Желтоқсандықтарға лайықты баға бере алмадық – Аманжол Әлтаев
Желтоқсандықтарға лайықты баға бере алмадық – Аманжол Әлтаев
1,967
оқылды
Ескі жылға есеп берер, жаңа жылға жоспар құрар желтоқ­сан – қазақ үшін қастерлі ай. Осыдан тура 31 жыл бұрын еліміз егемендігін алып, тәуелсіздігін жариялады. Ата-бабамыздың ғасырлар бойы армандаған арайлы ақ таңы атты. 31 жылда ел егемендігін нығайта түсу үшін қыруар шаруа тындырылғанына уақыт куә. Айтулы мерекеге орай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаевпен сұхбаттастық. – Алда келе жатқан тәуелсіздік күні құтты болсын! «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат». Десек те, сіз үшін бұл ұғымның мәні қандай? – Мемлекет пен Отанға жаны ашитын әрбір азамат үшін тәуел­сіздіктен үлкен мереке, тәуелсіз­діктен қастерлі күн жоқ. Өйткені бұл ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы армандаған, Алладан тілеген, мұрат еткен қуанышы. Тәуелсіздік жолында қаншама боздақ жанын қиды, қаншама жан қанын төкті. Барлығының жүрегіне ұя салған жалғыз арман ол – азаттыққа жету еді. Өкінішке қарай, біз тәуелсіздікке жету тарихымызды тоқсаныншы жылдардан бері қарайғы уақытты қарастырамыз. Негізі қазақ хал­қы­ның еркіндікке деген мұратының қалыптасу кезеңі ғасырлармен есеп­теледі. Кешегі Алтын Орда дәуі­рін­дегі, оның алдындағы көк түрік­тердің кезеңіндегі бабаларымыздың мұраты тәуелсіздік болды. Күл­те­гіннің көк тасқа ойып жаздырған ескерткіштерінде де: «Ұлым құл болмасын, қызым күң болмасын. Түркінің балалары еркін, бақытты өмір сүрсін...» деген арман айқын көрініп тұр. Бабаларымыз қай ке­зеңде де тәуелсіздіктің құндылығын жүрегінен шығарған емес. Жоңғар-қалмақпен соғысып, ел шетіне жау келген кездерде де қазақты ұлы жеңістерге жеткізген мақсат – ұл­тымыздың еркіндікке деген құш­тарлығы. Қаз дауысты Қазыбек би: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Әкеден ұл туса құл болам деп тумайды, анадан қыз туса күң болам деп тумайды. Басымыздан сөз асырмаған елміз, дұшпанға басындырмаған елміз» дейді. Осы сөздің астарынан халқымыздың өмірлік мақсатының тәуелсіздік екенін білуге болады. ХХ ғасырдың басындағы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш қайраткерлері не үшін жанын қиды? Дербес мемлекет қалыптастыру үшін Алаш автономиясын ірге­лен­діру үшін жер бетінде ешкімге тәуелсіз мемлекет қалыптастыру үшін ғұмырларын қиды. Ендігі кезекте біз тәуелсіздік ұғымын жас ұрпақтың жүрегіне құюымыз керек. Мектеп қабырғасынан бастап тәуелсіздіктің қаншалықты қастерлі екенін, бағалай білген жанға бұдан асқан ұғымның жоқ екенін сезіндіре алуымыз керек. Мысалы, жер бетін­де елі, жері, мемлекеттік рәміздері жоқ ішіне қайғы толып жүрген қаншама ұлттар бар. Ендеше, бүгінгі еліміздің тәуелсіз өмірі әрбір қазақ­стандыққа бағалы. Қолымызға төлқұжатымызды ұстағанда, көк байрағымыз көтеріліп, әнұранымыз шырқалған кезде кеудемізді еріксіз мақтаныш сезімі кернейді. Яғни бізді қорғайтын, қолдайтын отаны­мыздың бар екенін сезінудің өзі әрбіріміз үшін үлкен бақыт. Ал тә­уелсіздікті көзіміздің қарашығындай сақтау – әрбір қазақстандық аза­маттың парызы деп есептеймін. желтоқсан 16 желтоқсан – Тағзым ету күні. Президентіміз де өз сөзінде: «Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек» деді. Біз желтоқсандықтарға лайықты баға бере алдық па? – Бізді