Қарлы боран Ақмола облысында 30-дан астам автокөлікті жолда қалдырды. Республикалық маңызы бар жолдарда қалың қардың құрсауында қалып қойған ондаған автокөліктер құқық қорғау органдарының көмегімен ғана құтқарылды, - деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Әсіресе, соңғы түн жол үстіндегі жүргіншілер мен полиция қызметкерлерін қатты әбігерге салған. Қатты боранның салдарынан жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында республикалық маңызы бар жолдар жабылған. Дегенмен жолданған ескертулерге қарамастан жолға шығып кеткендер ауыр бейнетке душар болған.
Ақмола облыстық Полиция департаментінің деректеріне сенсек, тек соңғы 3 қаңтар күні Ерейментау қаласынан ғана жолға шығып кеткен 32 автокөлік құтқарылған. Жолдың жабылғанына әрі боранның үдеуіне де қарамай жолға шыққан жүргізушілермен полиция профилактикалық кеңес те жүргізіпті.
«Қазір «Атбасар – Астана», «Қарағанды – Астана» трассалары жабық қалған. Сонымен қатар «Астана-Павлодар» күре жолында да жабуға мәжбүр болған. Дәл қазір жабылған трассаларда 256 автокөлік кептелісте тұр. Оның 90-ы жүк көлігі және 166 жеңіл автокөлік. Біздің басты мақсат - жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Дәл қазір «Астана-Щучинск» тас жолын ашу жоспарланған. Көліктерді патрульдік полиция жасағы шығарып салатын болады, - дейді Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Аслан Қызбикенов.
Полиция қызметкерлері боран кезінде жылдамдық ережесін сақтап, арнайы қызметтердің жіберген хабарландыруларын елеместен жолға шығып кетуден сақтануды сұрайды.