Жақында Германия келер жылдың басында ресейлік мұнайды сатып алудан бас тартып, орнына Қазақстанның шикі мұнайын импорттауға ықыласты екенін мәлімдеді. Дегенмен бұл оңай іске асар шаруаға ұқсамайды. Өйткені еліміз мұнай тасымалдауда солтүстіктегі көршісіне тәуелді. Мұндайда қарсы тарап өз мүддесін оңай бергісі келмейтіні анық. Қазақ мұнайына немістердің назары ауды Кәрі құрлық экономикасы Кремль геосаяси қақтығыстарға араласқаннан соң осы жылдың соңына дейін Ресей мұнайының импортын тоқтатуды жоспарлаған болатын. Әйтсе де, ресейлік мұнай құбыры операторларының атқарушылары 2023 жылдың бірінші тоқсанына шикі мұнайды жеткізуге батыс елдерінен сұраныс түскенін хабарлады. Көп ұзаған жоқ, Bloomberg Германияның Экономика және климатты қорғау министрлігі Шведт пен Лойндағы мұнай өңдеу зауыттары келесі жылға Ресейден мұнайға тапсырыс бермейтінін, Қазақстаннан мұнай айдауға өтінімдер берілгенін жазды.
«Германия Ресейдің шикі мұнайына тапсырыс берді деген қауесеттер шындыққа жанаспайды. Лойн мен Шведт қалаларындағы мұнай өңдеу зауыттарындағы мұнай өндіруші компаниялар енді жаңа жылда ресейлік шикі мұнайға тапсырыс бермейді», – деп жазылған мәтінде.Ал Deutsche Welle басылымы ГФР экономика және климатты қорғау министрлігінің баспасөз референті Су занна Унградтың мәселеге қатысты жауабын келтіріпті. Ол Шведтегі Raffinerie зауытының меншік иелері Қазақстан өкілдерімен келіссөздерінің нәтижесінде бұл МӨЗ қаңтар айынан бастап «Қазақстан мұнайы үшін мұнай құбыры жүйесінің («Транснефть») тиісті қуаттарын брондағанын» жеткізіпті. Яғни, әзірге мұнайға тапсырыс берілмеген, тек тасымалдауға арналған қуаттарды брондаған. «Транснефть»-тің «Дружба» құбыры арқылы тасымалдайтын мұнайы Польша арқылы транзитпен өтеді. Ол француздық Total Energy s концерніне тиесілі Лойндағы және ресейлік «Роснефть» компаниясына, Британдық Shell мен итальяндық Eni компаниясына тиесілі, бірақ қазіргі уақытта Германия мемлекетінің басқаруында тұрған Шведтегі зауыттардың иелеріне сілтеме жасаған. Олар қазір Гданьск (Польша) және Росток (Германия) порттары арқылы қолда бар мұнай құбыры жүйесі мен осы МӨЗ-ді шикізатпен қамтамасыз етуді көздеп, ұзақмерзімді келісімшарттар туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлайды. Міне, осы тұста Сузанна Унград қазақстандық шикі мұнайды тұрақты сатып алу туралы келіссөздер жүріп жатқанын мәлімдеген. Сондай-ақ «қаңтардан бастап Росток портынан мұнай құбырын пайдалануға алдын-ала тапсырыс берілгені» айтылған. Ресей жағы рұқсат етпей ме? Сонымен бұл дүние әлі жоспар күйінде. Бұдан соң «ҚазМұнайГаз» мұнай экспорттау мәселесі бойынша келіссөздер жүргізген. Оның Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев ГФР экономика және климатты қорғау істері министрлігінің парламенттік статс-хатшысы Михаэль Кельнермен және Астанада Германияның Бундестаг депутаты, Cолшылдар партиясының парламенттегі өкілі Кристиан Гёркемен кездесіпті. Тараптар Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына Қазақстан мұнайын экспорттау мәселелерін сөз еткен. Гёркенің айтуынша, зауыт – Германияның шығысындағы Бранденбург федералды штаты экономикасының күретамыры. Бундестаг депутаты «Дружба» мұнай құбыры арқылы Қазақстан шикізатын тұрақты түрде жеткізуге қызығып отыр. Мырзағалиев болса Қазақстан мұнайын аталған мұнай құбыры арқылы Германияға экспорттау мүмкін екенін, алайда келісімшарт және техникалық проблемаларды шешу қажеттігін атап өткен.
