Қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі
Қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі
4,275
оқылды
2022 жылы болған Қаңтар оқиғасы ел тарихында өшпес із қалдырды. Жаңаөзен қаласында басталған бейбіт шерудің арты республика көлеміндегі жаппай тәртіпсіздікке ұласып, ел тәуелсіздігіне қауіп төндірді. Сондай-ақ қаңтардағы қайғылы оқиғалар елде бірқатар өзгерістің болуына да себепші болды. Тәуелсіздік күні қарсаңында Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу жұмыстарының нәтижелеріне шолу жасадық. ҚР Бас прокуратурасы  Қаңтар оқиғасына қатысты жүргізілген тергеу жұмыстарының нәтижелерін жариялады. Тергеу нәтижелері Құқық қорғау органдары Қаңтар оқиғасына қатысты 5 мыңнан астам қылмыстық іс тіркеді. Жалпы, тергеу барысында 4,5 мың сараптамалық зерттеу жүргізілген. Оның ішінде жаппай тәртіпсіздікке қатысу және ұйымдастыру фактісі бойынша 131 сотқа дейінгі іс жүргізілді. Аталған қылмысқа қатысты 931 адам күдікті деп танылып, 96 адам қамауға алынып, 471 адам сотталды. Бұл туралы ОКҚ брифингінде Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлімдеді.
«Тергеу барысында бейбіт азаматтар мен полицейлерге қатысты зорлық-зомбылық жасау үшін құралдарды ұйымдастырылған түрде тасымалдау әрекеті анықталды. Атап айтқанда, арматура, Молотов коктейльдері, ғимараттарды өртеу үшін автомобиль шиналары мен бензин және т.б. жеткізілген. 5 қаңтар сағат 6.00-ден 23.00 аралығында Алматыда қала әкімдігіне, резиденцияға, әуежайға, «Хабар», «Қазақстан», «Мир 24» телеарналарының кеңселеріне шабуыл жасалды. Сонымен қатар Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің басқармасы ғимараты қиратылды. Шымкент қаласында қала әкімдігінің ғимараттары, «Көрме» орталығы, «Түркістан сарайы» мәдениет үйі, Ж.Шанин атындағы драма театры, әл-Фараби және Қаратау аудандарының полиция бөлімдері, Абай аудандық прокуратурасы зақымдалды. Тараз қаласында облыс және қала әкімдігінің ғимараттары, полиция және ҰҚК департаменттері, қалалық бөлімдер мен полиция басқармалары шабуылға ұшырады. Талдықорған қаласында облыс және қала әкімдіктері, облыс әкімінің резиденциясы, полиция және ҰҚК департаменттерінің, қалалық бөлімдері мен полиция басқармаларының ғимараттары бүлінген және басып алынған. Қызылорда қаласында қалалық полиция басқармасының, облыстық және қалалық соттардың ғимараттарына қарулы шабуылдар жасалып, облыстық Полиция департаментінің ғимаратын басып алу әрекеті болды»,  – деп атап өтті Елдос Қилымжанов.
Сондай-ақ қару ұрлау және сақтау фактісі бойынша 519 сотқа дейінгі  тергеу тіркелген. Аталған қылмыстар үшін 183 адам күдікті деп танылып, 11 адам қамауға алынды, 154 адам сотқа тартылып, 27 адам бас бостандығынан айырылды.
«10 аңшылық дүкен тоналып, 1 672 мылтық ұрланған. Сондай-ақ 1 288 қызметтік қару қолды болды. Осы көлемнің үштен бірі немесе 958 бірлігі табылды. Ал 2 мыңнан астам, оның ішінде  граната, мылтық, автоматтар мен атқыштар әлі күнге дейін табылмай отыр. Қаруды ерікті түрде тапсыру жұмыстары әлі жүріп жатыр. Азаматтар барлығы 119 бірлік қару тапсырды. Бұл қару қылмыскерлердің қолында болуы мүмкін. Бұрын хабарланғандай, қылмыстық қудалау органдары қаңтар айындағы оқиғаларға бірнеше қылмыстық топ қатысқанын анықтады. Олардың ішінде ең белсендісі Арман Жұмагелдиевтің «Қазақстандық» және «Айшуақ-Жантүгел» топтары. Жалпы алғанда,  ҰҚТ-ның 24 мүшесі жауапқа тартылады»,  – деді Бас прокуратура өкілі.
Әлеуметтік желілерде Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан азаматтар саны әртүрлі айтылып жүр. Осы ретте Елдос Қилымжанов  238 азамат қаза тапқанын ресми мәлімдеді.
«Тергеу органдары  әрбір өлім фактісі бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді тіркеді. Қаза тапқандар туралы сандық деректер сенімді және олар сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде қайта тексерілген. Қылмыстық кодексте көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделгенін еске саламын»,  – деп түсіндірді Е.Қилымжанов.
Қаңтар оқиғасы бойынша сотқа барлығы 1 350 адамға қатысты 673 іс жіберілген. Нәтижесінде, 1 113 азамат сотталды. Қазір тергеу сатысында 315 адамға қатысты 127 қылмыстық іс тұр. Биыл 3 қарашада Қаңтар оқиғасы барысында қылмыстық құқықбұзушылық жасаған адамдарға қатысты «Рақымшылық туралы» заңының ережелері қолданысқа енді. Осы ретте 1 071 адамға рақымшылық жасалды. Атап айтқанда, тергеу органдары сотқа дейінгі кезеңде ауырлығы орташа қылмыс жасаған 9 күдіктіге қатысты қылмыстық істі тоқтатты.
