Ел аумағындағы жолдардың жайы алаңдаушылық туғызады. Жуырда бұл мәселеге Үкіметтің кеңейтілген отырысында да баса назар аударылды. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан облысында жол апаты жиіледі. Соңғы кезде өңірде жол-көлік апаты да, одан зардап шеккен және қаза тапқан адамдардың саны да күрт көбейді. Жуырда ғана Тайынша ауданында қарама-қарсы келе жатқан екі көлік соқтығысып, соның салдарынан төрт бірдей адам тіл тартпай кетті. Бұған дейін облыс жолдарында төрт жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан алты адам зардап шекті. Бұған қоса, 102 нөміріне жол апаты туралы жиырмаға жуық қоңырау келіп түскен. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Тағы бір апат кезінде екі көлік соқтығысып, тротуарда тұрған 18 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кетті. Патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлар демалыс күндерін әрдайым күшейтілген жұмыс режимінде өткізеді. Полицейлердің профилактикалық жұмысының нәтижесін жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, жыл басынан бері тәртіп сақшылары 56,9 мыңнан астам жолда жүру ережесін бұзу фактісінің алдын алды. Мас жүргізуші көп Жыл басынан бері облыста 1 121 мас жүргізуші құрықталды. 662 адам көлік жүргізу куәлігінен айырылды. 978 адам әкімшілік қамауға алынды. Мұндай деректер рейдтер мен жедел алдын алу іс-шаралары барысында анықталады. Облыста ара-тұра «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы өткізіліп тұрады. Шара кезінде тәртіп сақшылары жол жүру қағидаларын бұзушыларды анықтап, қала сыртындағы және ішіндегі жолдар мен елді мекендердің көшелерінде тәртіпті қамтамасыз етуге жұмылдырылады. Жуырда өткізілген осындай іс-шара кезінде бір апта ішінде 27 мас жүргізуші ұсталды. Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қаласы сыртындағы айналма жолда тоқтатылған Mitsubishi автокөлігінің 47 жастағы жүргізушісі 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды. Түн жарымда М.Жұмабаев ауданының аумағында «КамАЗ» жүргізушісінің синтетикалық есірткі қолданғаны анықталып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
«Жыл басынан облыста мас жүргізушілердің кінәсінен 26 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 6 адам қайтыс болды, 27 адам жарақат алды. Бұдан бөлек, жедел-профилактикалық іс-шара барысында жылдамдықты асырудың – 174, бағдаршамның тыйым салынған түсіне өтудің – 18, апатты жағдай жасаудың 15 дерегі анықталды», – деді Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.12 желтоқсанда басталған «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы барысында тағы 7 мас жүргізуші тоқтатылды. Облыс аумағында желтоқсанның 16-сы мен 25-і аралығында «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Іс-шараның үш күнінде 9 мас жүргізуші ұсталды. Бұған дейін өткізілген осындай іс-шараның бір аптасының өзінде ішімдік ішіп көлік тізгіндеген 38 жүргізуші анықталды.
«Мас күйде көлік тізгіндегені үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жылға көлік басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған. Мас күйде көлік жүргізу – барлық жол қозғалысына қатысушылардың денсаулығы мен өмірі үшін аса қауіпті. Аталған фактілерге жол бермеуге бағытталған жұмыстар ұдайы жүргізілуде. Қаңтар айынан облыста жол қауіпсіздігі желісі бойынша 9 жедел-профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды», – дейді полиция полковнигі Айдын Байматов.Жаяу жүргінші де кінәлі Кейде жаяу жүргіншілер де жол-көлік апатына себепкер болып жатады. Сондай 5,3 мың жаяу жүргіншіге айыппұл салынды. Ең жиі кездесетіні – жаяу жүргіншілердің жолды рұқсат етілмеген жерінен өтуі. «Қауіпсіз жол» шарасы өткізілген бір апта ішінде мұндай 345 ереже бұзушылық тіркелді. Сондай-ақ «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында да жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аса мән беріледі. Осы іс-шара шеңберінде де жаяу жүргіншілер ереже көбірек бұзылған. Полицияның мәліметінше, екі күн ішінде 180 заңбұзушылық тіркелген. Көп жағдайда жолдардағы апаттардың себебі – қараусыз қалған мал. Иесінің жауапсыздығынан кейде жайылып жүрген мал да апатты жағдай туындатып жатады. Мәселен, Айыртау ауданына қарасты Лавровка ауылының маңында екі бірдей автокөлік жылқымен соқтығысты. 32 жастағы солтүстікқазақстандық мінген Lada Vesta және 56 жастағы қостанайлық жүргізіп келе жатқан Fiat Ducato автокөліктері бір-біріне қарсы бағытта келе жатқан кезде олардың алдынан кенеттен бір үйір жылқы шыға келген. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Жүргізушілер автокөліктердің соқтығысып қалуына жол бермеді. Тек көліктерге механикалық зақым келді.
«Учаскелік полиция инспекторлары Ақмола облысының бақташысын анықтады. Ол Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 11 айда ауданда малдарының қаңғып жүргені үшін 481 адам жауапкершілік арқалады. Қараусыз қалған жануарлар мал ұрыларын қызықтырып қана қоймай, ауыр жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін. Еркін жайылымға жол бермеу бойынша жұмыстар ұдайы жүргізіліп тұрады», – дейді Айыртау аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Тұрлыбек Жамалиденов.Жыл басынан бері облыста малын қараусыз қалдырған 4 мыңнан адам жауапкершілікке тартылды. Тәртіп сақшылары мал иелеріне көлік көп жүретін жолдар мен теміржолдардың жанында еркін жайылымға жол бермеуі қажеттігін үнемі еске салады. 11 айдың ішінде Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында 319 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 46 адам қайтыс болды, 441 адам жарақат алды. Бұл жайт алаңдаушылық туғызбай қоймайды. Алдын алу қажет
Жуырда Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының алдында есеп беру үшін келген Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов осы мәселеге баса назар аударды. Министрдің айтуынша, жүргізушілердің тәртібін жақсарту үшін қолданылатын автоматты бейнекамералар өз тиімділігін көрсете білді. «Алайда Солтүстік Қазақстан облысы бойынша олардың саны – 43-ақ. Бұл, әрине, жеткіліксіз» деген сын айтты Марат Ахметжанов.Сонымен қатар министр өңірде жол инфрақұрылымының жеткіліксіздігіне назар аударды. Бүгінде облыс бойынша 1,7 мың жол белгісін, 53 бағдаршам, 32 жаяу жүргінші өткелін орнату қажет. 4,8 мың шақырым қашықтыққа жол таңбасы, 56 шақырымға жасанды жарықтандыру қажет-ақ. Бұл ретте бар міндетті полицияның ғана мойнына артпай, жергілікті атқарушы органдарды да жұмылдырған жөн. Сондықтан министр облыстық әкімдікке осы мәселені шешуге атсалысу туралы өтініш білдірді. Сондай-ақ Қазақстанның алты қаласы – Астана, Алматы, Шымкент, Өскемен, Атырау және Түркістанда қолданалатын «Қорғау» бағдарламасын Петропавлға енгізудің еш артықтығы жоқ. Бұл бағдарлама жалған нөмірлі, сақтандырусыз, іздеуде жүрген көліктерді және жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілерді анықтауға мүмкіндік береді. Бұрын барлық көлікті тоқтатып, құжаттарын тексеру қажет болса, қазір бұл жүйе көшелердегі камералардың мәліметтерін сараптай келе, жақын маңайдағы полиция қызметкерінің планшетіне қауіпті жүргізуші туралы хабарлама жібереді. Биыл ел бойынша осы жүйенің көмегімен жалған номер қолданудың 660-тан астам дерегі, арнайы куәліксіз жүрген екі мыңға жуық жүргізуші анықталыпты. 10 мыңнан астам көлік айып тұрағына қойылған. Жүйе жұмысының нәтижелілігін ескеріп, министр жергілікті әкімдікке осы бағдарламаны енгізуді жеделдетуге кеңес берді. Министрлік жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру туралы бастама көтеріп келеді. Биыл жаздан бастап жалған мемлекеттік нөмірмен жүргендер 1 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, 5 тәулікке темір тордың арғы жағына тоғытылады. Жылына 5 реттен артық айыппұл төлеген жүргізушілерге 50 пайыздық жеңілдік жасамау туралы өзгеріс енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Ішкі істер министрі полиция мен жұртшылық өкілдерінің тиімді қарым-қатынасы туралы мысалдар келтіре отырып, солтүстік қазақстандықтарды полициямен бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Солтүстік Қазақстан облысы