«Азаттық аңсаған» кітабының таныстырылымы өтті
«Азаттық аңсаған» кітабының таныстырылымы өтті
966
оқылды
Алматыдағы Жазушылар кітапханасында Қазақстан Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы мен Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, алаштанушы-ғалым, публицист, философия ғылымдарының кандидаты Болатбек Төлепбергеннің «Азаттық аңсаған» атты кітабының тұсаукесері өтті. Автор  жаңа еңбегіне Қазақстандағы саяси репрессия тақырыбын өзек етіп алған. Кітапта  репрессия тұзағына түскен бүтіндей бір Айтмұрзаевтар әулетінің тағдыры арқау болған. 1937 жылдардағы репрессияның қанды шеңгеліне іліккен Шамақан Жәлікұлы Айтмұрзаевтың басына түскен қасіреттің зардабын артында қалған ұрпағы – балалары, немерелері, шөберелеріне дейін көргендігі баяндалған. Кітапта негізінен осы  Шамаханның үшінші ұрпағы – 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі – Құрманғазы Айтмұрзаевтың қилы өмірі турасында ой толғайды. Ол  Желтоқсан көтерілісін тікелей ұйымдастырып, сол үшін түрменің кермек дәмін де татады. Кітапта Желтоқсан көтерілісіне қатысты мағлұматтар нақты деректермен келтірілген. Еңбек жалпы тарихшыларға, репрессия тақырыбына, Желтоқсан көтерілісіне қызығушылық танытқан барша оқырман,  жастар, жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған. Тұсаукесерге жиналғандардың айтуынша, еңбектегі басты кейіпкердің тағдыр талайы мен тағылымынан жұртшылыққа, әсіресе, жастарға алар тәлім жетерлік. Кітап қарапайым тілмен жазылған. Кітап үш тараудан тұрады. Бірінші тарауда «Азаттық аңсаған» деректі хикаяты, екінші тарауда кітап кейіпкері туралы «Серке» деректі фильмінің сценарийі, ал үшінші тарауда автордың «Желтоқсан қаhарманы» Құрманғазы Айтмұрзаевты насихаттау барысындағы шаралардан материалдар берілген. Тұсаукесерге желтоқсан қайраткерлері, тарихшылар және зиялы қауым өкілдері қатысып, аталған еңбекке жоғары бағаларын берді. Деректі жинақ кәсіпкер, белгілі меценат, ұлтжанды азамат Нұрлан Есқалиевтың  демеушілігімен жарыққа шықты. Мың дана таралыммен жарық көрген аталған кітап көркем безендірілген.