Қазіргі ұстаздардың кейбірі «боевик» болып кеткен бе деп қаласың. Оқушы қит етсе, жұдырығын ала жүгіреді. Баяғының молдаларына баласын берерде әкесі: – Молдеке, еті менікі, сүйегі сіздікі», – дейді екен. Соны жаттап алған ба, Жаңаөзендегі нөмірі бесінші мектеп гимназиясының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі оқушыларға төне түсіп:
– Түзу тұрыңдар! –деп бұйырды
– Ағай...
– Сөйлеме!
– Ағай...
– Ағай деме,
– Апай.
– Апай емеспін.
– Көке.
– Көкең де емеспін!
– Әжетханаға шығып келейінші?
– Өлмейсің!
– Ағай деймін
– Шыда!
– Туу.
– Туу деме! – деген ол оқушының басына салып қалды.
– Ағай, ұрмасаңызшы?
– Немне, басың домалап түсіп қалды ма?
– Ауырды ғой.
– Сипалайын ба, енді?
– Ұруға қандай қақыңыз бар, ағай?
– Сен сөйлеме! Араға түспе! – деген оның да басынан салып қалды.
– Ағай, тағы ұрыңызшы?
– Неге?
– Келесі сабақта ұрмайтын боласыз. Алдын-ала..
– Жап аузыңды!
– Аузым азық-түлік дүкені емес.
– Не деген қиқарсың, а? – деген ол оқушының иығынан төмпештей жөнелді.
Не деген «боевик» ағай еді? Ал, Шымкенттегі мұғалима оқушысы мектепке формасыз, көк джинсимен келгені үшін ашуы аспаннан құлап түскендей болды.
– Мектеп формасымен неге келмедің? – деп сұрады ол.
– Апай, мамам жуып қойған еді.
– Әйтеуір, сылтауың көп.
– Шын айтамын.
– Сөйлеме!
– Енді апай, жауап берейін де?
– Сабақта да, осылай тақылдамайсың ба?
– Апай...
– Апай деме!
– Әже.
– Міне, саған әже! – деген апайы бесінші сыныптың оқушысының білегіне қаламсабын қатты батырып жіберді.
– Ойбайй, аппай!
– Айқайлама!
– Ауырып кетттііі!
– Өлмейсің!
Міне, бүгінгінің ұстаздары осындай. Ұстаздардың ұяттары ұйықтап қалған...