Сырты бүтін, іші түтін
Сырты бүтін, іші түтін
1,007
оқылды
Алматыда пайдалануға беріл­геніне бар болғаны екі жыл болған жап-жаңа мектеп-гим­назия­ның қа­бырғалары қақ айырылды. Оқу орнының сапасына қатысты мәселе жеткілікті. Балалар мен қызмет­керлердің қауіпсіздігіне алаңдаған гимназия директоры тиісті орынның барлығының табалдырығын тоздыр­ғанын айтады. Жауапты орындарға арызын арқалап барып, табанынан таусылған мектеп басшысы қаладағы құзырлы орын өкілдерін шақыр ып, рейд ұйымдастырды. Жобаға сай болғанымен, іске жарамайды Қаладағы «Мамыр» ықшамауданында орналасқан №202 мектеп-гимназияның директоры Болат Жанайханұлының ай­туынша, о баста мектеп ғимараты жоба бойынша көрсетілген талаптарға сай салынбаған. Соған қарамастан мектепті тапсырыс беруші ретінде Алматы қалалық Құрылыс басқармасы қабылдап алған. Оның айтуынша, кепілдік мерзімі де дұрыс белгіленбеген.
«Мектеп қабырғаларының бірнеше жерінде жарық пайда болды. Іргетасы да шөгіп барады. Негізінде, мұндай үлкен құрылыс нысандарына 2 жылдық кепілдік берілуі керек. Ал біздің қолымыздағы құжатымызда бір жылға ғана кепілдік бар. Осының өзі біраз нәрсені аңғартады. Біз бұл туралы құқық қорғау орындарына бір­неше рет шағым түсірдік. Қалалық про­куратура мектептегі жағдайдан толық ха­бар­дар», – дейді гимназия басшысы.
Рейд барысында көргеніміздей, сабақ өтетін сыныптардың іші кәдімгідей сал­қын. Балалар партада сырт киіммен отыр. Мектеп басшысының айтуынша, бұл да мердігер компанияның жауапкершілікке немқұрайды қарағанынан туындап отыр­ған көрінеді.
 «Бізде сыныптардың аумағы – 55-60 шар­шы метр. Талап бойынша сыныпты қалыпты жылы температурада ұстап тұру үшін әр шаршы метрге бір батарея орна­тылуы керек. Ал бұл жерде үш терезенің астына 4 секциялық батарея қойылған. Яғни, бұлардан бөлінетін жылу 12 шаршы метр аумақты ғана жылытуға қауқарлы. Ол аздай, терезенің жанынан жарықшақтар пайда болды. Ол жерлерден де суық жел кіріп тұр. Осы себепті оқушы­ларымыз бүрсең қағып білім алуға мәжбүр. Ауырып үйлерінде жатқан оқушылары­мыздың да саны күн санап артып барады», – дейді №202 мектеп-гимназияның ди­рек­­торы Б. Жанайханұлы.
202 мектеп-гимназия Өз кезегінде мердігер компания өкілі бар­лығын өздеріне берілген жоба бойынша жасалғанын айтады. Ал суық кіріп тұрған саңылаулар жақын арада қалпына келтіріл­мек.
«Мен адамдар жіберіп, жөндетуге уәде бердім. Суық жібермеу үшін ескірген, бұ­зыл­ған жердің барлығын қалыпқа келтіре­міз. Батареяның жылуына келетін болсақ, біз жобадан тыс еш нәрсе істей алмаймыз. Барлығы бізге берген жобаға сай салынды», – дейді мектеп құрылысын жүргізген мердігер «АК Констракшн» ЖШС өкілі Қайрат Сандықбаев.
Мектептегі ұстаздар білім ошағындағы өрт қауіпсіздігі мәселесіне де алаңдайды. Айтуларынша, жалын шықса, дер кезінде көмек шақыруға да мүмкіндік қарастырыл­маған.
 «Өздеріңіз көріп тұрсыздар, өрт бола қалған жағдайда су тарту үшін қойылған гидрант бос тұр. Себебі мектептің су құ­быры орталықтандырылған жүйеге қосыл­маған. Мектепте өрт шықса, ескертуге мүмкіндік жоқ. Өйткені білім ошағын салған мердігер тиісті дабыл құрылғыларын орнатпай кеткен. Оны жақында өзіміз жасаттық. Бұл туралы қа­лалық Төтенше жағдайлар департа­ментіне де айтқанбыз. Бірақ бір жарым жыл бойы олар ешқандай шара қолданбады. Тапсырыс беруші Қалалық құрылыс бас­қар­масы мектепті осындай күйде қабылдап алғанымызға таңымыз бар», – дейді мектеп-гимназия директоры.
