істеп, өнім шығаратын 130-ға жуық шағын және орта кәсіпорын бар.
Атырау облысы