2022 жылғы Қатардағы әлем чемпионатының аяқталғанына бір аптаға жуық уақыт болды. Өткен күндері ФИФА жаңартылған рейтингті ұсынса, бүгін әлем чемпионатында бақ сынаған ұлттық құрамалардың қанша сыйақы алатыны белгілі болды. NBC Sports мәліметінше, турнирге қатысушы елдер үшін ФИФА 410 млн еуродан астам қаражат бөлген, ол команданың жарыс жолын қай кезеңде аяқтағанына байланысты беріледі. Әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алған, алайда топтық кезеңнен әрі аса алмаған құрамалар 8,5 млн еуродан алады, олар: Қатар, Эквадор, Уэльс, Иран, Мексика, Сауд Арабиясы, Дания, Тунис, Канада, Бельгия, Германия, Коста-Рика, Сербия, Камерун, Гана мен Уругвай. Доп додасындағы жарыс жолын 1/8 финалдан аяқтаған АҚШ, Сенегал, Аустралия, Польша, Испания, Жапония, Швейцария мен Оңтүстік Корея құрамаларының еншісіне 12 млн еуродан келеді.