Жазда жақын ағамның қызы тұрмысқа шықты. Салт-дәстүр бойынша қыз алған жақ «ынтымақ шәйға» шақырды. Бас құда – мен. Қасымда жеті адам бар. Уақытында жетіп бардық.Қыз берген жақ ша-малы шіреніп кешігу керек екен ғой. Ол ойға келмепті. Құдалар алды-мыздан шығып жақсы қарсы алды. Төрге құс жастыққа жантайып жайғастық. Үй иелері өте байсалды болып шықты. Дастархан басында үнсіздік. Асаба алдырмапты. Қонақтар ұялы телефондарын шұқып әуре болып отыр. Бас көтеруге мұршалары келмейді. Бір әйел есі кетіп «соткамен» ойынды қыздырып жатыр. Құдалықпен мүлдем ісі жоқ.
– Ал, хош келдіңіздер! – деді құда қызара бөртіп. Ешкім көңіл аудармады. Екі жақ телефоннан көз алмайды. Қасыма бірге еріп келген жеңгем айтты:
– Давайте, осы отырысқа ватсаптан группа ашайық, – деп, төбеден түскендей қойып қалды.
Жан адам қарсы болмады. «Тәкібайдың үйіндегі құдалық» группасы ашылды.
Құдағи:
«Дастарханға ет келе жатыр», – деп жазып жіберді. Бәрі үндемей қолдарын жуып келді.
Құда:
«Басты Нұрекеңе тартамыз».
Мен:
«Рахмет!» – дедім.
Алдыма қойдың басын әкелді. Алғаш рет ұстап тұрмын. Екі құлағын кесіп екі балаға ұстаттым. Оң көзін ойып құдамның ағасына бердім. Ол:
«Нұреке, ұстап отырғаның соқыр қойдың басы ма? – деп жазып жіберіпті. Үңіліп қарасам, пышақпен көзін алғанда қарашығы ағымен қоса ұяшығының ішінде қалып кетіпті. Группадағылар күліп тұрған «смайликтер» жіберіп жатыр.
Ватсап арқылы танысып алдық. Бір қонақ жайына қарап отырмай, чатқа қорқынышты видео жіберіпті.
Қасымда отырған жеңгем баж ете қалды. Қолындағы бір кесе сорпа көрпеге төгіліп қалды. Енді бір қонақ шамасы бизнес жасайды-ау, «жіліктеп сиыр еті сатылады», – деп, жазып жатыр. Артық әңгіме жоқ. Тілектер де ватсапқа жазылады. Тек, стақандар түйістіріледі. Бұл бір үлкен жаңалық болды. Төрде бойдақ құдаша отыр. Оған қарама-қарсы жездем жайғасыпты. Арасында көзін сүзіп қояды. Алаңғасар нағашы апам түк сез-бейді. Бір кезде жездемнен:
«Құдаша, ертең қолың бос па?» – деген хабарлама келді. Түйенің жарты етіндей апамның қабағы түйіліп, жұдырығын түйді. Жездем сасып қалды. Құдашаға жекеге жазамын деп құдалықтың көпшілік ватсабына салып жіберіпті. Енді оған обал болды. Нағашы апам аямайды.
Құда бала:
«Ресейде халық көтеріліп жатыр», –деді.
Ешкім үндемеді.
Көрші келіншек ортаға адам шошитын заң тармақтарымен бөлісті. Ватсапта отырғандар қонақтықты ұмытып кетті. Заңды талқылап шулай жөнелді.
«Ау, тоқтаңдар біз Тәкібайдың үйінде құдалықта отырмыз», – деп, біздің қатын жазбағанда бұлар бірден осы үйден әкімшіліктің алдына барғалы жатыр еді.
Ең қызығы, қыз алған жақтан келіп отырған сары шашты бойдақ келіншек лүпілдетіп жүректер жіберді.
Күйеуімен келген әйелдер ернін шығарды. Әлгі келіншекті ватсапта бұғаттап тастады.
Телефон шұқумен «вечер» аяқталды.
Құдағи:
«Бата», – деп жазды.
Құда:
«Кім береді?»
Ватсаптағылар:
«Жасы үлкені берсін»
«Бәрі жас сияқты».
«Шашы ағарғандар ма?»
«Жоқ,бояп алыпты»
«Ой, зачем бата»
«Қазақ ұлтының салт-дәстүрі ұят емес пе?»
«Біз қазақпыз».
«Дұрыс».
Осылай хабарламалар бірінен-соң бі-рі келіп жатыр.
Ортамызда көпті көрген кісі отыр.Самайына ақ түсіпті. Ол ватсапқа мүл-дем кірген жоқ. Сол адамнан бата сұра-дық. Құданың досы екен. Дастархан үс-тіне көзін бір сүзді де:
–Бірінші бердің ет,
Мұратыңа жет.
Екінші бердің шәй,
Көңілің болсын жәй.
Үшінші бердің балық,
Аман болсын халық.
Төртінші бердің арақ,
Үйіңнен үзілмесін қонақ.
Бесінші бердің... – деп, әлгі кісі дастарханға қарап сәл ойланып тұрып қалды.
Сол кезде жеңгем:
–Колбаса, – деді.
– Бесінші бердің колбаса,
Бұл отырмақ далбаса.
Әумин! – деді.Қонақтар ду күлді.
Құдалық керемет өтті.
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы