Алматы әуежайында 80 эпидемиолог жұмыс істеуде
Алматы әуежайында 80 эпидемиолог жұмыс істеуде
Фото: Интернеттен алынды
323
оқылды
Алматы әуежайы күніне 50-ге жуық халықаралық рейсті қабылдайды. Шаһарға табан тіреген жолаушылар алдымен әуе кемесінде тексеріліп, сосын әуежайда бақылаудан өтеді. Мұның бәрі короновирустан сақтанудың шаралары. Аты жаман ауру белгілері анықтала қалған жағдайда қала бойынша 240 орынға арналған оқшауланған изолятор дайын. Бұл туралы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова хабарлады.
«200 орын №1 қалалық емханада дайын тұр. Оның ішінде ересектерге арналған 20 төсектік бокстар жұқпалы ауруларға арналған ауруханада, ал 20 төсек балалар ауруханасында. Осыған дейін стационарларда, ауруханаларда изолятор болса, енді әрбір емханада изолятор ашылады» деді ол.
Бүгіннен бастап Қытайдан ұшып келетін барлық әуе рейстері тоқтатылды. Көршілес Қытай елінен 18 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Алматыға 4904 адам келген. Олардың бәрі бөлек залда бақылаудан өткен. 7 адам ОРВИ бойынша ауруханаға жатқызылған. Департамент басшысы қазіргі таңда Алматы қаласында жұмыс істейтін Қытай азаматтары да бақылауға алынғанын мәлімдеді. Гүлнар ТӘЖИЕВА