Қазір еліміздегі республикалық және облыстық жолдардың 25 пайызында ғана интернет бар. Ол түгілі жай ұялы байланыс толық қамтылмаған, 86 пайыз межесінде. Жалпы, интернет жайы жыл сайын қазақстандықтарды толғандырып бара жатқан мәселеге айналуда. Осыған қарамастан салаға жауапты министрлік цифрландыруды қағаздағы цифрлар арқылы ғана дамытып жатқандай. Жаңағы айтқан жолдарды ведомство жақын уақытта толықтай интернетпен қамтымақшы екен. Алайда сенім аз. Бес жылда бәрі біте ме? Халықты түрлі сан арқылы таңғалдырудан жалықпайтын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин таяуда өткен Үкімет отырысында күтпеген мәлімдеме жасады. Алдағы 5 жылда республикалық және облыстық жолдарды интернетпен 100 пайыз қамтуды жоспарлап отыр екен. Сонымен, қазіргі жайды айттық, жолдардың 25 пайызында ғана интернет қосылған. Демек, 5 жылдың ішінде осы кезге дейінгі атқарылған жұмыстың көлемі 3 есеге дейін ұлғаймақ. Бұған қоса, ведомство басшысы барлық қала мен аудан орталығын кеңжолақты интернетті қамтамасыз ету көзделгенін атап өтіпті. Осы күні 3G технологиясы бойынша 3 мыңнан астам елді мекен, 4G-мен 1 628 елді мекен қамтылған, ал 5G мүлдем жоқ. Мыс кабелімен өткізілген сымды байланыс 34 пайызды, ал оптика 26 пайызды құраған.
«Әлемде мыс кабелі мен 3G технологиясының ескіруін назарға алып, 2027 жылға дейін оларды түпкілікті ауыстырамыз. Сондай-ақ мобильдік 4G технологияны 100 пайызға жеткізіп, ал оптика инфрақұрылымын 90 пайызға арттырамыз. Сондай-ақ 2027 жылға дейін 5G технологиясын Астана, Алматы және Шымкенттегі үлесін 75 пайызға, ал облыс орталықтарында 60 пайызға көтереміз», – деп сендіріпті Бағдат Мусин.Министр қыруар істің барлығы шығынсыз бітетініне сендіреді. Жоба операторларға берілген салық преференциялары мен олардың инвестициялары негізінде қаржыландырылып, республикалық және жергілікті бюджет шығындарымен толықтырылмақ екен. Енді қараңыз, министр айтқан 3 мың елді мекенде 3G интернеті нашар жұмыс істеп тұрғанын көпшілік біз айтпасақ та жақсы біледі. Ал 4G телефонды әлсіз байланыс арнасына ауыстырып, жиі істен шығады, мұндайда тіпті мессенджерден мәтінді хабарлама жіберу қиын. Бұл жағдай Астана мен Алматы сияқты мегаполистің өзінде жиі кездеседі. Мұндайда ауылдағы жолдар жайлы айтудың өзі артық. Кейінгі екі жылда ұялы байланыс сапасы тіпті нашарлады. Мусин айтқандай 5 жыл уақытта жағдай түзеле ме? Біздің ойымызша, жоқ. Сандарды «сәндеуге» әуес министр Әңгімені әріден бастайық. COVID-19 әлем елдерінің цифрландыру жүйесінде жағдайды ашып көрсеткені анық. Дамыған батыс елдерінің өзінде интернетті пайдалану 87-90 пайызға жуықтап жатқанда, біздегі шенділер 99 пайыз деп айды аспанға шығарды. Шынында, елімізде интернетпен қамту деңгейі қанша пайыз? Жолдағы интернет жайын айтпас бұрын осы сауалдың жауабын тапқан абзал. [caption id="attachment_232840" align="aligncenter" > © коллаж: Елдар Қаба[/caption] 2020 жылы сәуірде халық