Бауырлас халықтардың бағыты айқын
Бауырлас халықтардың бағыты айқын
630
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік са­пары аяқталды. Бұл сапар екі ел арасындағы ынты­мақ­тастықты бекемдей түсуге тың серпін беріп, қос мемлекеттің ғана емес, тұтас аймақтың дамуына ықпал етері сөзсіз. Алдымен қос мемлекет басшы­лары шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қа­зақ­стан Президенті қо­нақ­жайлық көр­сетіп қарсы алған Шавкат Мирзиёев­ке ризашылығын білдіріп, мем­ле­кеттік сапардың маңыздылығын атап өтті.
 – Біз Өзбекстанмен ынтымақтас­тықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Қазақ пен өзбек – ежелден достығы мызғымас, сыйластығы жарасқан бауырлас халықтар. Екі елдің салт-дәстүрі, мәдениеті, тілі, діні ұқсас. Тарихы тамырлас, тағдырлас елдері­міздің мақсат-мұраты да ортақ. Сон­дықтан мен бүгінгі сапарға айрықша мән беремін. Біз тату көршілікке және сенімді серіктестікке негізделген қа­рым-қатынасты жаңа деңгейге кө­тереміз деп сенемін. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтас­тық неғұрлым тығыз және табысты болса, Орталық Азиядағы ахуал соғұрлым тұрақты болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентінің Жолдауымен таныс­қанын және бұл маңызды құжат Өз­бекстанның одан әрі табысты дамуына жол ашатынын жеткізді. Шавкат Мирзиёев өз кезегінде Қазақстан Президентін сайлаудағы жеңісімен құттықтап, Өзбекстанға мемлекеттік сапармен келу туралы шақыруын қа­был алғаны үшін ризашылығын біл­дірді. Өзбекстан Президентінің ай­туынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары екі ел қарым-қатынастары­ның дамуына тың серпін беріп, қол қойылатын құжаттар нақты іс-әрекет­терге берік негіз болады. Президенттер саяси, сауда-эконо­микалық және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге көңіл бөліп, қазақ-өзбек стратегиялық серік­тестігі­нің ауқымды мәселелерін тал­қылады. Атап айтқанда, екі ел – Орталық Азиядағы ең ірі сауда се­ріктестер. Биыл сауда айналымы 35 пайызға өсіп, 5 миллиард долларға жуықтады. Мұндай көрсеткішке өнеркәсіп, ма­шина жасау, логистика, көлік, энерге­тика және басқа да са­лаларда бірлескен жо­баларды жүзеге асыру арқылы қол жеткізілгеніне на­зар аударылды. Сон­дай-ақ тараптар жаһандық және ай­мақтық күн тәр­тібіндегі өзекті мәсе­лелерді тал­қылады. Тоқаев Шағын құрамдағы кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуы­мен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Президенттер сауда-эко­но­микалық ынтымақтастықты ны­ғай­туға, соның ішінде өзара тауар ай­налымын ұл­ғайтуға, инвестиция тар­туға, өнер­кәсіп, фармацевтика, ауыл шаруашы­лығы, құрылыс, тран­зит әлеуеті және көлік логистикасы са­лаларындағы кооперацияны да­мытуға баса мән берді. Сондай-ақ бі­лім беру және мәдени-гуманитарлық салаларда өзара іс-әрекет мәселесі де сөз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев елдеріміз бүгінде мемлекетаралық серік­тестікке үлгі болатындай берік әрі үйлесімді қарым-қатынас орнат­қанын атап өтті.