«Сот 9 адамға қатысты істі тоқтатты. Үкім шығару кезінде 77 адамға жаза мерзімі қысқартылды. Сондай-ақ 902 сотталған азаматты жазалау мерзімі қысқарды, оның 827-сі есепке алынатын пробациялар, ал 75-і жазадан босатылғандар. Өткен айда бас бостандығынан айыру орындарынан рақымшылық актісін қолдана отырып, 60 адам, ал пробациялық бақылаудан 68 адам босатылды», – деді Бас прокуратура өкілі.
Елдос Қилымжанов ведоство қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ететінін еске салды. Сондай-ақ ол жаңа мәліметтер анықталған жағдайда олар жұртшылық назарына ұсынылатын айтып, халықты тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.   Тәуелсіздік бәрінен қымбат Қаңтар оқиғасы ел егемендігіне қауіп төндіргені бәрімізге мәлім. Себебі сыртқы күштер жағдайды пайдаланып, теріс әрекеттерін жүзеге асыруы әбден мүмкін еді.  Сол кезеңде ең алдымен тәуелсіздікті сақтап қалу маңызды болды. Осы ретте Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев та тәуелсіздіктің қаншалықты құнды екенін және оның қандай қиындықпен келгенін атап өтті.
«Желтоқсан оқиғасы дегенде сақылдаған сары аязда алаңға шығып, Тәуелсіздікті талап еткен, халықтың еркін өмір сүруін армандаған желтоқсан қаһармандары есімізге түседі. Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова сияқты желтоқсан қаһармандары ол бүгінгі сіз бен біз үшін, жастар үшін қашанда өнеге мектебі болуы керек деп ойлаймын. Тәуелсіздік бізге бір күнде келе салған жоқ. Азаттық жолында қаншама ғасыр бойы ата-бабаларымыз қан төкті, жанын қиды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы тарихи әділеттілікті қалпына келтіріп, биыл тұңғыш рет 25 қазанда Республика күнін атап өттік. Ал 16 желтоқсан Тәуелсіздік қаһармандарын еске алу күні деп ресми айдарлады. Түсіне білген жанға бұл күннің маңызы мен құндылығы өте зор»,  – деді Аманжол Әлтаев.
Сонымен қатар депутат Қаңтар оқиғасына да қатысты пікірін білдірді. Депутаттың айтуынша, қандай қиын жағдай болса да адам баласы өзінің мемлекетін сақтап қалуға, қорғап қалуға дайын болуы керек. Одан биік дүние болмауы керек.
«Қаңтар оқиғасынан алатын сабағымыз үлкен. Өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойында мемлекетшілдікті, Отанын, өскен өңірін бағалай білу, қастерлей білу тұрғысынан көп кемшілік жіберіп алғанымыз көрініп қалды. Алматыда ғимараттарды тонау, өртеу секілді  факторлар болды. Бұл өкінішке қарай, кейбір жастардың жүрегінде мемлекетшілдіктің, отаншылдықтың төмен екенін айқындады. Яғни, қандай қиын жағдай болса да адам баласы өзінің мемлекетін сақтап қалуға, қорғап қалуға дайын болуы керек. Одан биік дүние болмауы керек. Мемлекет деген сіздің тұрып жатқан қалаңыз, оның ғимараттары. Сондықтан «Бұл  – менің Отаным. Біздің елдің қаласын сән-салтанатымен сақтау менің парызым» деген патриоттық сезім жастардың бойында болуы керек. Сонымен қатар  Қаңтар оқиғасы құқық қорғау органдары саласына реформаның керек екенін дәлелдеді. Ескірген ескі жүйедегі көптеген кемшіліктің бетін ашып берді. Мұның барлығы ақпарат құралдарында айтылып та, жазылып та жатыр. Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды қалыптастыру кешегі ескі жүйенің кемшілігінен сабақ алудан басталады. Сонда ғана бұл оқиғаның қайталанбауы үшін арқамыздан үлкен міндет түседі. Қазір Президентіміздің әрбір жаңа реформасының астарында «Күшті Президент. Ықпалды Парламент. Халыққа есеп беретін Үкімет» қағидаты жатыр. Яғни, билік пен халықтың арасында диалог қалыптасуда. Халықтың жанайқайын, мұң-мұқтажын еститін билік қалыптасқан кезде ғана, екі ортада тепе-теңдік, әділеттілік қалыптасады. Ол   – саяси жүйедегі әділеттілік, экономикадағы, бизнес, руханият, мәдениет саласындағы әділеттілік. Осылардың барлығын кешенді түрде жүзеге асырған кезде ғана Қаңтар оқиғасы сияқты қиындықтардан өзімізді сақтай аламыз. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларының негізгі бағыты, мақсаты  – осы. Әділетті Қазақстан, әділетті қоғам қалыптастыру Президентіміздің сайлауалды тұғырнамасы ғана емес, жалпы елді басқару доктринасы. Болашаққа біздің барар жолымыз»,  – деп түйіндеді депутат.