Бүгінде әлеуметтік желіде жарнамасы жарқырап тұрған биорезонанстық терапияның, яғни БРТ аппаратының кереметіне сеніп, ерекше әдіспен емделіп жүргендердің қатары артқан секілді көрінеді. Құны миллион теңгеден басталатын БРТ аппараттарының расымен де денсаулыққа пайдасы бар ма? Ақ-қарасын анықтап көрдік.
Терапияны ұсынатын мамандар әдістің құдіретінде шек жоқ дейді. Аппарат 4 мыңға жуық аурудың алдын алуға ескерту беріп қоймай, пайда болған ауруды толығымен емдеп жазады-мыс. Терапияның аллергия, созылмалы шаршау, психоэмоционалдық бұзылыс кезінде пайдасы зор, тіпті ағзадағы макро, микроэлементтер мен дәрумендердің жетіспеушілігін дәл анықтап, іштегі паразиттерді тазалайды екен. Қаптаған жарнаманың дені осындай қорытынды береді, бір қызығы, биорезонанстық терапияны жасанды интеллект технологиясының бірегей өнімі деп санайтындар да бар. Біз алдымен биорезонанстық терапияны алты жыл зерттеп, аппаратты сатумен айналысып жүрген блогер Раушан Дәулетқызымен тілдесіп көрдік.
– Биорезонанстық терапия (БРТ) аппараты – адам организміндегі электромагниттік толқындарды өлшеп, оларды белгілі бір жиілікке келтіру арқылы ықпал етуге арналған медицинадағы альтернатив әдіс. Аппарат классикалық медицинаға жатпайды, дегенмен адамдар оны денсаулықты қалпына келтіру, энергияны теңгеру үшін қолданады. Жүкті әйелдерге, асқынған созылмалы аурулар, тырысқақ, қатерлі ісік ауруы бар пациенттерге қолдануға болмайды, – дейді Р.Дәулетқызы.
Раушан тәжірибесінде кездескен жағымды жаңалықтарды әңгімелеп берді. Тілі шықпаған балалардың тілі шығып, қыз-келіншектер бала көтеріп, дені сау ұрпақ сүйген. Әдісті қолданғандардың гармон бұзылысы реттеліп, тері ауруларынан айыққан. Маманның айтуынша, болашақта әрбір адам өз резонанстық толқын жиілігінде ішкі күйін реттеу үшін аппаратты қолданатын болады. Терапияның негізгі идеясы – аппарат арқылы науқастың электромагниттік тербелістерін реттеп, ағза бұзылысын түзету. Десек те, Раушан аппараттың ЖИ жүйесі арқылы жұмыс істейтінін жоққа шығарды.
– БРТ аппараттары ғылыми мағынадағы жасанды интеллектпен жұмыс істемейді. Олар, негізінен, электромагниттік тербелістерді өлшеп, эталон жиіліктермен салыстыратын биорезонанстық принципке сүйенеді. Нағыз ЖИ-ға қажет алгоритмдер, оқыту деректері мен бақылау жүйелері бұл құрылғыларда қолданылмайды, – дейді ол.
Қазір БРТ аппараттары кейбір клиникалар мен жекеменшік медициналық орталықтарда қосымша ем ретінде ұсынылады, алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ғылыми емдеу тәсілі ретінде мойындаған емес. Батыс елдері де терапияға сын көзбен қарайды, себебі емнің әсері жөнінде дәлелдер жоқ, зерттеулер аз. Шағын клиникалық зерттеулерде терапия алған кейбір ерлер темекіні тастап, енді бірі депрессиядан арылған, алайда зерттеу тобы тар болған, пайдасын көргендердің пайыздық үлесі де төмен деңгейде... Соған қарамастан аппаратқа қызығатын жандарда есеп жоқ, бірі тек сатумен айналысса, бірі үй жағдайында ем алу үшін қолданады.
БРТ аппараты терапевт, аллерголог, иммунолог мамандардың жұмысын жеңілдетеді деген ақпар да бар. Бірінші санаттағы жалпы тәжірибелік дәрігер, медициналық сарапшы Жазира Сматқызына хабарласып, биорезонанстық терапияға сенуге бола ма деп сұраған едік.
