«Қасіретті қаңтар» оқиғасында талай отбасы қара жамылды. Бірі асыраушысынан айырылса, енді екіншісі бауыр еті баласын қара жердің қойнына тапсырды. Әрине, «тас түскен жеріне ауыр». Қаңтардың ызғары жұрт жүрегін аяздай қарығаны анық. Десе де, Үкімет тарапынан жапа шеккендер мен қаза тапқан азаматтардың отбасына барлық көмек көрсетілді. Жамбыл облысының тұрғыны Зарина Құлбаеваның жүрегінде қаңтардағы бүлік өшпес із қалдырды. Ол тәртіпсіздік кезінде отағасы, Тараз қаласы Полиция басқармасының 1-бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Рахат Сланбековтен айырылып қалды. Отан алдында берген антына адал болған Рахат Нұрлыбай қақтығыс кезінде оққа ұшып, көз жұмды. Сол күндерді Рахаттың әріптестері былайша еске алады.
– Кезекті жұмыс күні болатын. Бізге бейбіт митинг өтетіні, алайда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы тапсырма келіп түсті. Орталық алаңдағы наразылық шеруі бейбіт басталғанымен, қараңғы түсе басқаша сипат ала бастады. Әрине, біз шеруге шыққандарға күш қолданған жоқпыз. Керісінше, жиналғандарды сабырға шақыруға тырыстық. Бірақ жастардың бойында ашу-ыза басым болды. Әріптестерімнің ешқайсысында қару болмады. Себебі бізге оқ атуға рұқсат берілмеді. Осылайша, халықты сабырға шақырып жатқанымызда кенеттен атыс басталып кетті. Айналамда не болып жатқанын түсінбей қалдым. Орталық алаңда беймәлім біреулер бізге қарай оқ жаудырды. Тоқтамай атты. Сол сәтте менің арқама оқ тиді. «Рахат, Рахат арқам ауырып барады» деп әріптесіме қарасам, ол етпетінен жатыр. Тілге келмей жан тапсырды. Негізі, көлік ішінде үш адам болғанбыз. Машинаға бас-ағы 13 оқ тиген. Соның біреуі әріптесімізді ажал құштырды, – дейді Нұрсұлтан Қозиев.
– Мемлекет тарапынан барлық қолдау көрсетілді. Ешкімге айтар өкпеміз жоқ. Тағдырдың жазғаны солай болар. Рахат көз алдымыздан кеткенімен, жүрегімізде мәңгі қалды. Оның бейнесін әріптестері де ұмытпайды деп ойлаймын. Есімін естісем көңілім босап, жанарыма жас үйіріледі. Әрине, тірі адам тіршілігін жасайды ғой. Қазір Рахаттың артынан қалған бес баланы жетілдіріп, ешкімнен кем қылмасам дегенді ғана ойлап жүрмін. Көңіл бөліп, жолдасымды еске алып жатқан барша азаматқа алғыс айтамын. Ел басына енді мұндай күн тумасын. Халқымның, жерімнің аман болғанын тілеймін, – дейді марқұмның жары.Арада бір жыл өтсе де, Зарина Қайратқызына жолдасы Рахатты еске алып, отағасы туралы айту қиынға соғып тұрғанын біз де сезіндік. Қазір ана жүрек ең бірінші балаларының болашағына алаңдаулы. Ел үшін туған ердің артынан қалған перзенттері аман болып, әкесіндей қаһарман азамат болып өссін деп тілейміз!
Жамбыл облысы