Елордада іш жағы көрініп тұратын «мөлдір» қоқыс контейнерлері орнатылады
Елордада іш жағы көрініп тұратын «мөлдір» қоқыс контейнерлері орнатылады
© elorda.info
682
оқылды
Жақын уақытта Нұр-Сұлтан қаласында қоқыс салуға арналған «мөлдір» контейнерлер орнатылады. Бұл туралы бүгін Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаевтың халықпен есептік кездесуіне қатысқан елорда әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді, - деп хабарлайды Елорда Инфо. Есептік кездесу барысында аудан әкімінің баяндамасынан соң тұрғындар өз талап-тілектерін айтуға мүмкіндік алды. Солардың бірі, өзін Ғабдулғаппар Сыздықов деп таныстырған азамат қоқыс мәселесіне ерекше алаңдайтынын жеткізді. «ЭКСПО көрмесі кезінде әлемнің бізді табиғатқа жаны ашитын мемлекет ретінде танығанын қаладық. Сол уақыттары қоқысты сұрыптау, пластик пен қағазды бөлек тастау сияқты жақсы бастама көтеріліп еді. Өкінішке қарай, көп өтпей-ақ жұртшылық оны қайтадан естен шығарды. Қазір аулаларда әртүрлі қоқысқа арналған әртүрлі контейнер бар болғанымен, оны ескеріп жатқан ешкім жоқ: қағазды да, пластикті де бірге лақтырады», – деді Ғабдулғаппар Сыздықов есімді тұрғын. Мұның өзекті мәселе екенін астана әкімі Алтай Көлгінов те растап, өз кезегінде аталған проблеманы шешудің бір тәсілін айтты. «Біз жуырда ғана қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаратын полигонды сенімді басқарушылыққа алған компания өкілдерімен кездестік. Сонда қоқыс сұрыптау дағдысын қалыптастыру бойынша біраз ойланған едік. «Тәжірибе көрсеткендей, іш жағы көрініп тұратын «мөлдір» қоқыс контейнерлерін орналастырғанда, адамдар қоқыс сұрыптауға кәдімгідей үйренген. Өйткені ішінде тек пластик бөтелкелердің жатқанын көрген кісі оған қағаз тастауға болмайтынын түсінеді. Ал сырты жабық контейнерде жазулы тұрған ескертпені оқуға ерінеді де, қоқыс сұрыптауға құлықсыздық танытады», – деді ол. Сондықтан біз алдағы уақытта қанатқақты жоба ретінде астананың төрт ауданында қоқыс салатын «мөлдір» контейнерлер орнатуды ұйғардық», – деді А.Көлгінов.