Ақтаңдақтан арылу арман болып тұр
Ақтаңдақтан арылу арман болып тұр
1,745
оқылды
Қазақ халқының басына қасірет шектірген тарихи ақтаңдақтарды ұрпақ ұмытпауы тиіс. Осыдан 36 жыл бұрынғы репрессиялық қудалауларды көңілден көшіріп, жүректен өшіруге болмайды. Десек те, соңғы жылдары бостандық үшін күрескендерді өз деңгейінде еске алып, олардың ерлігін ендігі ұрпаққа дұрыс насихаттай алмай келе жатқанымыз да рас. Былтыр бір жиында зиялы қауым өкілдері тәуелсіздікке тәу етуді тойға айналдырып, аға-әпкелердің жанымен келген азаттық темір-терсек үлестіретін күнге айналдырып жібергенімізді жеткізген еді. Жасыратыны жоқ, жыл сайын осы айда ғана желтоқсаншылардың қатысуымен түрлі кездесулер ұйымдастырылып, соңы марапаттау рәсімімен аяқталып жатады. Бірақ Желтоқсанның ашылмаған ақиқаты мен тарихтағы берілмеген бағасы туралы жылда осы уақытта БАҚ бетінде көтеріледі де, артынша құмға сіңген судай болып кетеді. Өйткені осы күнге дейін Желтоқсан оқиғасы туралы зерттелген ғалымдардың бірде-бір диссертациялық, докторлық жұмыс жоқ екен. Оны айтамыз, осы 36 жылда Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың толық тізімі де жасалмаған, саяси бағасы да берілмей келеді.   Қайратқа берген атақты Ерболға неге бермейміз? Кезінде Конституциялық сотта атышулы «Желтоқсан ісінің» қозғалуына мұрындық болған Сабыр Қасымов бірнеше жылдан бері Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға «Бостандық үшін күрескен қаһармандар» арнайы мәртебесін беру керегін айтып келеді. Себебі осы күнге дейін сотталғандар мен қамауға алынғандар ғана ақталғанымен, алдын ала қамау камераларына, арнайы жабдықталмаған қосымша орындарға қамалған желтоқсаншыларды жоқтап жатқан ешкім жоқ көрінеді. Тіпті, Желтоқсанға қатысқаны үшін сотталғандардың арасында белгілі бір себептермен ақталмай қалғандары да бар екен.
«Сотталғандардың нақты саны 103 деп жүрміз. Олардың көбі ақталды. Милицияға қарсылық көрсеткені үшін ақталмаған Мырзағұл Әбдіқұлов сияқты бірен-сараны ақталған жоқ. Ол да өзіне шабуыл жасалғанда пышақпен қорғанғанын білесіздер. Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін жазалау, қуғындау шараларынан зардап шеккендердің де саны есептелуі керек. Оқиға ең бір шиеленіскен тұста Алматыдан өзге өңірлерде де жастар көтерілді. Шамамен 100 мыңнан астам жас алаңға шыққан. Толық саны ешкімде жоқ. Солардың қаншасы ақталды? Алматыда 600-ден астамы ақталды. Ал облыстарда қаншасы ескерусіз кетті. Солардың бәрін нақтылау міндеті тұр алдымызда. Ал ол үшін желтоқсаншыларға ресми статус берілуі керек. «Қайратқа ғана «Халық Қаһарманы» атағын бердік. Сол атақты Ерболға неге бермейміз? Қайсар қыздарымызға неге бере алмаймыз? Орыстардан үлгі алайық та. Ел үшін өлді ме, қарсылық көрсетті ме, барлығына беріп жатыр. Саяси баға беру арқылы сол кездегі жастардың жаппай ерлігін жастарға үлгі етіп көрсете аламыз. Желтоқсанға қатысқандардың үйінің сыртына «Желтоқсан оқиғасына қатысқан» деген тақтайша ілініп тұрсын», - дейді Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі Сабыр Қасымов.
Сөзінің жаны бар.
«Егер сондай статус берілсе, оларды ақтау, әлеуметтік жағынан қорғау, тарихи әділдікті қалпына келтіру сияқты көптеген мәселенің түйіні өздігінен шешімін табады», - деді ол.