Мердігердің салғырттығы үшін айыппұл төледі Жақында мектепке Әуезов аудандық Төтенше жағдайлар басқармасына қарасты өртке қарсы бөлімнің инспекторлары айыппұл салып кеткен. Айыппұл төлетуге ғимаратта дабыл құрылғысының болмауы себеп екен. Гимназия директоры мердігер­дің немқұрайдылығы кесірінен 60 мың теңге айыппұл төлеуге мәжбүр болған. Төтен­ше­ліктер екінші рет келіп бірнеше заңсыз­дықты анықтап, тағы да айыппұл салған. Сол кезде мектеп әкімшілігі болған олқы­лықтар құрылысты жүргізген компанияның кемшілігі екенін көрсетіп, сотқа жүгінген. Сот мектептің талабы дұрыс деп шешім шығарып берген.
 «Бұл мектептің директоры болғаныма бір жарым жыл болды. Мен келгелі су құбырлары жеті рет жарылды. Салдарынан сырттағы баскетбол алаңы мен ойын алаңын су басып қалды. Оны әупірімдеп жүріп қалпына келтірдік. Алдағы уақытта бұл жағдай қайталануы мүмкін. Себебі жоба бойынша су құбырының диаметрі 100 миллиметр болуы керек. Ал мердігер ком­пания диаметрі 50 миллиметр құбырды қоя салған. Бұл судың қысымына әсер етеді. Қысымға шыдай алмаған құбырлар тағы жарылуы ғажап емес», – дейді білім ошағының директоры.
Жоғарыдағы айтылған кемшіліктерден бөлек, нысан құрылысын жүргізген компа­ния мектепті қажетті заттармен қамтуда бірқатар заңсыздыққа жол берген. Атап айтқанда, білім ошағына қажетті ин- те­рактивті тақталардың саны көрсетіл­геннен кем шыққан.
«Бастапқы кездегі жоба бойынша біздің мектепке 60 заманауи инте­рак­тив­ті тақта орнатылуы керек болған. Ал олар бар-жоғы 30 данасын жеткізген. Қалған тақталарды сұрасақ, әне-мінемен күн өткізіп келеді. Амалсыздан Сыбайлас жемқорлыққа қарыс іс-қимыл агенттігінің Алматы қалалық департаментіне шағым­дандық. Қазір құзырлы орган қызмет­керлері осы шағым бойынша тексеруді бастады», – деді мектеп-гимназияның директоры Б. Жанайханұлы.
«AMANAT» партиясы араласты Шешімі табылмаған мәселеге «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалы араласты. Арнайы өткізілген рейд кезінде мердігер жіберген олқылық­тармен толық танысып шыққан филиал өкілдері мектеп басшылығымен жауапты орын өкілдерінің басын қосып, арнайы кездесу өткізді. Жиынға «AMANAT» партиясының Ал­маты қалалық филиалы жанындағы Мем­ле­кеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Ерболат Қасымов, Партиялық бақылау инспекторы Олжас Тұрманов, Әуезов аудандық партия филиалының хатшысы Нейля Ордабаева қатысты. Басқосуда Алматы қаласы Құры­лыс басқармасына мердігер AK Construction company ЖШС-мен бірлесіп, ғимарат­тың терезелерін ретке келтіру керегі ай­тылды. Төтенше жағдайлар департаментіне «Алматы су» МКК-мен бірге су құбырына өрт сөндіру гидранттарын қосу, мектепті сумен толық қамтамасыз ету жүктелді. Сонымен қатар қалалық Білім басқар­масы Мемлекеттік активтер департа­ментімен бірлесе отырып, инженерлік желілерді қалалық қызмет балансына беру жұмыстарын жүргізуге міндеттелді. Сон­дай-ақ Қала құрылысын бақылау департа­ментіне аталған №202 мектеп-гимна­зияның аудиторлық тексеру қорытындысы туралы ақпарат беру тапсырылды. Аталған ұйымдар әзірленген ұсыным­дарды іске асыру туралы ақпаратты 2023 жылғы 12 қаңтарға дейін жіберуі тиіс деген шешім шығарылды.

Алматы қаласы