жетпіс жылғы тотали­тарлық жүйенің темір құрсауынан босатып берген, азаттықтың алғаш­қы қарлығаштары – желто­қсан­дықтар. Желтоқсан оқиғасындағы қазақ жастарының жанайқайы, рухы сақылдаған сары аязда алаңға шығуға себеп болды. Осылайша қазақ халқының тәуелсіз мемлекет болғысы келетінін, жүрегіндегі да­тын жеткізген. Ең алғашқы азат­тықтың жаңғырығы желтоқсаннан бастау алады. Әрине, оған дейін де ғасырлар бойы тәуелсіздікке деген халқымыздың ұмтылысы аз бол­маған. Дей тұрғанмен ХХ ғасырда­ғы халқымыздың азаттыққа деген арман, мұратымыздың ресми түрде сұралған күні желтоқсан деп есеп­теймін. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан астам уақыт өтсе де, біз желтоқсан қаһармандарын үнемі құрметпенен, мақтанышпен еске алуымыз керек. Желтоқсандықтарға лайықты 100 пайыз баға бере алдық деп айта алмаймын. Әлі де оларды насихаттауда, жас ұрпақтың жүре­гіне сіңіруде борыштармыз. Осы тұрғыда көп жұмыстар атқаруға тура келеді. Желтоқсан оқиғасын тек 16 желтоқсан күні есімізге алмай, жыл он екі ай бойы батырларымыздың ерлігін насихаттауымыз керек. Сол арқылы жастардың бойындағы мемлекетшілдік пен отаншылдықты оятып, елін сүюге тәрбиелейміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Ке­мелұлының 25 қазанды ресми Рес­публика күні атап, 16 желтоқсанды тәуелсіздік үшін жанын қиған тұл­ғаларымызды еске алу күні деп ба­ғалауы тарихи әділеттілікті қалпына келтірді. Осы күні тек қана желтоқ­сан қаһармандарын ғана емес, ға­сырлар бойы тәуелсіздік үшін кү­рес­кен тұлғаларымызды еске алуымыз керек. Қаһарманда­ры­мыз­ды бір мақсат, бір мүдде біріктіріп тұр. Айтыстың көрермені қартайып бара жатыр – Биыл Алтын домбыраны өзіңіз тізгіндедіңіз. Аламан айтыстың жо­ғары деңгейде өткенін естіп жа­тыр­мыз. Дегенмен айтыстың аудиториясы қай деңгейде? Қазір айтысқа жастар қызыға ма? – Биыл Жүрсін ағамыз денсау­лығына байланысты Алтын домбы­раға қатыса алмады. Жүрсін Ерман­ның шәкірті ретінде, жауапкершілік жүктелгеннен кейін Алтын дом­быраның басы-қасында өзім бол­дым. Тек қазақ баласының ғана ру­хани астанасы емес, түбі бір түркі жұр­тының қасиетті шаңырағы Түр­кістанның төрінде екі күн бойы аламан айтыс болды. Жыл бойы айтыстардан жүлдегер болған ақын­дар бақ сынасты. Нәтижесінде Ер­кебұлан Қайназаров деген жігітке Алтын домбыра бұйырды. Жасы­ра­т­ыны жоқ, айтыстың көрермені қартайып бара жатыр. Көбінесе үлкен кісілердің айтысқа деген қы­зығушылығы басым. Ал жастардың айтысқа деген ықыласы биік дең­гейде деп айта алмаймын. Арасында айтысты жақсы көретін жастар бар. Бірақ олардың саны аз. Сондықтан әлеуметтік желі бала санасын құр­саулап бара жатқан аласапыран кезеңде ұрпақты ұлттық дәстүр, ұлттық өнер арқылы тәрбиелеуіміз керек. Бұл ұлт болашағына жана­шыр­лықтың айқын көрінісі. Ұлы­мыз намысты, қызымыз инабатты болсын, жүрегінде отаншылдық, мемлекетшілдік сана қалыптассын десек, осындай дәстүрлі өнердің уызына емізіп өсіруіміз керек. Олардың жүрегіндегі ұлттық өнерге деген махаббатын оята білуіміз керек. Өкінішке қарай, жастар ай­тысқа бармайды. Керісінше эстра­далық жеңіл музыкаға бейім. Аға буын өкілі ретінде осы мәселе менің де қабырғама батады. Жастарды айтыс сияқты ата мұра өнерімізге тәрбиелеуіміз керек. Айтыс тың­да­ған жас ешқашан теріс ықпалға еріп кетпейді. Батыстың лас ақпарат­тарының жетегінде ермейді. Отба­сында