Жолдың жайы мәз емес
Жолдың жайы мәз емес
486
оқылды
Индустрия және инфра­құрылым­дық даму министрлігі еліміздегі ең нашар және ең жақсы жолдары бар өңірлерді атады. Алдын ала жасалған қоры­тындыға сүйенсек, жергілікті жол­дардың жағдайы Маңғыстау (95 пайыз), Жамбыл (95 пайыз) және Алматы (91 пайыз) облыстарында жақсы. Ал сапасы көңіл көншіт­пей­тіндей жолдар Батыс Қазақ­стан (39 пайыз), Ақтөбе (66 пайыз) және Атырау (70 пайыз) облыстарына тиесілі. Биыл еліміздегі 4,6 мың шақырым­дай жергілікті автожол жөндеудің барлық түрімен қамтылып, оның 2,6 мың шақырымында тиісті жұмыстар аяқталды. Осы мақсатқа 372 миллиард теңге бөлінген. Ведомство мәліметінше, Қазақ­стан­да өңірлер ішіндегі жол инфра­құрылы­мын дамыту үшін 486 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде 391 жоба бойынша күрделі және орташа жөндеу жұмыстары қолға алынса, жаңғырту мен тұтастай құрылысқа байланысты 95 жоба жүзеге асырылып келеді. Осы жылдың аяғына дейін автомобиль жолдарын жөндеуге байланысты 164 жобаны, сондай-ақ жолды салып, жаңғырту бойынша 6 жобаны соңына дейін жеткізу межеленіп отыр.
«Солтүстік Қазақстан облысындағы Лавровка – Чкалово автомобиль жолы­ның 160-168 шақырымдай аралығын жаңғырту мен Қызылорда облысындағы Әйтеке би – Басықара аудандық маңыз­дағы көлік жолындағы көпірді жөндеуге байланысты жұмыстар аяқталуға жа­қын. Сондай-ақ Шымкенттегі шығыс айналма жолында жүргізіліп жатқан құрылыстың 1-кезеңі тәмамдалып қалды», – деді ИИДМ өкілі.
Бұдан бөлек, биыл Алматыдағы Абай даңғылының жалғасын абаттан­дыру бойынша да жұмыстар соңына дейін жеткізілмек. Бұл ретте аталған даңғыл Мемлекет басшысының тап­сыр­масына сәйкес іске асырылып жатқан Үлкен Алматы айналма авто­мобиль жолының 6 радиалды тарма­ғының бірі саналатынын айта кеткен орынды. Жүргізілген жұмыстардың қорытындысы бойынша еліміздегі жергілікті жолдар желісінің норматив­тік жағдайы жыл соңына дейін 85 пайызға жеткізіледі деп көзделіп отыр.