Жөн сөз емес пе? Ел-жұртқа жаппай беріп жатқан темір-терсекті тәуелсіздік үшін күрескен, азаттықты алу үшін жанын құрбандыққа бергендерге бермей отырғанымыз, бетімізге салық емес пе?!   Ұлттық рухты ояту кемшін
«Желтоқсан» қоғамының президенті, Желтоқсан оқиғасына қатысқан Құрманғазы Рахметов 35 жыл өтсе де өскелең ұрпақ Желтоқсан оқиғасы туралы білмейтінін айтады. Ол түгілі, желтоқсаншыларға қатысты Жоғарғы кеңестің шығарған қаулысы тиісті орындалмай отырған көрінеді. Сол құжатта желтоқсаншыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін қаражат бөлінсін делінгенімен, Алматы қаласының басқа жерлерінде ақталып шыққан 34 адам баспанамен қамтамасыз етілмепті. Ал Үкіметтің берген куәлігінде көрсетілген жеңілдіктер орындалмайды екен. «Целиноград қаласында жындыханада отырып шыққан Асқар деген желтоқсаншының жайын қала әкіміне айтып шаршадым. Оны айтасыз, осы күнге дейін замандастарымыздың рухына Құран бағыштап, гүл шоғымызды қоятын ескерткішіміз де жоқ. 2006 жылдан бері айтып келеміз, әзірге естір құлақ жоқ», - дейді ол.
Кеңес Одағының құрамынан бізден кейін шыққан Грузия, Әзербайжан, Балтық жағалауы елдерінің өзінде азаттық жолында күрескендердің есімі тасқа қашалып, ұрпаққа үлгі етілген. Желтоқсаншы ескерткіш туралы бекер айтып отырған жоқ. Өйткені ата-бабалардың ерлігі дәріптелген ескерткіш ертеңгі ұрпақтың бойындағы ұлттық рухты оятады. Шындығында да, ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Ұлт азаттығы - ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп-дамиды, жеміс береді. Осы ұлт азаттық көтерілістерінен нәр алған өрімдей ұл-қыздарымыз 1986 жылы Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың өзі Желтоқсан мен Тәуелсіздігіміздің егіз ұғым екенін көрсетеді. Мемлекет басшысының өзі де «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағаланып, жоспарлы түрде насихатталуы керек екенін айтқан болатын. Біздің тәуелсіз елдің жастары Желтоқсан жөнінде аз біледі. Осылай деген Құрманғазы Рахметов: «Атышулы комиссияларымыз Желтоқсан көтерілісінің шығу себебін, бастапқыдағы халық талабының орындалған-орындалмағанын зерттеу жағына жоламай, тек оның салдарын – көтерілген азаматтардың құқығының бұзылуы мәселесін айтумен шектелгенін көрдік. Сонда қалай, Желтоқсанда мыңдаған азаматтар қоғамды өзгерту үшін емес, тек таяқ жеп, қамалып, одан соң 10 жыл бойы өкіметтен өздерін ақтауды сұрап сергелдеңге түсу үшін көтеріліске шығып па еді?», - дейді.  Оның сөзінше, 14 сәуір 1994 жылғы №2200 «Жаппай саяси қуғын сүргіндерін ақтау туралы» заңға енгізілген толықтыруларға сәйкес, 22-24-баптарға «Желтоқсан-86» тармағы енгізілген. Бірақ осы заңда  көрсетілген жеңілдіктер мен артықшылықтарды пайдалану құқы орындалмай келеді. ақтаңдақ Дегенмен Құрманғазы Рахметов бұрынғы Астана қаласы әкімі Алтай Көлгінов берген уәдесін ұмыт қалдырмаса, желтоқсаншыларға арналған ескерткіш тақта тұрғызу үшін жер бөлінеріне сенім артып отыр. Айтпақшы, былтыр осы күні Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл:
«Азаттықтың ауасын аңсаған қазақ өз теңдігін, елінің елдігін қандай жолмен алғанын бүкіл дүниежүзіндегі ғалымдар мойындайды, кездесулерде айтады. Қазақ еліне келгенде қандай толқыныста болғандарын сұрасаң, Желтоқсан оқиғасын бірінші айтады. Өкінішке қарай, өзіміз осы мәселеге келгенде тоқталып қаламыз. Қазір кез келгеніміздің кеудемізде Тәуелсіздік медалы бар. Шыны керек, медаль тағатын жеріміз қалмады кеудемізде. Бірақ сол Тәуелсіздік үшін кім күресті? Еркіндік үшін кім зардап шекті? Лайықты азаматтарға лайықты деңгейде құрмет көрсете алмай тұрып, медаль тағынғанымыз елдігімізге сын болмай ма?», - деп еді.
