Заң шығарудың жаңа тәртібі қабылданды
Заң шығарудың жаңа тәртібі қабылданды
388
оқылды
Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төра­ғалығымен Парламент палаталардың бірлес­кен отырысы өтті. Күн тәртібінде депутаттар Қазақстан Респуб­ликасы Парламентінің Регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселені қарады. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа ко­митетінің төрағасы Арман Қожахметовтің айтуын­ша, Парламент жұмысының регламентіне Мемлекет басшысы бастамашылық етіп, референдумда қолдау тапқан конституциялық реформа ережелерін іске асыру тәртібін белгілейді. Осы мақсатта Парламент қаулысымен Парламент палаталарының Бірлескен комиссиясы құрылып, оның қарауына депутаттар мен комитеттерден 50-ден астам ұсыныс келіп түсті. Атап айтқанда, заң қабылдау тәртібі өзгереді. Енді заңдарды Мәжіліс қабылдайды, ал Сенат мақұлдап, Президенттің қол қоюына жібереді. Парламент Регламентіне енгізілген маңызды өзгерістер мен толықтыруларға тоқталған Арман Қо­жахметов құжатта конституциялық заңдарды Пар­ламент палаталарының бірлескен отырысында ғана қарау және олар бойынша кемінде екі оқылым өткізу тәртібі ұсынылатынын атап өтті. Бұл норма Конституцияның «Конституциялық заңдарды қабылдау» деп аталатын 4-1 жаңа тарауымен толықтырылуына байланысты енгізіліп отыр.
«Конституциялық заң жобасы Парламент Мәжілісінде тіркеледі. Заң жобасының көшірмесі екі күннен аспайтын мерзімде Сенатқа жұмыс істеу үшін жіберіледі. Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда қарау үшін Мәжіліс Төрағасы Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақырады, бұл отырыста жобаның тұжырымдамасы талқыланады», – деді А.Қожахметов.
Сонымен қатар қажет болған жағдайда консти­туциялық заң жобасын екінші оқылымға дайындау үшін Парламент палаталарының бірлескен комис­сиясы құрылуы мүмкін, оның құрамы жобаны бірінші оқы­лымда қарау кезінде бірлескен отырыста бекі­тіледі. Екінші оқылымда тек депутаттар мен комитет­терден бірлескен комиссияның қарауына жазбаша түрде түскен ескертулер мен ұсыныстар талқыланады. Дауыс беру қорытындысы бойынша Парламенттің әрбір палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен конституциялық заңды қабылдайды немесе оны қабылдамайды.
«Түзетулердің келесі блогы Конституцияның 61-бабы 2-тармағының екінші бөлігіне сәйкес Пар­ламентке енгізілген Үкіметтің заң жобаларын дереу қарау­ға қатысты. Бұл жерде халықтың өмірі мен ден­­сау­­лығына, конституциялық құрылысқа, қоғам­дық тәртіпті қорғауға, елдің экономикалық қауіп­сіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Үкіметтің заңнамалық бастамасы тәрті­бімен енгізілген заң жобалары туралы айтылған», – деді А.Қожахметов.
Депутаттың айтуынша, мұндай «төтенше» жо­балар заң жобасы қабылданған күннен кейінгі жұмыс күнінен кешіктірмей Парламент палаталарының бірлескен отырысында қаралатын болады. Комитет төрағасы өз баяндамасында Прези­денттің конституциялық заңдар бойынша ұсыныс­тарын Парламентте қарау тәртібіне, Үкімет қыз­метінің негізгі бағыттары мен барлық маңызды шеші­мі туралы Премьер-министрдің есебін тыңдау тәртібіне де тоқталды. Талқылау нәтижесінде Қазақстан Республикасы Парламентінің Регламентіне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қабылданды. Парламент палаталарының бірлескен отырысына Президент Әкімшілігінің, Премьер-министр Кеңсесінің басшылығы, Әділет министрі Қ.Мусин қатысты.