Партия филиалына жыл басынан бері 7 мыңнан астам арыз-шағым түсіп, оның 60 пайызға жуығы оң шешімін тапқан. Әсіресе, шалғайда жатқан ауылдарда өткен көшпелі қабылдаулар тұтас қоғамдағы жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан түйінді жағдайлардың тарқатылуына себепкер болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Кезектен тыс өткен ХХХVІІІ конференцияға партия хатшысы Жігер Қалиев, саяси кеңес мүшелері мен ардагерлер, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері мен «Жастар рухы» Жастар қанатының өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде облыстық партия ұйымының, депутаттық фракцияның өткен кезеңдегі есебі қаралып, партияның облыстық филиалының төрағасы сайланды.
Облыстық филиалдың атқарушы хатшысы Айна Мысырәлімованың айтуынша, партияның жұмысын жаңғырту бағытында өңірде партия ұйымдарын ірілендіруге баса көңіл бөлінген. Нәтижесінде, үш жыл бұрын 376 бастауыш партия ұйымы болса, биыл 271-ге дейін азайған. Сонымен қатар ел ішінде толғағы жеткен күрделі мәселелердің шешімін табу үшін облыс аумағында 40-тан астам қоғамдық қабылдаулар өткізіліп, 335 белсенді ауыл азаматтары қабылданған.
– Жыл басынан бері партияның қоғамдық қабылдауларына 7 мыңға жуық өтініш түсіп, оның 60 пайыздан астамы оң шешімін тапты. Бұл – республикадағы ең жақсы көрсеткіш. Партиялық бақылауды күшейту және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылысы мен реконструкциясының сапалы және уақытылы жүргізілуіне жеке жауапкершілікті күшейту мақсатында 29 партиялық бақылау бекеті құрылды. Оның нәтижесінде 13 нысан пайдалануға берілді, 16-сы партиялық бақылауда. Партиялық бақылау бекеттерін ашу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр, – дейді Айна Мысырәлімова.
Спикердің мәліметінше, осы жылдың 11 айы ішінде партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Жол картасының орындалу барысына талдау жасалған. Оған сәйкес, 1 570 іс-шараның 989-ы (63%) орындалған, 581-і (37%) орындалу сатысында екені анықталған.
«Жол картасын жүзеге асыру аясында агроөнеркәсіптік кешен дамып, жаңа өндіріс орындары, 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, соның нәтижесінде облысымыздағы азаматтардың әл-ауқаты артып, жақсарып келеді», – деп толықтырды Айна Ермекқызы.
Қазір «АMANAT партиясы жанынан 20 партиялық бақылау комиссиясы және түрлі бағыттар бойынша 105 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Қоғамдық кеңестер өз деңгейінде 1 056 отырыс өткізіп, 3 089 сұрақ қаралып, 6 493 ұсыныс әзірлеген. «Жер аманаты», «Ауыл аманаты», «Бақытты отбасы», «Кедергiсiз келешек», «Ардагерлердi ардақтайық» жобалары бойынша да қарқынды жұмыс жүргізілген. Мәселен, ауылдағы ағайынның ащы зарына айналып, латифундистердің шеңгелінде кеткен 302,3 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған.
Делегаттар алдында сөз алған облыстық мәслихаттағы «AMANAT» фракциясының жетекшісі Ғалым Бекмағамбетов депутаттармен атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсе, «AMANAT» партиясының хатшысы Жігер Қалиев алдағы сайлау кезеңінде партия мүшелерінің алдында тұрған бірқатар басым міндетті жіпке тізді.
–- Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын, бастауыш партия ұйымдары мен қоғамдық қабылдауларды азаматтардың мәселелерін шешуге жұмылдыру және тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыруға бағытталған партиялық жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмысты күшейту аса маңызды, – деді Жігер Қалиев.
Конференция барысында филиалдың жаңа төрағасы сайланды. Конференция делегаттары ашық дауыс беруімен Айна Мысырәлімова «АMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының жаңа төрағасы болып қайта сайланды.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы