Тап қазір ыңғайсыз жағдайда,не істерімді білмей үйде жер шұқып отырмын.Сыртқа тек түн ортасында шығамын. Неге дейсіздер ғой? Оқиға осыдан алты ай бұрын былай өрбіген еді. Дүкенге нан алуға барсам сатушы тілін шайнап орысша жауап береді. Сөзге келіп қалдым. Әбден зықымды шығарды. Сонда, менің түрім орысқа ұқсай ма? Бұл бірінші рет емес, ауырып дәрігерге қаралдым. Дүкендегі күйді кештім. Ешкім қазақша сөйлемейді. Көшеге шықсам болды жұрт «привет» деп амандасады.Кеше біреу «түрің онша емес» дейді. Шаршап кеттім. Намыстанып пластикалық ота жасайтын хирургке бардым. Қазақша біледі екен. – Менің бет-пішінімді өзгертіп беріңізші, өтінем-дедім. – Кімге ұқсағың келеді? – Ресей әншісі Николай Басковқа. – Неге? – Бәрі маған орысша сөйлейді. – Ау,сен қазақ емессің бе? – Білемін. – Ұлтыңды сатпа-деді. – Бір дұрыс адам болса дегенім ғой... – Суретін әкеліңіз-деді дәрігер.Содан үйге барып ойға кеттім.Әуелі қазақ эстрада жұлдыздарынан бастадым.Әйелімнен кеңес сұрадым. – Қайрат Нұртас қалай болар екен? – Ол жас қой,Қайрат не теңің?-деп, қатын шар ете қалды.Білем,қызғанып тұр.Жас болғанымды қалмайды. – Енді кім? – Құдайберген Бекішев. – Қой,рахмет. – Ақжол Мейірбеков ше? – Сен қатын,жасы келгендерге жабысып қалдың ғой. Парвиз Назаров қалай болады? – Оның әндері қазір хит емес.Оданда Заттыбекті таңда-деді. – Заттыбек болғаннан Нұрлыбек болып жүргенім жақсы-деп қарсылық таныттым.Кешке дейін есімі әйгілі ақын,әнші, әртістерді,ортаға салдық.Әйеліме ешкім ұнамады. – Қазір дені дұрыс танымал адам қалмады-дейді. Біреулерді сатқын, алаяқ, намыссыз-деді. – Елге белгілі депутат бар еді-деп едім. Ол қолын бір сілтеп былай айтты: – Әртіс пен депутатты не қыласың, екеуінің еш айырмасы жоқ.Оданда осы ауданға іскер әкім келді.Түрі әдемі-ақ. Сүйкімді.Сен сияқты қысық көз емес.Соған ұқсасаң жаман болмайсың-деді.Әйелім бастық көрсе есі кетеді. Амал жоқ суретін тауып алып дәрігерге бардым. Операция сәтті шықты. Мені әкімнің «двойнигі» десе болады. Аумай қалдым. Көшеде бәрі «ел ағасы» деп танып амандасады. Қай есікті қақсам да шаруам тез шешіледі.Қатын мәз. Бақытты өмір енді басталды.Аудан басшысының туған ағасы сияқты болдым. Бір күні үйге келсем әйелім жылап отыр. – Амашылық па? – Біздің әкім үлкен көлемде мемлекеттің қаржысын жымқырып ұсталып кетті-деп төбеден түскендей қойып қалды. Денем дір ете қалды.Туған інім шаталғандай күй кештім. Біздің қатынның мақтап,сенім артып жүргені осындай болып шықты.Таңертең көшеде кетіп бара жатыр едім бір әйел айқайға басты: – Халайық,мына әкім ауданның барлық қаражатын жеп кетті-деп маған қарай сұқ саусағын шошайтты.Дауыс етті. Жұрт елең етіп жалт қарады. – Мен әкім емеспін-дедім. – Мынау мойындамай тұр. Кеше теледидардан айтты ғой. – Кешіріңіз, шатасып тұрсыз басқа адаммын -деп,бетімді қолыммен көлегейлеп едім,әлгі әйел жағама жабысты.Бір топ кісілер жұлмалай бастады.Тұра қаштым. Көшедегі барлық жүргіншілер соңымнан қуып келеді. Бір жас жігіт жүгіріп жетіп алды. Теуіп-теуіп тезегімді шығарды.Содан еңгерзедей үш жігіт күректің сабымен тура «Қыз Жібек» киносындағы Бекежанды үш найзамен жерге қадағандай көшеде тізерлетіп байлап қойды. Масқара,жұрт бетіме түкіруге кезекке тұрды. – Жегенің желкеңнен шықсын,тфу-деп,бір әже бетіме былш еткізді. – Халықтың ақшасына қақалып өл-деді манағы әйел түкіріп тұрып. – Ұятсыз,тфу... – Тамағыңа шөп кірсін,тфу. – Дүзқара,тфу... – Тфу,тфу... Көшеде бетіме түкірмеген жан қалмады.Бір оңбаған қақырып кетті.Үйге бет-аузым түкірік-түкірік болып еңбектеп әрең жеттім. Бірақ,менің не кінәм бар? Бес күн болды дүкенге нан алуға шыға алмай отырмын. Ел «жексұрын,жемқор» деп бетіме басады.Енді не істеймін?Түрімді өзгерткенім тіпті басыма пәле болып жабысты. Ақыр аяғында бетсіз қалдым. – Қап мұны білгенде есекке ұқсағаным жақсы еді...
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН