Биыл 15 желтоқсанда Қазақстанның белгілі халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов 100 жасқа толады. Осыған орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Әзілхан Нұршайықов және журналистика мен әдебиеттанудың өзекті мәселелері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Конференцияны Еуразия ұлттық университеті және Қазақстанның бас редакторлар клубы бірлесе ұйымдастырды. Шараға еліміздің, Өзбекстан мен Қырғызстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылыми қауымдастық өкілдері белгілі жазушылар, әдебиеттанушылар, филологтар, журналистер қатысты.
«Әз-ағамыздың өмірі мен жүріп өткен жолы өнегеге толы. Өмірінің қай кезеңінде болса да, биік адамгершілік мұрат деген ұстанымына адал болды. Ол майдан жазбалары арқылы Отанға деген шексіз сүйіспеншілікті дәріптеді, талай ұрпақтың бойтұмарындай болған «Махаббат, қызық мол жылдарда» адал сезімді ту етті, жастарға тек адалдық пен еңбексүйгіштікті өсиеттеді. Қазақ халқының ұлы мұраттарын, асыл қасиеттерін бүгінгі күнге дейін жеткізген, келесі ұрпаққа жалғаған асыл текті ақсақал-абыз еді», – деді ЕҰУ ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Ерлан Сыдықов.Халық жазушысының майдандағы жазбалары туралы ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омарұлы баяндама жасады. Ол Әзілхан Нұршайықовтың майданнан 16 күнделік әкелгенін атап өтті. Оның көзі тірісінде бұл жазбалардың бірінші томы ғана жарық көрді. Қазір екінші бөлімі баспаға дайындалуда. Қазақ ақыны, журналист Несіпбек Айтұлы Әзілхан Нұршайықов адамгершіліктің символы екенін атап өтті.