«Тағзымға» тағзым етейік!
«Тағзымға» тағзым етейік!
766
оқылды
«Тағзым» мемориалы – сәулеті жағынан алғанда еліміздің кешегісі мен бүгінін толық қамтыған сәтті жобаның бірі. Ел өткенін ұмытпайды. Бұл – келешек үшін де қажет дүние. Ұрпақ қаңтар қасіретінен сабақ алуы тиіс. Ел амандығы, жұрт тыныштығы қымбат! Еліміздің басына мұндай қайғы қайтып орнамасын! «Тағзым» мемориалы халықтың рухын көтеріп, жас ұрпақты жігерлендіретін алып кешенге айналары сөзсіз.   Мейіржан ОТЫНШИЕВ, «AMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының атқарушы хатшысы:

Қаңтар қасіреті ауыр әсер қалдырды

– Осыдан бір жыл бұрынғы дүниені дүр сілкіндірген қаңтар қасіреті бар­лы­ғымыз­ға ауыр әсер қалдырғаны сөзсіз. Қаң­тар оқиғаларының куәгері ретінде әрбір алматылыққа азаматтарымыздың ерен ерлігінің естелігі мәңгі сақталуы керек. Қаңтар құрбандарына арналған «Тағ­зым» мемориалының ашылып, бой көтеріп жатқаны да сол күннің бір белгісі. Тарихы­мыз­дың бұл парағын жас ұрпақтың жүре­гін­де сақтауы аса маңызды, оның жауап­кершілігі де зор. Бұл ескерткішке қарап-ақ бейбіт өмірдің бағасын бағамдарымыз анық. «Тағзым» мемориалын көргенде енді мұндай қайғылы жағдай орын алмасын дейтін үміт оты мен ақ ниет туады. Біз тыныштықты ту еткен халықпыз. Ата-бабамыздың да ғасырлар армандағаны бейбітшілік болған. Осы баға жетпес тыныш заманның ғұмырлы һәм тұғырлы болғанын тілейік, достар.   Абзал ҚҰСПАН, адвокат:

Мұндай оқиға қайталанбасын деп тілейік

– Мен өзім бүгін мемориалдық кешеннің ашылуы рәсіміне қатыстым. Осы жерде екі нәрсені айтып кеткім келеді. Біріншісі – осыдан бірнеше ай бұрын менің кеңсеме осы Қаңтар оқиғасы кезінде жақындарынан айырылып қалған бірнеше кісі келіп, дәл осы мемориалдық кешен ашылып жатқан жерден осындай бір еске алатын орын ашу туралы билік орындарына хат дайындауға көмектесуімді сұраған болатын. Мен өз тарапымнан қажетті құжаттар мен тиісті хатты дайындап берген едім. Бүгін өздеріңіз көріп отырғандай, аз ғана уақыт ішінде осындай кешен бой көтеріп отыр. Бұл жерде сол азаматтардың арман-тілегімен биліктің әрекеті үндестік тапқандай әсерде болып тұрмын. Екіншіден, менің бар ойым бұл мемо­риал арада сан ғасырлар өткеннен кейін де болашақ ұрпақтарымыз «2022 жылдың қаңтар айында елімізде осындай оқиға болған екен ғой», – деп қана еске алатын орын болып қалса екен деймін. Бір сөзбен айтқанда, мұндай оқиға елімізде қайта­ланбаса екен деген тілектемін.   Жанат АЙТІЛЕУ, Сәулетші, «Тағзым» мемориалын орнату жөніндегі республикалық және қалалық комиссияның мүшесі:

Елдік болмысымыздың белгісі

– Бұл ашылып отырған мемориалдық кешеннің маңызы өте зор. Біріншіден, осы бір ауыр күндерде өмірден өткен азамат­тарымыздың аруағы алдындағы азаматтық, елдік борышымыздың белгісі деп айтар едім. Екіншіден, мұндай орындар алдағы уақытта біздердің тарихтан сабақ алуымыз­ға септігін тигізеді деп санаймын. Себебі осындай еске алу мемориалдарын көріп өскен ұрпақ осындай жағдайлардың орын алмауына бар күш-жігерін салады деген ойдамын. Бұл мемориалдық кешеннің сәулеттік композициясына келер болсақ, бұл кешен бірнеше тақтадан құралған. Ол тақталар­дың бір бөлігі қара түсті, екінші бөлігі ақ түстен тұрады. Қара түсті тақталар оқиға болған қаралы күндерді айтып тұрса, ақ түсі біздің еліміздің болашағы осы тақталар түстес ақ және ашық, бейбіт болатынын бейнелейді. Ал тақталар бетінде арғы тарихымыздағы Күлтегін бабамыздан бастап Абай, Жұбан Молдағалиев, Ілияс Жансүгіров, Сұлтанмахмұт Торайғыров сияқты қазақ халқының көрнекті ұлдары­ның ұлағатты сөздері жазылған. Бұл тасқа қашалған сөздер халқымыздың мәңгі рухын көтеріп, жас ұрпақты жігерлендіріп тұрады деп ойлаймын. Жалғыз тілек, халқымыздың басына мұндай қаралы күндер енді қайтып келме­сін деп тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Алматы қаласы