Әйелі күйеуін тамаққа шақырып еді, ол жынданып отыр екен. Орнынан ұшып тұрып, ары-бері жүрді. Жұдырығын түйіп, қабырғаны соққылады. Көздері түсіп қалардай, алайып кеткен. – Әй, не болды саған? – деді әйелі. – Мені маймыл дейтіндей, мені мал дейтіндей кім ол? – Бәсе, кім ол? – Е, қайдан білейін? – Білмесең, көрмесең, неменеге ашуланып, айдан секіріп кеткендей болып жүрсің? – Е, мына Еркебұлан Қиясов деген біреу. – Ол кім? – Білмеймін. – Білмесең неге ашуландың? – деп сұрады әйелі. – «Фейсбуктегі» парақшама «Кеше тойда дірілдеп биледім» деп жазғанмын ғой. Видеомен. Соның астына коммент жазыпты: – «Е, маймыл, мал, тойда дірілдеп билеген неңді алған? Осы сендер сияқтылар билеген осы екен деп, далбасалап кетті!». – Ох, оңбаған! Менің күйеуімнің билегенінде қандай қақысы бар екен, и? – Мен сосын: «Маймылдың жиені! Аузыңды құлыптап, тыныш отыр!» – деп жазып жіберсем... – Ия? – «Сен сияқты сүмелектерге уақыт жоғалтпаймын!» – деп жазыпты. Сосын, көпке дейін жазбай қойды. Парақшасына кірсем, асаба ма, біреу әйтеуір. – Банға жібермедің бе? – Бан түгілі баняға да жібере салғым келіп тұрған. Тағы не жазады деген қызығушылық болды ғой менде. Бір кезде, тағы жазды: Шіріген біреусің ғой сен. Интернетті сасытып. Иістеніп кетіпсің. Тойда анайы билеген бейнеңді тез өшір!» – депті. – Ой, оңбаған. Бұйрық беретіндей ол кім еді сонша? – Ия, өзінше. Мен де қатырып, тіпті одан асырып жазып жібердім: «Ал сен менің сол сасығымды иіскеме! Аузыңды жауып өтіп кет. Оқығың келмесе, көрпеңді бүркеніп, қатының-ның жанында жатып ал! Менде шаруаң болма-сын! Не жазсам да, өзім білемін». – Ол не деп жазды? – «Адам емес екенсің» дейді. – Банға тығып жіберсеңші. – Тығып тастайын десем, онымен ұрысқым, тіпті, өзін дуэльге шақырғым келіп кетті. Сосын, былай жазыпты: «Е, мал, бір «удардан» қал-майсың ғой!» депті. Мені төбелеске шақырып жатыр! – Барма! Шидейсің. Дәу біреу болса, қар-нымен-ақ, мыжып өлтіріп кетер! Құрысыншы! – Сосын мен: «Қай жерде кездесеміз?» – деп сұрап жаздым. – «Моланың жанында» депті. – Е , неге мола жанында? – деп сұрап жаздым тағы да. – «Сені өлтіріп, молаға көме салайын деп едім», – депті. Әйелінің қызығын көрмегір! – Жексұрын екен. Іші пысып отырған біреу болды ғой. Қазіргі еркектер әйелден озған ұрысқақ. – Әйелдерің де оңып тұрған жоқ. – Е? – Бір әйел оны жақтап жазыпты: «Осындай жексұрындардың постын оқығым келмейді», –деп. Ой, жынымның келгені. Сосын, сол қа-тынмен ұрысып, жаздым: «Кетші бар, құйысқанға қыстырылмай! Осы интернетте тек ажырасқан әйелдердің бәрі отыр. Ойына келгендерін жазып. Әжетханаға барып келгенін де жазады. Ажырасқандар алаңы болды бұл «Фейсбук!» Мен жазсам, тойдағы қуанышымды бөліскім келді. Сенің не шаруаң бар, сайқал?». – Оған не жоқ десеңші? – деді әйелі де ашуланып. – Білмеймін ғой. «Сайқал» деп едім, ал кетті дейсің. Қарғап жатыр, қарғап жатыр. – Қарғысы кілт бұрылып, өзіне барсын! – Сосын мен: «Кімнің қатынысың?» – деп жаздым. «Жұмысың болмасын!» – деді ол. «Күйеуіңнің сілтемесін жіберші, «Қатыныңа абай болшы!» – деп жазайын» десем, мені банға тығып тастапты! Міне, құрметті оқырман, осылай бірін-бірімен «атысып», шатысып, балағаттасып жатқандар көбейді. Интернетте иман қалмады. Имансыз интернетке айналып, иістеніп барады. Оны айтасыз, анабір «ТикТок» деген пәлені көрсең шошисың. Жалаңаштанған қазақ қыздары эфирге шығып, құйрықтарын бұлғаңдатып... масқара енді. Бұрын батыс елдерінің әумесерлері жалаңаштанса, «Е, батыс қой» – дейтін де қоятынбыз. Енді, қазақ қыздары батысты басып озып барады. Сол қара көздеріміздің ағасы, ата-анасы жоқ па деймін? Туыстарынан, достарынан ұялмайды ма деймін? Таза жетім қыздар ма? Түсінсем, тілім тесік болсын! Мен ғой.