Дүкендерден қара бұрыш пен дымқыл салфеткаларды, тоңазытылған балықтарды көрген сайын бұдан бірер жыл бұрын болған сол бір әңгіме еріксіз есіме есінетіп түседі. Алматыдан шығып, әйгілі «Сегіз көл» демалыс аймағына жақын маңда тұратын туыстарыма келе жатқанбыз. Біз мінген көлік Құлжа тасжолының бойымен келіп, былайғы жұрт «Төңкеріс бұрылысы» атап кеткен жанама жолға түскен сәтте, екі жолдың түйіскен жерінен бір бойжеткен көлікті құшақтай алатындай, қол көтерді. Тоқтап, жөн сұрастық. Біз баратын ауылға көршілес ауылдардың бірінде тұрады екен. Жол қысқарсын деп аз-кем әңгімеге тарттым.
Жаңа ол көлік тоқтатқан жерге қарсы бетте, жан-жағы қоршаулы, сұрғылт түсті елеусіздеу ғимарат тұрған. Жұмыс іздеп жүріп, аялдамаға жапсырылған хабарландыру бойынша, ойда-жоқта сол ғимараттың ішіне тап болыпты. Бастығы – түрі түрік тектес, қас-қабағы қап-қара басқа ұлттың адамы екен. Ешқандай құжат сұрамастан, сұрақтармен қөұлағын «бұрамастен», бірден дымқыл салфетка жасайтын цехқа жұмысқа алыпты. Цех деген аты ғана болса керек. Орасан үлкен шұңғыл ыдыста хош иісті сабынды су құюлы тұрады екен. Содан, үздіксіз шұбатыла шығып жатқан сулы шүберекті қыз-келіншектер тез-тез қиып алып, «балаларға», «әйелдерге», «терісі сезімтал адамдарға арналған» түрлі қаптамаларға қолдары жып-жып ете салып жатыр екен. Өзі талай рет дүкендерден сатып алып, қолданып жүрген нәрсесінің осылай жасалатынын көріп іштей таңғалғанымен, амалсыз тілін тістейді.
Күні бойы тікесінен тік тұрып, жұмыс істеген ол (тізе бүгіп отыруға, түшкіруге, жөтелуге рұқсат жоқ екен), әбден діңкесі қатқасын, екі-үш күннен соң, қасындағы қыз-келіншектерден: «Осында отырып істейтін жұмыс бар ма?» деп сұрайды. «Бар. Мына көршілес цехтағылар жұмысты отырып істейді. Олар упаковкаға қара бұрыш салады. Жұмыстары ауыр емес. Бірақ, ол жерге үндемейтін, көп сөзбен ісі жоқ, «анау неге олай?», «мынау неге былай?» деп сұрамайтын өте жуас адамдарды ғана алады», – дейді бұрыннан жұмыс істеп жүрген, «сөз қуған» біреуі.
Бұл ыңғайы келсе, сол жерге ауыспақ болып, көршілес цехқа барады. Жұмыстан бас көтермей жанталасып жатқан ылғи қыз-келіншектерді көреді. Бәрінің қастарында қос-қас қап тұр екен. Сол қаптардан қасықтап алған екі түрлі ұнтақты қағаз қаптамаларға араластыра салып жатыр. Жақын барып қараса, бір қапта – ұнтақталған қара бұрыш, бір қапта – құрғақ «манная крупа». Көріп, шошына жағасын ұстайды. «Бұларың не? Адамдар адал ақшасына сатып алады. Обал емес пе? Ұяттарыңыз ұйықтап қалған ба?» – деп айта алмай, тілін тістеп, қанатып жібере жаздайды. Өйткені, нан табу үшін шаққа тырнақ іліндірген жерден кетуге болмайды. «Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» деген тура маған айтылса керек.
Амал жоқ, қайтадан дымқыл салфеткалар қаптайтын цехына қайтып барады. Бүгін енді аяқ астынан электр жарығы өшіп қалыпты. Бұларға басшылары уақытты босқа өткізбеу үшін, цехтың ішін тазалатып, есік-терезесін жуғызады, ауланы сыпыртады. Электр тоғы қосыла қоймайды. Кәсіпорын басшысы енді оларды үйлеріне ертерек жіберудің орына, іші шаң-шаң, түрлі заттар үйіліп жатқан үлкен қойманың ішін тазалауға жұмсайды. Таза киіммен жұмысқа келген қыз-келіншектердің кейбірі, (ішінде бұл да бар), қоймаға барудан бас тартады. Жаңа жұмыс соңында бастық оларға: «Енді жұмысқа келмеңіздер! Сіздер боссыздар!» – деп, азын-аулақ тиын-тебендерін қолдарына ұстатқан екен...Соны естіп, өз елі, өз жерінде құлақ кесті құл құсап, келімсектер не істесе де, олардың заңсыз істеріне көз жұма қарап, бәріне үнсіз көніп отырған құзырлы органдардың құлақтары құрттап, көздері көрмей қалған ба дейсің.
– Енді не істейсіз? Қайда барасыз? – дедім оған жаным ашып, жылағым келіп кетті.
– Бірге істеген бір әйел: «Байсерке» жақта логистикалық складтардың бірінде жұмыс бар деген. Ертең соған барамын.
– Не жұмыс екен?
– «Ейвон» деген фирманың срогы асып кеткен нәрселерінің сыртындағы цифрларын өшіріп, басқасын жазасың деді ғой. Қиын емес сияқты. Бірақ ақшасы да «мысықты миялатуға жетпейтін» шығар... Не болса да бара көрермін, – деді ол күрсініп.
– Қайда барсаң да, адамдарды алдап, алаяқтық жолмен ақша табатындар көбейіп, «ұрықтанып» кетті ғой, – деп көлік жүргізуші жігіт сөзге араласты: – Сіздер бара жатқан ауыл маңында жекеменшік біреу балық өсіріп, балық сатады. Менің бір бауырым бұрын сонда жұмыс істеген. Оған не істеткенін білесіздер ме? – деп жүргізуші бар денесімен бізге бұрылып, сұраулы жүзбен қарады.
– Балықты «шешіндірген» болар? – дедім мен.
– Шешіндіргені неі? – деп қалды жолаушымыз.
– Қабығын аршыды ма дегеніми...
– Үлкен-үлкен балықтардың майлы төс етін кесіп алып, біраз уақыт соны «морозильникке» салып қояды екен. Сосын, ол тоңдап қатқасын, қайтадан алып, мұздай суық суға біраз уақыт малып, қайтадан сонда салады екен. Сөйтіп, 5 кг балық еті қашан 10 кг тартқанша қайта-қайта суға малып, қатыра береді екен... – деді ол ызалы үнмен.
– Ой, сұмдық-ай, сонда біз жарты ақшамызға мұз сатып алып жүрміз бе? – деп көліктегі жолаушылардың бірі ышқынғанда, ішегі бырт етіп, үзіліп кете жаздады..
– Оның несіне шошынасыз? Тоңазытылған тауық еттерінің де тең жартысы мұз емес пе, ерігенде көл-көсір су болады... – деді қасымда үнсіз отырған қыз.
Құдайым-ау, біз қайда барамыз? Жаңа Қазақстанға осындай аплаятармен бірге барамыз ба? Олар\мен біргее өмір сүргім келмейді. Тағы да айтамын, құзырлы органдарда істейтіндердің, құлақтары құрттап кеткен бе? Есітмейді ме?