Алматы мектептерінде 28 мыңға жуық балаға орын жетіспейді 
Алматы мектептерінде 28 мыңға жуық балаға орын жетіспейді 
668
оқылды
Жыл сайын алматылық мектеп оқушыларының саны орташа есеппен 12-14 мыңға дейін көбейіп келеді. Бұл көрсеткіш демография мен ішкі миграция есебінен орын алып отыр. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен  брифингте айтты. Спикердің айтуынша Алматыда барлығы 320 453 оқушы оқитын 310 мектеп бар. Оның  ішінде, 292 099 оқушы  212 мемлекеттік мектепте оқыса, қалған  28 354 оқушы қаладағы 98 жекеменшік мектептерде білім алуда. Соған қарамастан, оқушы орындарының тапшылығы мәселесі шешілмеген. Бүгінгі күні 27 935 орын жетіспейді. Әкім орынбасарының айтуынша, аталған мәселені шешу үшін  2022 жылы біраз жұмыс жасалған. Мәселен, осы жылы 8100 орынды қамтитын 5 мемлекеттік мектеп пайдалануға берілді. Оған қоса 2393 орынды қамтитын 6 жекеменшік мектеп бой көтерді. Сонымен қатар, желтоқсан айының соңында «Дархан» шағын ауданында 1500 орындық №210 және «Алма сити» шағын ауданындағы 1200 орындық №207 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Орын тапшылығы мәселесін шешу үшін Мемлекет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру және 2030 жылға қарай бір ауысымда оқытуға көшу жөнінде тапсырмалар берген болатын.
«Ұлттық жоба аясында 2023 жылдан бастап республикалық бюджет есебінен 37 100 орынды қамтитын 22 мектептің құрылысын бастау жоспарлануда. Бұл ретте жергілікті бюджет есебінен жалпы сомасы 11 млрд теңгеге жер телімдерін сатып алу және оларды инфрақұрылымға қосу мәселелері шешіледі», – деді Ә.Нүсіпова.
Сонымен қатар, әкімдік «1000 мектеп» жобасын жүзеге асыруды жалғастырады. Оның аясында 2023-2025 жылдар аралығында 27 150 орынға арналған 36 білім беру нысаны (3 мемлекеттік мектеп, 7 қосымша құрылыс, 19 жекеменшік мектеп) пайдалануға беріледі. Осылайша, 2026 жылға қарай оқушылар орындарының тапшылығы қалыпты деңгейге дейін қысқарады (2000-3500 орын). Алматы