онлайн жұмысқа, оқушылар қашықтан сабақ оқуға отырғанда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстанда интернетті пайдалану үлесі 84,2 пайыз деген ақпарат таратқан. Бұл Қазақстандағы 118 қала мен 4 235 ауылдық аймақтың 3G/4G желісімен қамтылғанын айғақтайды. Ал сол жылы осы министрлікті басқаруға келген Бағдат Мусин пандемия жағдайында Қазақстанда 5 мың ауылға интернет тартылды деген мәлімет берді. Сөйтіп, 2020 жылдың соңында елде интернетпен қамту көрсеткіші 99,3 пайызға жеткен көрінеді. Бірақ бұл санға дау айта алмайсыз. Өйткені шенділер әккі жолын жақсы меңгерген. 2020-2021 жылдардағы пандемия тұсында сапа жақсара түскен, 3G интернет желісі 100 пайыз бар, 4G интернет желісі – 97 пайыз шамасында. Енді қараңыз, пандемия кезінде оқушылар онлайн оқып жатқанда, ауыл балалары интернеттің жоқтығы кесірінен қалай бейнет көргеніне бәрі куә. Бірақ мұндай асыра мақтауға құрылған дерек кімдер үшін қажет болды? Сапа – аумақтың қамтылуына емес, интернет жылдамдығына байланысты. Егер секундына 10 мбитке дейінгіні айтсақ, онда еліміз толық қамтамасыз етілген. Ал 10 мбит/с-дан асатын жылдамдықты айтар болсақ, аумақта жаппай жақсы деңгей байқалмайды. Яғни, халықтың 50 пайызына жетпейтін бөлігі жақсы интернетпен қамтылмаған. Ал мектеп пен әлеуметтік нысандарға келсек, онда жаһандық көрсеткіш бойынша 20 мбит/с не одан жоғары болуы керек. Бұл тұрғыда да Қазақстанның деңгейі төмен. Ресми дерек мүлде басқаша сөйлейді: Қазақстанда интернетпен қамту 2019 жылы – 82,3 пайызға, 2020 жылдың алғашқы тоқсанында – 84,2 пайызға, 2020 жылдың соңында 99%-ға бір-ақ жеткенін көріп отырмыз. Бағдат Мусин осы қызметке келгелі сандарды «сәндеп» әлек. Егер алдағы 1-2 жылда интернетпен қамтылу деңгейін 100 пайыздан асырып көрсетсе де таңғалмаймыз. Ал IT-маман Шавкат Сабыров елдің интернетпен қамтылу деңгейі 60-70 пайыздық меженің арасында екенін айтып келеді. Оның ойынша, 99 пайызға жақын арада жете қоймаймыз.
«Ауылдардың шалғайлығынан интернет тарту өте қымбатқа түседі. Мысалы, қаладан 500 шақырым жырақтағы ауылға интернет тартуға әлемнің бірде-бір компаниясы келіспейді. Ол жерге кеткен шығынды қайтарып алу үшін 100 жыл қажет. Сол сияқты жүздеген ауыл мен аудан орталығы бар. Алайда біздің елде бұл жұмысты атқаратын «Қазақтелеком» ұлттық байланыс операторы жұмыс істейді, мемлекеттен субсидия алады. Дегенмен Қазақстан 2025 жылдың өзінде 99 пайызға жете алмайды», – деді ол.Әрине, біз Цифрлық даму министрлігінің жұмысын түбегейлі жоққа шығармаймыз. Кейбір мәселеге келгенде олардың қауқарсыздық танытар жөні бар. Мәселен, еліміздің жер аумағы үлкен. Желі тартуда мұның маңызды рөл ойнайтыны жасырын емес. Жылдам дамып жатқан көрші ел Қытайда да мұндай проблема бар, 2021 жылы халқының небәрі 71,6 пайызын қамти алған. Әйткенмен, жауапты ведомствоның жауапкершілігі төмендемейді. Тек министрлер сандарды ойнатып, жалған деректерді келтіруді доғарғаны абзал.