– Биорезонанстық терапия – баламалы медицинаға жататын, ғылыми тұрғыда дәлелденбеген әдіс. Адам ағзасындағы электромагниттік толқындардың жиілігі бұзылады, аппарат сол бұзылған толқындарды реттеп түзейді деген қағида болғанмен, нақты ғылыми дәлелі жоқ. Жеке клиникаларда зерттеу жүріп жатыр, әзірге қарсы көрсеткіші жайында ақпар мардымсыз. Пациенттер аллергия, асқазан-ішек жолындағы бұзылыстар, созылмалы шаршау, бас ауруы, әлсіздік секілді симптомдар кезінде осы әдісті қолданады. Кәсіби дәрігер ретінде айтарым, қазіргі ғылыми база биорезонанстық терапияны тиімді ем деп мойындамайды, тек қосымша ем, психологиялық қолдау ретінде қарастыруға болады, – дейді 16 жылдық тәжірибесі бар терапевт.
Дәрігер жұрттың ауруханаға барып, кезекке тұрып, медициналық тексеруден өтуге уақыт жұмсағысы келмей, тиімді әдіс деп БРТ аппаратын қолданатынын айтады. Өкініштісі, уақытылы тексеруден өтпей, жағдайды ушықтырып алатын жағдайлар аз емес.
– Тікелей физикалық зияны жоқ деп саналғанмен, ең үлкен қауіп-қатер – дәлелдеген медициналық емді кешіктіруі мүмкін. Пациенттер сеніп, терапияны қолданып жүргенде, созылмалы немесе ауыр аурулар асқынып, емдеуді кешіктіріп, уақыт жоғалтып алуы мүмкін. Протоколда жазылған, дәлелденген медициналық ем ғана әлдеқайда тиімді, – дейді Ж.Сматқызы.
Сол себепті сенімсіз, дәлелі жоқ емге жүгіріп жүріп, қайғылы жағдайға душар болып қалмаңыз. Астана қаласының №5 қалалық емханасының директоры, дәрігер Алтыншаш Жұмашқызы да биорезонанстық терапияға күмәнмен қарап, дәлелденген медициналық емді қолдану қажетін қатаң ескертті.
– Биорезонанстық терапияны барлық ауруды емдейтін әдіс ретінде ұсынып жүргендер көп, алайда дәрігер ретінде айтарым, бұл тәсіл дәлелді медицинаға жатпайды. Ол клиникалық зерттеулермен дәлелденбеген, стандартты диагностика мен емдеуді алмастыра алмайды. Ауруды анықтауда медициналық тексеру, зертханалық және аспаптық зерттеулер қажет. Бір аппараттың «мыңдаған ауруды емдейді», «дәрі де, дәрумен де қажет емес» деген уәдесі ғылыми негізге сүйенбейді. Адамдардың тез жазылып кетуге үміттенуі түсінікті, бірақ үміт пен медицинаның ара-жігін ажырата білу маңызды. Денсаулық эксперимент жасайтын сала емес. Кез келген емдеу тәсілін таңдағанда, қауіпсіздігі мен тиімділігі дәлелденгеніне көңіл бөлу керек, күмәнді әдістерге сын көзбен қараған жөн, – дейді білікті дәрігер.
Дәстүрлі медицинаға жатпайтын түрлі әдіс-тәсілдің жарнамасы әлеуметтік желіде еш шектеусіз жарияланып жатыр. Алайда клиникалық зерттеуден өтпеген, пайдасыз емге жарнама жасау қаншалықты дұрыс? Елімізде дәстүрлі емес медициналық қызметті реттейтін нормалар 2006 жылы жойылғаннан кейін бұл мәселеге нақты көңіл бөлінбей келеді. Денсаулық саласында құқықтық-заңнамалық реттеудің тетігі болмағандықтан, медициналық білімі жоқтар да халықты алдап, өздігінен түрлі ем жүргізіп жатыр. Бірі медициналық кабинет ашып, енді бірі түрлі терапияны жарнамалап, табысқа кенеліп жүр.
Ауруына шипа іздеген жанның қай тәсілді қолданам десе де, әлбетте, өз еркі. Бастысы, ақылға қонбайтын жарнаманың құрбанына айналып қалмаңыз демекпіз.
А.ЖӘНІБЕКҚЫЗЫ