Қызметкерлерінің бірі коронавирус жұқтырғаны үшін Samsung өз зауытын жапты
Қызметкерлерінің бірі коронавирус жұқтырғаны үшін Samsung өз зауытын жапты
549
оқылды
Қызметкерлерінің бірі коронавирус жұқтыруына байланысты Samsung Electronics компаниясы Оңтүстік Кореяның Кёнсан-Пукто провинциясындағы Куми қаласында орналасқан зауытын екі күнге жапты.  YTN арнасының хабарлауынша, өндіріс орнында залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Телеарнаның дерегіне сүйенсек, Samsung Electronics компаниясының Кумидағы зауытында жұмыс істейтін 28 жастағы қыз қауіпті індетке шалдыққан. Ол вирусты 9 және 16 ақпанда "Синчхончжи" сектасының шіркеудегі жиынына барған жігітінен жұқтырған деген болжам бар. Бүгін, 22 ақпанда зауыт қызметкерлеріне 24 ақпанға дейін жұмыс болмайтыны жөнінде хабарлама таратылған. 25 ақпанға дейін коронавирус жұқтырған қыз жұмыс істейтін қабатқа көтерілуге тыйым салынып отыр. Сондай-ақ, зауыт әкімшілігі жұмысшыларға адам көп жиналатын қоғамдық орындарға бармауға, бетперде киюге және тазалық шараларына мұқият көңіл бөлуге кеңес берген. Айта кетейік, бұған дейін ел билігі Кёнсан-Пукто провинциясын негізгі эпидемиологиялық бақылау аймағы деп жариялау туралы шешім қабылдаған. Бүгінгі таңда коронавирус жұқтырудың 231 дерегі  "Синчхончжи" сектасымен байланысты болып отыр. Тэгу қаласындағы шіркеуге барған 61 жастағы әйелден тараған деген болжам бар. Ол Қытайға ешуақытта бармағанын айтып, коронавирус сынағынан өтуден бас тартқан. Ауырып жүрген шағының өзінде  шіркеуге баруды тоқтатпаған. Шамамен мыңға жуық адам онымен байланысқа түсіп үлгерген. Оңтүстік Корея билігі сектаның 9336 сенушісін үй карантиніне жатқызды, оның ішінде 544-інде коронавирустың белгілері біліне бастаған. Рёнхап агенттігінің хабарлауынша, "Синчхончжи"  сектасының сенушілері уағыз кезінде бір-біріне өте жақын отырады. Бір-бірін құшақтап ән айтады. Бұл коронавирустың таралуы жылдамдығын арттырады. Жергілікті билік енді Тэгудағы шіркеуге сектаның шетелдегі филиалдарының мүшелері келген-келмегенін анықтамақ. Атауы "Жаңа аспан және жаңа жер" деп аударылатын "Синчхончжи" діни ағымының негізін 1984 жылы пастор Ли Ман Хи қалаған. Секта сенушілерінің қатары әлемде 200 мыңнан асып жығылады.