«ҚМГ-нің мұнай өндіруші ұйымдарының шикізаты Қазақстанның ішкі нарығына мұнай өнімдерін жеткізу жөніндегі міндеттемелерді орындау үшін отандық мұнай өңдеу зауыттарына жіберіледі. Ал ҚМГ мұнайының экспортқа шығатын көлемі бірыңғай жүйелік трейдер — KMG Trading мекенжайына жеткізіледі, ол алдымен «ҚазМұнайГаздың» Румыниядағы мұнай өңдеу зауыттарының қажеттілігін өтейді. Экспортқа арналған мұнайдың қалған көлемі ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша сатылады. Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» Германияға сынақ ретінде мұнай партиясын 2023 жылдың қаңтар айында жөнелту мүмкіндігін қарастырып жатыр», – деген Мырзағалиев.Шведт қаласында орналасқан мұнай өңдеу зауыты жылына 10 миллион тоннадан астам шикі мұнайды өңдеуге қауқарлы, Берлин мен Шығыс Германияның көп бөлігін отынмен қамтамасыз етіп отыр. Ал Қазақстан осынша көлемді қара алтынды жеткізе ала ма? Басты мәселе мынау: «Транснефть» ресми өкілі Игорь Демин ТАСС-қа Қазақстан өзінің мұнайын Германия бағытында айдау үшін жүгінбегенін айтқан.
«Бізде қазақтармен келіссөздер немесе қазақтардың қандай да бір жеткізу келісімшарты жасалатыны туралы ақпарат жоқ. «Транснефть» басшысы Николай Токарев бұл техникалық жағынан мүмкін екенін айтты, бірақ транзит туралы шешімді тек Ресейдің Энергетика министрлігі қабылдай алады. Бәрібір Ресейден Германияға жеткізілген шикізат көлемін Қазақстан алмастыра алмайды», – деп кесіп айтқан Демин.Әңгіменің ауанынан Ресейдің қазақстандық мұнайды тасымалдауға рұқсат беретін сыңай байқалмайды. Германияға Ресей мұнайын жеткізу жылына 19-20 миллион тоннаны құрайды, тағы 10 миллион Польшаға жеткізіледі. Ал Қазақстанның «Атырау-Самара» мұнай құбыры арқылы айдай алатын қосымша көлемі тек 3-5 млн тоннаны құрайды, сонымен қатар «құбырдың техникалық жай-күйіне» байланысты 7 млн тоннаға жетуі мүмкін. Игорь Демин Польша Ресей мұнайына қатысты келісімшартқа отырғанын жоққа шығара алмады, әйтпесе ол келісімшарт бойынша тұрақсыздық айыбын төлеуге мәжбүр болатын еді. Ресейдің орнына Қазақстанның мұнайын Германияға жеткізуде тағы бір қиындық бар – Беларусь транзиттің бірнеше есе азаюына байланысты өзінің «Достық» учаскесін уақытша жабуы мүмкін екен. Осы дүниелерге қарағанда Германияға қазақ мұнайын тасымалдау ісі аяқсыз қалса да таңғалмаймыз. Біріншіден, бұл мәселеде Ресейдің рөлі айқын сезіліп тұр, өз мүддесін оңай босатқысы келмейді. Екіншіден, саяси ахуалдарға қарамастан Германия шикі мұнайға мұқтаж екені даусыз. Ал мұны солтүстіктегі көршіміз тиімді пайдалануы мүмкін.