Дәрігер беделін арттыру маңызды – Гүлдара Нұрымова
Дәрігер беделін арттыру маңызды – Гүлдара Нұрымова
937
оқылды
Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова – 30 жылдан астам уақыт медицина саласында еңбек еткен білікті дәрігер. Мамандығы – дәрі­гер-терапевт. Ұлт денсаулығына алаңдап оты­ратыны да сондықтан. «Дені сау ұлт» тәр­бие­леудің жолы қандай? Мүгедектігі бар бала­лардың саны неге артып келеді? Білікті кадрлар неге азайды? Медицина қызметкерлерінің беделін қалай арттырамыз деген мәселелер де күн тәртібінен түскен жоқ. Бұған депутаттың да айтары бар. – Президент тапсырмасымен «Дені сау ұлт» жобасы қолға алынды. Бұл жобаның мақсаты қандай болмақ? – Дені сау ұлт жобасының мақсаты өте ауқымды – әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасын әзірлеу. Ол бірнеше стратегиялық көрсеткіштерге қол жеткізуімізді талап етеді: 2025 жылға дейін өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа жеткізу, нәресте өлімін азайту, ана өлімін азайту, медициналық меке­мелер ұсынатын медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне халықтың қанағаттану деңгейін 80 пайызға дейін жеткізу көзделген. Осы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін біз келесі жұ­мыстарды атқаруымыз керек. Қолжетімді және сапалы медициналық көмек көрсетуді тиімді ұйымдастыру, халықты денсаулық сақтау қызметтерімен кеңінен қамтуды қамтамасыз ету, жүкті әйелдердің денсаулығын сақтау және балалардың денсаулығын нығайту, кадрлық әлеуетті нығайту, эпидемиологиялық болжау мен ден қою­дың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыру, отан­дық өндірістің қолжетімді дәрілік заттары мен медици­налық бұйымдарын арттыру, саламатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру және бұқаралық спортты дамыту. – Денсаулық сақтау министрі ауылға баратын дәрі­герлердің жалақысы көтерілетіні туралы айтып жатыр. Дегенмен жоғары білімді дәрігерлер елге, ауылға бару үшін жалақыдан бөлек, дұрыс емхана, жаңа техникамен жабдықталған ауруханалар қажет сияқты. Аядай бөлмеде отырып, науқастарды емдеуге дәрігердің мүмкіндігі бола ма? – Президент Қ.Тоқаев соңғы Жолдауында бұл мә­селеге арнайы тоқталып: «бүгінде еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Медицина қызметкерлеріне жұмыс істеуге барынша жағдайлар жасалады» деген еді. Сонымен қатар Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады, жаңа үлгідегі құралдармен жаб­дықталады. Онда инсультті емдеу орталықтары, хирур­гия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылып, жоғары білімді дәрігерлер елге қызмет жасайды. Осы кезде білікті мамандардың ауылды елді мекендерде де жұмыс атқаруға деген ынтасы артады деп ойлаймын. – Пандемия дәрігер тапшылығын тудырды. Оны қалай жоямыз? – Иә, пандемия барлығымыздың сана-сезімімізді, құндылықтарымызды, өмірге деген көзқарастарымызды өзгертті. Медицина қызметкерлерінің қадірін түсінген­дей болдық. Әсіресе, дәрігерлердің тапшылығы білінді. Мұның себептері әртүрлі: бұл мамандықтың беделінің жеткіліксіз деңгейі, медицина қызметкерлерінің құқық­тары қорғалмағандығы және елдегі медицина қыз­меткерлердің жалақысының төмендігі. Осыған бай­ланысты Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай жала­қының деңгейін елдегі орташа жалақымен салыс­тыр­ғанда 2,5 есеге арттыруды тапсырды. Сапалы қызмет көрсету үшін дәрігерлерді дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді деп ойлаймын. – Бала өлімі мен мүгедектігі бар жандарға қатысты жиі мәселе көтеріп жүрсіз. Байқасаңыз, соңғы жылдары мүдегектігі бар балалардың саны артып барады. Мұның себебі неде? – Бұл – өте маңызды мәселе. Расында да, соңғы жылдары мүмкіндігі шектеулі жандардың саны артуда. Соңғы 10 жылда мүгедектігі бар балалардың саны екі есеге өскен. Тек 2021 жылдың өзінде 13 мыңнан астам балаға мүгедектігі бар деген диагнозы қойылған. Мүгедектік деңгейін төмендету мәселесін басым бағыттардың бірі ретінде күн тәртібіне қоятын уақыт жетті. Кішкентай кезінен мүгедектіктің алдын алу маңызды. Оған дәрігерлер де, ата-ана да жауапты. Бала кезінде бұл дертінен емделіп алмаса, ересек шаққа жеткенде азабын тартады. Ол дәріге, аппаратқа тәуелді болып қалады. Қайтсек, біз оның алдын аламыз? Біз бұл проблемаларды болдырмауға болатын «мүмкін­діктерді» пайдалана алмай отырған секілдіміз. Кез кел­ген мәселесінің нақты шешімі бар: ең алдымен ауыр ауруларды, оның ішінде тұқым қуалайтын ауруларды ерте диагностикалау үшін