– Одақтастық қарым-қаты­нас туралы шартқа қол қою біз­дің мем­лекетаралық байла­ныс­тарымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Егер біз шартты тарихи маңызы бар құжат деп атайтын болсақ, бұл асы­ра айт­қандық емес деп ойлаймын. Бұл аса маңызды құжат біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады және екі елдің өзара ынтымақ­тас­тықты нығайтуға деген ортақ ұмты­лысын білдіреді. Бұдан бөлек, бүгін Қа­зақстан мен Өзбекстанның мем­лекеттік шекараларын демар­ка­ция­лау туралы шартқа қол қойылады. Бұл тарихи келісім Қа­зақстанның оңтүстігіндегі мемлекеттік шека­ра­сын ха­лық­аралық-құқықтық тұр­ғыда рә­сімдеу ісін толығымен аяқ­тай­ды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы одақтас­тық қарым-қатынасты нығайту жо­лын­дағы бірлескен іс-әре­кеттер бүкіл Орталық Азияның орнықты дамуы мен тұрақты­лы­ғын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатынын айтты. Сонымен қа­тар келіссөзде пре­зиденттер екі­жақты ынтымақ­тас­тықтың саяси тұғырнамасын бе­кемдей түсетін Жоғары мемлекет­аралық кеңес пен Парламентаралық кеңес құру жөнінде уағдаласты. Қасым-Жомарт Тоқаев тараптар түрлі ха­лықаралық құрылымдар мен механизмдер аясында табысты жұмыс жүргізіп келе жатқанын айтты. Өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша Қазақстан мен Өзбек­станның ұстанымдары ортақ, көз­қарастары ұқсас. Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев шағын құрам­дағы келіссөздің нәтижелі бол­ғанын атап өтіп, тауар айналы­мы­ның ұл­ғайғанына және бірлескен жоба­лардың сәтті жүзеге асы­рылып жат­қанына тоқталды.
– Сіздің мемлекеттік сапа­рыңыз біздің ғасырлар бойы қа­лыптасқан достық, тату көршілік және өзара қолдау сипатындағы байланыс­та­рымыздың қаншалық берік екенін тағы нақтылай тү­седі. Біздің ха­лық­тарымыздың тарихы мен тағдыры бір-бірімен біте қай­насқан. Елде­ріміздің тарихи та­мыры ортақ әрі біз өзек­ті мәселе­лерді бірлесе шеше­міз, – деді Өз­бекстан Президенті.
Бұдан кейін мемлекет басшы­ларына Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бірлескен жоба­лардың жүзеге асырылуы жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет берілді. Атап айтқанда, Қарағанды облы­сында тұрмыстық техника, Шым­кентте инфузиялық ерітінді, Қос­танайда Chevrolet автомо­бильдерін шыға­ратын жоба іске қосылады. Өз ке­зегінде Өзбек­станның Науаи об­лысында ми­нералды тыңайтқыштар өнді­рісіне, Ташкент облысында ло­гис­тикалық орталық пен Ташкент қаласында тұрғын үй-коммер­ция­лық инфрақұрылымының құры­лысына қатысты жобалар жоспар­ланған. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бірлескен жоба­лардың табысты жүзеге асуына тілектестік біл­діріп, нысандардың құрылысын салтанатты түрде бастап берді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ташкент қаласында өтіп жатқан «Абай. Бауырлас халықтар мұрасы» атты ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған көрмеге барды. Бұл көрме – екі ел арасындағы достық пен бауырлас­тық байланыстарды одан әрі ны­ғайтуға бағытталған маңызды қа­дам. «Абай. Бауырлас халықтар­дың мұрасы» атты көрмеде ұлы ақын­ның шығар­машылығындағы Әлі­шер На­уаидың рөлі, Абай өмірінің негізгі кезеңдері, Ә.Қас­теев, О.Таң­сық­баев, Е.Сидоркин, Н.Өтеп­баев және тағы басқа су­ретші­лердің туын­дыларындағы Абай туралы сю­жеттер қамтылған. Оған қоса, Абай­дың «Жидебай-Бөрілі» мем­лекеттік тарихи-мә­дени және әдеби-ме­мориалдық қорық-музейінің 120-дан астам экспонаты қойылған. Сапар кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанның Ташкент қаласындағы Тәуелсіздік мо­ну­ментіне гүл шоғын қойды. «Янги Узбекистон» саябағында орналас­қан монумент былтыр осы ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығына орай орнатылған. Ес­керткіште өзбек халқының та­рихындағы ең ма­ңызды оқиға­лар мен белгілі мемле­кет қай­раткерлерінің, қолбасшы­лары мен ғалымдарының бейнелері кескінделген. Мемлекет басшысы өз ке­зе­гінде Шавкат Мирзиёевпен бірге Төле би кесенесіне зиярат етті. Бұл жерде қазақтың біртуар пер­зенті Төле би жерленген. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев ша­­ғын және кеңейтілген құрам­да­ғы келіссөздерден кейін бұқ­ара­­лық ақпарат құралдары өкіл­дері үшін бірлескен мәлімдеме жа­­сады. Тоқаев Өзбекстанда Қазақстан Президенті, ең ал­дымен, Шавкат Мирзиёевке мем­лекеттік сапармен келуге ша­­­қыр­ғаны үшін ризашылығын біл­дірді. Оның айтуынша, Өзбек­стан ұзақ жылдар бойы Қазақ­стан­ның осы аймақтағы басты стра­тегиялық серіктесі болды, ал бү­гінде сенімді одақтасқа айнал­ды. Сонымен қатар ресми де­ле­гациялардың мүшелері мемле­кет­тер басшыларының қатысуы­мен мынадай құжаттарға қол қойды:
  1. Қазақстан Республи­ка­сы­ның Үкіметі мен Өзбекстан Рес­пуб­ли­касының Үкіметі ара­сын­дағы «Ор­талық Азия» халық­ара­лық өнер­кәсіптік кооперация ор­та­лығын құру туралы негізде­ме­лік келісім;
  2. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министр­лігі мен Өзбекстан Республикасы Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігі арасындағы Элек­трон­дық сауда жүйесін да­мыту сала­сындағы өзара түсініс­тік туралы меморандум;
  3. Қазақстан Республика­сы­ның Үкіметі мен Өзбекстан Рес­пуб­ликасының Үкіметі ара­сын­дағы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім саласын­да­ғы ынты­мақтастық туралы ке­лісім;
  4. Қазақстан Республика­сы­ның Үкіметі мен Өзбекстан Рес­пуб­ликасының Үкіметі арасын­дағы Эко­логия және қоршаған ор­таны қорғау саласындағы ын­тымақ­тас­тық туралы келісім;
  5. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Өзбек­стан Республикасының Орман шаруашылығы жөніндегі мемле­кеттік комитеті арасындағы Орман шаруашылығы саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  6. 2000 жылғы 7 шілдедегі Қа­зақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама;
  7. Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және ре­формалар агенттігі мен Өзбекстан Республикасының Президенті жа­нындағы Стратегиялық рефор­ма­лар агенттігі арасындағы Ынты­мақтастық туралы меморандум;
  8. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Өзбекстан Республикасы Пре­зидентінің жанындағы Мемле­кет­тік қызметті дамыту агенттігі ара­сындағы Мемлекеттік қызмет са­ла­сындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  9. Қазақстан Республикасы Қы­­зылорда облысының әкімдігі мен Өз­бекстан Республикасы Науаи об­лысының хокимиаты ара­сындағы ын­тымақтастықты кеңей­тудің 2023-2024 жылдарға арналған жол картасы;
  10. Қазақстан Республикасы Түркістан облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Жизақ об­лысының хокимиаты арасын­дағы ынтымақтастықты кеңейтудің 2023-2024 жылдарға арналған жол картасы;
  11. Қазақстан Республикасы Түркістан облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының хокимиаты арасын­дағы ынтымақтастықты кеңейтудің 2023-2024 жылдарға арналған жол картасы;
  12. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық ком­паниясы» АҚ мен «Узбек­нефт­газ» АҚ арасындағы келісім;
  13. Eurasian Resources Group S.а.r.L. компаниясы мен «Sanoat Energetika Guruhi Enera» ЖШҚ арасындағы Ынтымақтастық ту­ралы келісім;
  14. «Қазфосфат» ЖШС, «Узки­мёсаноат» АҚ және KP Fertilizers Ltd. арасындағы Өзбекстан Рес­публикасында минералды тыңайт­қыштар өндіру жөніндегі бірқатар кешендер құрылысының инвес­тициялық жобаларын іске асыру шеңберіндегі бірлескен әріптестік туралы келісім;
  15. PTC Holding ЖШС (Қа­зақстан Республикасы) мен Өз­бекстан Республикасы Ташкент облысының хокимиаты арасын­дағы Ынтымақтастық және өзара тү­сіністік туралы меморандум.