бала тәрбиелі болып өсуі үшін өнердің нәрімен сусындатуымыз керек. Ең бірінші, бұл қасиет адам­ның жан серігі кітап оқу арқылы қалыптасады. Екінші, айтыс, жыр­шылық, дәстүрлі ән, театр өнерлері арқылы балаларды сусындата біл­сек, дағды қалыптасады. Сондықтан бұл тұрғыда жауапкершілік үлкен­дерге артылады. Егер мәселенің себебін айқындап, оның алдын ал­масақ, уақыт өткен сайын асқына береді. Сондықтан жастардың мә­дени танымын қалыптастыруда осындай жұмыстар істеуіміз керек. – Сонда құндылықтар неге өзгерді? – Елу жылда ел жаңа демекші, жылдар сайын құндылықтар өзгеріп жатыр. Өйткені оған ең бірінші ақпараттық технологиялар да әсер етуде. Жастар әлеуметтік желідегі сүзгіден өтпеген, қаптаған ақпарат­тың астында қалып жатыр. Жас буын­ның ақпаратты таразылап, ке­регі мен керексізін талдап-та­разы­лап айыруға мұршасы келмей жатыр. Содан кейін құндылық­тарды айқындау мен бағалауда ша­тасады. Сол себепті де балаға кіш­кентайы­нан бастап ата-бабала­рымыздан жалғасып келе жатқан құндылық­тарды сіңіруіміз керек. Бала кез келген ақпаратты тез қа­былдап алады. Сондықтан да жас­тарға үнемі бағыт-бағдар беріп отыруымыз керек. Әрине, интер­неттің ықпалындағы заманда өмір сүріп жатқан кезде әлеуметтік же­лінің бәрінен баланы тия алмаймыз. Дегенмен баланың ақпаратты тал­ғап қарауына, жақсы мен жаманды айыруына біз жетекші болуымыз керек. Ол үшін ата-ана мен баланың, үлкендер мен жас ұрпақтың ара­сында байланыс болуы керек. Байқасаңыз, қазір қатар отыр­ған екі адам бір-бірімен әңгі­мелеспейді. Қолдарындағы смарт­фондарымен әлек болады. Бала­лар­ды телефон тәрбиелеп жатқан за­манда ата-ананың құрметін көтеруі­міз керек. Ең болмаса, ата-аналар жұмыстан келген уақыттарында балаларымен диалог құруы керек. Абай: «Жақ­сылық көрсең – ғиб­рат­лы. Жаман­дық көрсең – нәфратлы» дейді. Сон­дықтан жамандық неде, жақ­сылық неде екенін баланың сана­сына құйып отыру керек. Билік пен халықтың арасында диалог қалыптасуда – Қаңтар оқиғасынан бері бір жылға жуық уақыт өтті. Қаңтар қасі­ретінен қандай сабақ алуымыз керек? – Қаңтар оқиғасынан алатын сабағымыз үлкен. Біріншіден, қаң­тар оқиғасы нені көрсетіп берді? Өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойында мемлекетшілдікті, отанын, өскен өңірін бағалай білу, қастерлей білу тұрғысынан көп кемшілік жіберіп алғанымыз көрініп қалды. Алматыда ғимараттарды тонау, өртеу сынды факторлар орын алды. Бұл өкінішке қарай, кейбір жас­тардың жүрегінде мемлекет­шіл­дік­тің, отаншылдықтың төмен екенін айқындады. Яғни қандай қиын жағдай болса да адам баласы өзінің мемлекетін сақтап қалуға, қорғап қалуға дайын болуы керек. Одан биік дүние болмауы керек. Мемлекет деген сіздің тұрып жатқан қалаңыз, оның ғимараттары. Сондықтан «Бұл – менің отаным. Біздің елдің қа­ласын сән-салтанатымен сақтау – менің парызым» деген патриоттық сезім жастардың бойында болуы керек. Сонымен қатар қаңтар оқи­ғасы құқық қорғау органдары сала­сына реформаның керек екенін дәлелдеді. Ескірген ескі жүйедегі көптеген кемшіліктердің бетін ашып берді. Мұның барлығы ақпа­рат құралдарында айтылып та, жа­зылып та жатыр. Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды қалыптастыру кешегі ескі жүйенің кемшілігінен сабақ алудан басталады. Болашақта Жаңа Қазақстан қалыптастырамыз десек ескі жүйеде жіберіп алған қателіктерімізден сабақ алуымыз керек. Сонда ғана қаңтар оқиғасы­ның қайталанбауы үшін арқамыздан үлкен міндет түседі. Сондай-ақ қаң­тар оқиғасы билік пен халық ара­сындағы диалогтың үзіліп қал­ған­дығын көрсетіп берді. Халықтың мұң-мұқтажын, жанайқайын би­ліктің естімеуінен әлеуметтік мәселелер себеп болып, қаңтар оқиғасы бұрқ ете қалды. Сондықтан да қазір Президентіміздің әрбір жаңа реформасының астарында «Күшті Президент. Ықпалды Пар­ламент. Халыққа есеп беретін Үкімет» қағидаты жатыр. Яғни билік пен халықтың арасында диалог қалыптасуда. Халықтың жан-айқайын, мұң-мұқтажын еститін билік қалыптасқан кезде ғана, екі ортада тепе-теңдік, әділеттілік қалыптасады. Ол саяси жүйедегі әділеттілік, экономикадағы, бизнес, руханият, мәдениет саласындағы әді­леттілік. Осылардың барлығын ке­шенді түрде жүзеге асырған кезде ғана қаңтар оқиғасы сияқты қиын­дықтардан өзімізді сақтай аламыз. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев­тың реформаларының негізгі ба­ғы­ты, мақсаты осы. Әділетті Қазақ­стан, әділетті қоғам қалыптастыру Президентіміздің сайлауалды тұ­ғыр­намасы ғана емес, жалпы елді басқару доктринасы. Болашаққа біздің барар жолымыз. Кез келген салада әділеттілікті қалыптастыра алмасақ түрлі қателіктерге бой ал­дыруымыз мүмкін. Сондықтан өт­кеннен сабақ алып, бүгінімізді са­наға тоқуымыз қажет. Болашақтағы қадамымызды ақылмен сараптауы­мыз керек деп есептеймін. Халық­тың несібесін 162 олигархтың енші­леп алуы сынды әділетсіздіктер жиналып келіп қаңтар оқиғасына тікелей себеп болды. Сондықтан бір референдум арқылы Конституцияға да өзгерістер енгіздік. Заңдарды толықтырып, жетілдіріп жатқандағы негізгі мақсатымыз әділетті қоғам қалыптастыру. Үкіметтің кеңей­тіл­ген отырысында Президенттің қат­тырақ сөйлеп, тапсырма беруінің астарында Үкіметке деген жауап­кер­шіліктің үлкен екенін түсіндіру ба­р. Баяғыша жайбасарлықпен ка­бинеттің ішінде отырып, халықтың мұңын естімей ел басқару бүгінгі таңда мүмкін емес. Билік пен халық­тың ортасында түсіністік болған жағдайда ғана іс оңға басады. тәуелсіздік – Биыл – тәуелсіздігіміздің 31 жы­лы. Отызды орда бұзар жас десек, он жылдан кейінгі Қазақстанды қалай елестетесіз? – Он жылдан кейінгі Қаза­қ­станды саяси реформасы жүйелі түрде іске асқан, яғни саяси жүйедегі монополиядан арылған, эконо­ми­калық тұрғыда олигархтардың мо­нополиясынан құтылған, мәде­ни-рухани салада да әділеттіліктің даң­ғыл жолына түскен ел ретінде елес­тетемін. Саясаты сараптал, экономикасы іргелі, рухани тұрғыда кемелденген мемлекетті көргім келеді. – Ал тәуелсіз елдің жастарына сенесіз бе? – Иә, тәуелсіз елдің жастарына сенуіміз керек. Оларға түңіліп қарай берсек, біздің болашағымыз айқын болмайды. Кеше Мағжан ақын айтқандай: «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты мен жас­тарға сенемін!». Ал жастардың бо­йын­дағы кем-кетіктерін айтып, тү­зетіп отыру қоғамдағы аға буын­ның парызы. Бірақ жастарға деген сенім болуы керек. Байқасаңыздар, біздің Парламентте де жастар мен әйел азаматтардың еншісіне 30 па­йыз орын бөлінген. Елдің болашағы үшін мемлекетті басқаруда жастар­дың да үн қосуы керек екенін көр­сетеді. Бұл жастарға артылған үлкен сенім мен мүмкіндік. Сондықтан біз жастарға сенуіміз керек. Жастарға сену дегеніміз – мемлекеттің, ұлт­тың болашағына сену деген сөз. – Әңгімеңізге рақмет!