жаңа туған нәрестелерді скринингтік тексеруден өткізіп, дертін ерте анықтауға болады. Ерте анықталса, оны қымбат дәрілерсіз-ақ, жеңіл-желпі дүниелермен жазып алуға болады. Мә­селен, бала туғаннан кейін екі апта ішінде скрининг жа­салса, мүгедектік дертінен құтқаруға болады. Қа­зақстанда 2007 жылдан бастап жаңа туған нәрестелер тек 2 тұқым қуалайтын ауруға – фенилкетонурия және туабіткен гипотиреозға скринигтен өтеді: 4,6 миллион баланың 768-іне дер кезінде диагноз қойылып, мүге­дектікке жол бермеді. Мүгедектігі бар дегеніміз не? Оған бәрі кіреді: ДЦП-мен туған балалар, аутизм дерті бар, құлағы естімейтін, саңырау, тіл мүкістігі бар балалар да бар. Мұның бәрін ерте анықталса, емдеуге болады. Көбінде ата-ана бала­сының дертті екенін кеш анықтап жатады. 3 жастан, 5 жас­тан асқан балаларды тексеруден өткізуге әкеледі. Әттең-ай дейсің, осы бала екі апталығында не болмаса 3 айға дейін тексеруден өткенде, бұл дерттің алдын алуға болар еді деп қамығасың. Өзім де дәрігер болған соң мүгедектігі бар балалардың саны артып келе жатқанына жаным ауырады. Бұның алдын алмасақ, онда біз мүгедектер еліне айналып кетуіміз мүмкін ғой. – Туабітті ауру бөлек те, жол апатына түсіп те мер­тігіп, мүгедек болатын жандар көп. Қазір жол-көлік апаты да көп. Жыл сайын қаншама жан содан зардап шегіп жатады. Бұған байланысты арнайы депутаттық сауал жолдағаныңызды білеміз. Жауабы қандай болды? – Осыған орай вице-премьер Роман Склярдың атына арнайы сауал жолдаған едік. Ол сауалымызда елімізде жыл сайын 13 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы болып, екі мыңнан астам адам қаза тауып, 18 мыңнан астам адам жарақат алатынын айтқан едік. Ол апаттан 5-14 жас аралығындағы балалар да зардап шегіп жатады. Өлім құшады. Жыл сайын апатты жағдайлардың көбеюі алаңдатарлық тенденция болып отыр. Биылдың өзінде жазатайым оқиғалардың саны 9 пайызға артып, одан 20 пайызға жуық азаматтар қаза тапты. Барлық жол-көлік оқиғаларының 95 пайызы жүргізушілердің кінә­сінен, негізінен жылдамдықты арттырудан, маневр жа­сау ережелерін бұзудан, қарсы жолаққа шығып кету­ден болады. Жыл басынан бері полиция, миллионнан астам заңбұзушылықтың жолын кесті. Бұл көлік жүр­гізушілері біліктілігінің төмендігін көрсетеді. Бұл мә­селе неден туындап отыр? 2018 жылдан бастап оқу орталық­тарын ашу лицензиялар мен рұқсаттарды алуды талап етпейді. Қазір мұндай орталықтар өте көп. Білуімізше, елімізде 747 оқу орталығы бар екен. Бұл фактілердің бәрі жүргізушілерді даярлаудың оқу үдерісінің формалды түрде жүзеге асуына әкелді. Материалдық-техникалық базасы жоқ, жай ғана аттестат басып беретін мектептер қатары көбейді. Бұл дегеніміз не: яғни, біліксіз жүргізу­шілердің санын арттыру. Ол жол-көлік апатын жиілетуге себеп болмай ма? Сол себепті де жүргізуші куәлігін алудың талабын қатаңдатқан жөн. Орталықтарды тексерістен өткізіп, олардың сапасын арттыру маңызды. Сонда біз жол-көлік апатына тосқауыл қоя аламыз. – Соңғы жылдары дәрігер қателігіне қатысты мәселе көбейді. Дәрігер қателік жіберген жағдайда не істеген абзал? Бұның заңдық құқығы қалай болады? – Дәрігер қателіктері әрдайым болған, бірақ соңғы жылдары әлеуметтік желілердің дамуына байланысты барлық қателіктер үлкен талқыға түседі, ол негізсіз бе, жоқ негізделген бе ешкім ойланбайды. Медицина сала­сында барлық дәрігерлердің қателіктерін тексеретін мекеме – ол Медициналық және фармацевтикалык қызметтердің сапасын бақылау жөніндегі комитет. Осы Комитеттің шешіміне қарай қателік және шағым не­гіз­делген болып табылса, ары қарай ол құзырлы мекеме­лерге тапсырылады және шешім заң аясында қол­данылады. – Медицина қызметкерлеріне санаттар бойынша төлеу мәселесі туралы депутаттық сауал көтерген едіңіз. Бұл мәселе қалай шешілді? Бұл санатқа кімдер кіреді? – Қазақстан Республикасының медицина қауымы мен бірқатар Мәжіліс депутаттары біліктілік санаттарын жоюға қатысты көзқарасқа байланысты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі кәсіподақ ұйымының басшыларымен бірлесіп, Ұлттық денсаулық сақтау палатасымен қосымша келісімге қол қойды. Қол қойылған қосымша келісімнің мақсаты – 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін біліктілік санаттары бар медицина қызметкер­леріне лауазымдық жалақының (ең жоғары, бірінші, екінші) есебін қамтамасыз ету. Еңбекақыны есептеу кезінде біліктілік санаттарын беру туралы бұрын беріл­ген куәліктердің қолданылу мерзімі маңызды емес. – Әңгімеңізге рақмет!