  Бiрде-бiр сатқын қылмыстық жауапкершiлiкке тартылмады Тәуелсіздіктің бесігінде тербелген ұрпақтың бойындағы ұлттық рухты ояту ең алдыңғы кезекте атқарылар жұмыс. Бізден басқа елдің барлығы өздеріндегі тарихи оқиғаларды әлдеқашан көтеріліс ретінде танып, тарихи монументін тұрғызып қойды. Бакуде «Шейіттерге тағзым» деген ат шаптырымдай жерге салынған ескерткішке қарап-ақ ұрпақтарының бойындағы ұлттық рух оянады. Өйткені егемендікті сақтайтын ел ерлерін солай дәріптейді, жастарын ұлттық рухқа тәрбиелейді. Өкінішке қарай, тарихи шешiм шығаруға негiз боларлық кейбір дәлелдер ашық жария етiлмей келе жатқанын айтқан Сабыр Қасымов: «Сталиндiк жендеттердiң барлығы бiрдей қылмыстық жауапкершiлiкке тартылған жоқ. Сол тұста Кеңес Одағында жоғары қызмет атқарғандар мұны мәселе етiп көтертпеуге тырысты. Өйткенi олардың өздерiнiң қолы қанға былғанған болатын. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi президиумы комиссиясы қорытындысы бойынша, бiз көтерiлiстi қатыгездiкпен басып-жаншыған, қуғын-сүргiн ұйымдастырған Кеңес Одағы мен Қазақстанның қырықтан астам басшысын отставкаға жiберiп, жауапкершiлiкке тартуды талап еттiк. Бұлардың көпшiлiгi басқа жұмысқа ауысып кеттi немесе көз ету үшiн ғана қызметiнен шеттетiлдi. Комиссия қорытындысының 7-тармағында қылмыстық iс қозғамауға болмайтын дәлелдердi өз қолыммен тiзiп жазғанмын. Бiрақ  бiрде-бiр қанаушыны, бiрде-бiр сатқынды қылмыстық жауапкершiлiкке тартпады. Ақырында қылмыстық iс қозғалмады, бiрдi-екiлi iс қозғалғанымен, жерiне жетпей, тоқтап қалды», - дейді. Керісінше, бiрдi-екiлi белсендi қызметте жоғарылап, бiршама уақыт жауапты қызмет атқарған. Мәселен, Әдiлет министрiнiң орынбасары И.Тетеркин желтоқсаншылардың заңсыз сотталуын, үкiмнiң заңсыз шығуын ұйымдастырған соң қызметi жоғарылап, Қазақстанның Жоғарғы арбитражды сотының төрағасы қызметiне жайғасқан көрінеді. Осы себепті заңгер ең болмаса қазір Желтоқсан көтерiлiсiне тарихи-саяси баға берiліп, көтерiлiске қатысқан жастардың жаппай батырлығы, ұлтшыл-азатшыл халықтың көтерiлiсi ретiнде бағаланғанын қалайды. Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы» атты кітабында желтоқсан көтерілісіне қатысты барлық шындықтың беті ашылған. Ақынның айтуынша, сол кезде М.Горбачевтың өзі қазақ халқынан кешірім сұраған. «Өздеріңізге мәлім, менің барлық өмірім күреспен өтті. Соның дені желтоқсан көтерілісі шындығының бетін ашуға арналды. Бұл тұрғыда бес комиссия жұмыс істеді. Оның үшеуі бізге қарсы жұмыс жүргізді. Алайда оны көп жұрт біле бермейді. Себебі сол комиссиялардың бәрінде де біз Қадыр Мырзалиев екеуміз тең төраға болдық. Әйтсе де, біз билікпен текетіресе отырып, талай құпияны әшкереледік. Комиссия құрамында қаншама жұмысшы топтарын құрдық. Сол топ мүшелері қыруар жұмыс атқарды. Талай министрлерден, генералдардан жауап алынды. Тіпті, біз желтоқсан көтерілісі кезінде қанша адамның көз жұмғанын да әшкереледік. Сол қанды оқиғаға жауапты адамдардың тізімін жарияладық. Өкінішке қарай, оларды жауапқа тарту біздің құзырымызда болған жоқ» деген Мұхтар Шаханов 1986 жылғы әділетсіздікке ешкім жауапты болмағанына қынжылады. Сондықтан ол егемен ел екеніміз рас болса, желтоқсан көтерілісіне айрықша мәртебе берілуі қажет деп есептейді. Сол кезде оның зардабын тартқан барша желтоқсандықтар мемлекет қамқорлығына алынады. Ең бастысы, сол кезде ғана біздің ұзақ жылғы күресіміз өз нәтижесін беріп, шындық салтанат құрады. Тарихшы Күлпәш Мырзамұратқызы Желтоқсан қаһармандары туралы шындықты оқулықтарға енгізіп, тарихты жас ұрпақтың санасына сіңірту жұмыстарын жүргізетін уақыт келгенін айтты. Қалай десек те, азаттық үшін күрескендердің ар-ұятына жағылған қара күйенің әлі күнге сүртілмей келе жатқаны көңілге кірбің ұялатады. Әйтпегенде егемендіктің туын төменге түсіргісі келмейтін елдер тәуелсіздікке қалай қол жеткізгенін ұрпағына ұялмай көрсетіп, ата-баба аманатын тасқа қашап, ел еңсесін тіктейтін ескерткіш қойғалы қашан. Ал біздің елде отаншылдық рухты оятатын 28-панфиловшылар секілді желтоқсаншыларға арналған арнайы тақта да арман болып тұр.